"83 жылдық сауапқа пара-пар": Қасиетті Қадір түні жайлы не білеміз?

Биыл қасиетті Қадір түні 31 мамырдан 1 маусымға ауған түнге түседі. Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде болатын қасиетті түн жайлы не білеміз? Бұл сұраққа Sputnik Қазақстан жауап береді.
Жалпы Қадір түні жайлы Құранның "Қадір" сүресінде жазылған.
"Біз оны (Құран) Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Бұл түні Раббыларыңның рұқсатымен бүкіл періштелер және рух (Жәбірейіл) әрбір іс үшін жер жүзіне түседі. Бұл түні есендікке толы болады. Ол таң шапағына дейін жалғасады", - делінген онда.
Біріншіден, "Қадір" сөзі "үкім кесілетін түн" дегенді білдіреді екен. Бұл жайлы Құран Кәрімде "Ол кеште барлық хикметті істер айырылады" деп бұйырылған.
Екіншіден, "Қадір" сөзі "абырой, ұлылық, орасан зор" мағынасын береді.
Үшіншіден, "Қадір" сөзі "сығылысу, нығыздалу" мағынада айтылады. Өйткені, бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскенде жер жүзі тарлық етіп, олар сыймағандықтан бір-біріне сығылысады.
Қадір түні – Рамазан айындағы ең қасиетті мүбәрак түн. Бұл түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа пара-пар.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): "Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадір түнінде отыз мыңға дейін жетеді", - деген.
Бұл қасиетті түнді Аллаға құлшылық жасап, намаз оқып, Құран Кәрім оқып, үйреніп, үйретіп, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айтып, уағыз-насихат тыңдап, Алладан кешірім тілеп, жақсы-жаман істерге есеп беріп, жиі-жиі дұға жасап өткізген дұрыс.
Аталған кештің уақыты күн батқаннан сәресіге дейін жалғасады. Қадір түннің ғибадаттарын мұсылмандар мешіттерде де, өз үйлерінде де атқара алады.
Кейбір мұсылмандар Қадір түнінде түні бойы дастарқан жайып қойып, қол қусырып отырады.
Не болмаса, теледидар қарап, әңгіме айтумен өткізеді. Түні бойы көз ілмей шықсақ жетеді деп есептейді. Бұл да – қате пікір. Қадір түнін өткізуде түні бойы дастарқан жайып қою міндет емес.
ҚОҒАМ 28 мамыр 2019 г. 816 0