Қазір ақпараттық технологияның адымы кең. Оның пайдасы да шаш етектен. Бұл – байланыс, бұл – ақша айналымы, бұл – бизнес деген тәрізді әрі қарай жалғасып кете береді. Әлемнің әр қиырындағы адамдар осы технологияның арқасында бір-бірін көрместен байланыс жасап, жұмыс жүргізуде. Алысты жақын қылып, жаяуға тездетіп шаруасын бітіруге көмектеседі. Бұрынғыдай банктен ақша аударуға да табаныңыздан тозып әуре болмайсыз. Өйткені, мобильді қосымша, әлеуметтік желілер нарығы қарқынды дамыған. Соның арқасында қоғамдық көлікте жолақы төлеудің өзі жеңілдеді. Әңгіме соңғы жылдары қолданысқа енген – «Senim» мобильді қосымшасы жайлы. Тарқатып көрейік.
Аталған қосымша жолаушы үшін ыңғайлы етіп жасалған. Тиын санап, кондуктордың артық ақша қайтаруын күтпейсіз. Автобустағы QR кодқа смартфоныңызды жақындатсаңыз немесе көліктің мемлекеттік тіркеу номерін қосымшаға енгізсеңіз болғаны жолақы төленгені туралы хабарлама экранға шығады.
– Елімізде цифрландыру, сандық технологияға көшу бағытындағы бастамалар қай саланы да жандандырды. Автоматтандыру әлі жалғасуда. Жолаушылар игілігі үшін жасалып отырған жұмыс та жемісін беруде. Бұл ретте жолақыны электронды түрде төлеу ашықтықты қамтамасыз етеді әрі кондуктор мен жолаушы арасында жиі туындайтын түсінбестіктің алдын алады деп білеміз. Қазір «Senim» қосымшасы үлкен сыйымдылықтағы автобус жолаушылары үшін ғана қолжетімді. Жеке автобустардың есепшоты бөлек болғандықтан, бірден бұл қосымшаны енгізе алмадық. Алдағы уақытта қаладағы барлық автобустарда аталған мобильді қосымша қолданылатын болады, – дейді «Қызылорда» Автобус паркі» ЖШС директорының орынбасары Қанат Рахметов.
Сонымен қатар, ол тұрғындар бұл жаңашылдықты оң қабылдағанын атап өтті. Ол қаладағы бірнеше бағыт жолаушыларына ұйымдастырылған акцияда байқалса керек. Айтуынша, акция шарты тым қарапайым болған, яғни тұрғындар «Bus.senim.kz/bilet» сайтына билет фотосын жүктеп немесе қосымшаны пайдалану арқылы ұтыс ойынына қатысуға мүмкіндік алған. Белсенділік танытқандардың қарасы қалың болыпты, арнайы сыйлықтарға қол жеткізгендері де бар екен. Бұл «Senim»-нің жолаушылар мен қоғамдық көлік қызметкерлері арасындағы сенімді күшейткенін аңғартқандай.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.