Шиелі ауданынан 6 мың адам Ұлы Отан соғысына аттанса, соның жартысынан астамы елге оралмады.
Ал бұл күндері Жеңістің 74 жылдығы қарсаңында Шиелі ауданында тек бір ғана соғыстың соңғы солдаты қалды. Ол ұзақ жылдар бойы Нартай Бекнежанов атындағы ауыл мектебінде ұстаздық еткен Сәрсенбек Байжанов ақсақал. Жасы 96-ға қараған көнекөз шежірешіге күнде сәлем беріп келушілер, естеліктерін тыңдауға құлықтылар әлі де жетерлік.
Өткен аптада солардың қатарында «Семізбай-U» ЖШС-нің Иіркол кенішінің басшылары болды. Мекеме басшысы Мұқанбетжан Салқынбаев еңбек ұжымының атынан соғыстың соңғы тірі куәгерін құттықтап, мекеме атынан 200 мың теңге және тағы да басқа сыйлықтар табыстады. Ардагерге зор денсаулық, отбасына аманшылық болуын тіледі. Сәрсекең ақсақал да өз кезегінде балаларына батасын беріп, еліміздің дамуына өз үлемтерін қоса беруіне, елде тыныштық, бірлік болуын тіледі.
Игілікті істермен көпке үлгі боп жүрген «Семізбай-U» ЖШС –і мұнан өзге де көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолын әрдайым созып жүруді дағдыға айналдырған. «Өле жегенше, бөле же» деген қағидаға сүйенеді.
Н.Назымханұлы,
Шиелі ауданы