ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН ЖАН

ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН ЖАН

Өзінің өнегелі еңбек жолымен халық құрметіне ие болып жүрген Ержан Үбәйдаұлы Уәйістің есімі облыс халқына етене таныс. Оның өмір жолы еліміздің өсіп-өркендеу кезеңімен тығыз байланысты. Өмір бойы елге қызмет етіп, өңіріміздің өркендеуіне, соның ішінде, рухани саласының дамуына сүбелі үлес қосып келді.

Бейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен қызметкерлері саналы ғұмырында сан алуан саланың дәмін татып, қиындық пен жақсы күндердің салмағын өмірімен таразылаған парасатты азаматты құрметті демалысқа салтанатты түрде шығарып салды.

– Ұзақ жылдар бойы елге қызмет еткен Ержан Үбәйдаұлы облысымыздың әлеуметтік-экономикалық, рухани дамуына қосқан үлесі зор. Қызмет атқарған барлық жерде де өзінің іскерлігін, шеберлігін, адал қызметкер, ұйымдастыру қабілеті жоғары басшы екендігін дәлелдеп, қызметі Елбасы, Үкімет және облыс басшылығы атынан лайықты бағаланды. Зейнетке шыққанымен, алдағы уақытта қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жиған тәжірибесі және тәлімімен бөлісіп, жанымыздан табылады деп сенеміз. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз! - деп облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы абырой мен бедел иесіне Алғыс хат тапсырып, қазақы дәстүрмен сый-сияпат жасады.

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы Сейілбек Шаухаманов және басқарма басшылары мен қызметкерлері де Ержан Үбәйдаұлының өмірі мен еңбек жолынан алар өнеге мол екендігін айтып, қызу құттықтады.

– Бүгін бас қосып, мені бүкіл ұжым болып шығарып салып, жылы лебіздеріңізді білдіріп жатырсыздар. Бірақ, бұл – менің еңбегім емес, халықтың еңбегі. Демек, сол атқарылған істердің халыққа кішкене болса да пайдасы тиген болса, бұл – ұжымның қол жеткізген табысы, - деп Ержан Уәйіс облыс басшыларына және ұжымдастарына алғысын жеткізді.

 

Нұрбек Сағадат.
ҚОҒАМ 28 маусым 2014 г. 1 276 0