Осыдан бірер жыл бұрын жарияланған Елбасының "Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты мақаласында жаһандық бәсекелестік жағдайында еңбек алдыңғы кезекке ілгерілеу керектігін атап көрсеткен еді. Еңбек мектебінен алған тәлім адамға өмірлік азық болатынын айрықша атап өтті. Сондай-ақ қарапайым еңбек адамының беделін көтеру туралы өрелі ойлар айтты.
Бүгінде "зиялың кім, тұлғаң қайсы?” дегенде, егіс басынан алысқа ұзамаған, төрт түліктің қамымен жаз жайлауда, қыс қыстауда бейнетті белшесінен кешкен жандар айтыла бермейтін. Жақында өткен "Алтын күз” мерекесінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев еліне еңбегі сіңген, кезінде Социалистік Еңбек ері атанған ардагер аға-апаларға айрықша құрмет көрсетті. Сол сәттегі салтанатқа қатысушылардың ризашылығы олардың орындарынан тік тұрып қол шапалақтауынан анық байқалды. Еңбек адамына көрсетілген лайықты құрмет үлгісін жұртшылық ұзақ уақыт ұмытпайды деп ойлаймын. Басшылықтың бұл қадамы, әсіресе өскелең ұрпаққа өнеге болды. Олар ерінбей еңбек еткен адам елдің алдында тұратынын ұғынды.
Аймақ басшысынан автокөлік кілтін алған Еңбек ерлерінің барлығы да бейнетінің зейнетін көріп отырған адамдар. Олар маңдай тердің өтеуі еңбектен қайтатынын жас ұрпаққа ұдайы айтып отырады.
Өңірде егін-терім аяқталғалы бері еңбек адамын ұлықтайтын шаралардың бірнешеуі өтті. Алдағы демалыс күндері Цай Ден Хактың 100 жылдығы, басқа да қайраткерлердің мерейтойлары аталуда. Бұл еңбек еткен адамның еңсесі ешқашан да төмендемейтінін айғақтайтын шаралар. Осыларды көрген жастардың еңбекке деген оң көзқарасы қалыптасса, шараларды ұйымдастырушылардың мақсаты орындалғаны деп білемін.
Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
ҚМУ-дың профессоры.