БАҚЫТЫ ЖАНҒАН ЖІГІТ

Көптің тілегі қабыл болады деседі. Қазалыдағы егін жинау науқанынан соңғы күн қабағы осындай тұжырымға жетеледі. Табиғаттың тылсым күші бұл жолы да диқандарға жомарттық танытты. Маусым кезінде ашық күн райы енді күрт бұзылды. Құдды дала перзенттерінің жиын-терімді сәтті өткізуін күтіп тұрғандай әсер қалдырады. Танаптағы егісті қамбаға құйып үлгерген қабырғалы қауым мәре-сәре. Биыл қазалылық диқандардың өнімі бөтен болған жоқ. Жаз бойы төгілген тердің қарымтасы қайтты. Тындырымдылығымен танылғандарға еңбегіне қарай сый-құрмет жасалынды. Қошеметке бөленді. 
Солардың бірі «Сыр маржаны» ЖШС жатка жүргізушісі Омар Сәрсенбай болатын. Жұлдызы жанған жігіт жүзден жүйрік шықты. Облыстық «Алтын күз» мерекесінде аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың қолынан «Озат жаткашы» номинациясына қоса автокөліктің кілтін иеленді. Кез келгенге қонбайтын несібе. 
Омар ширек ғасырдан бері темір түлпарды тізгіндеп келеді. Шаруақорлық оған атаның қаны, ананың сүтімен дарыған. Олай дейтініміз Омардың әкесі Кенжебай да кезінде кеңшарда жұмыс жасаған-ды. Қаршадайынан отбасына қолғабысын тигізген ауыл баласы еңбекпен есейді. Бұғанасы бейнетпен бекіді. Орта мектепті бітірген бойда Омар сол кездегі ХХІІ партсьезд атындағы кеңшарда механизатор атанды. Міне, сонан бері де сан жылдар сырғып өтті. Бұған дейін Омар Ресей техникасымен күріш оратын. Ол тұста да өзгелерден шоқтығы биік болды. Маусымда 400-450 гектар жердің егісін дестеге салып жүрді. 
Биылғы жыл Омарға бақыт сыйлаған жыл іспетті. Ол еңбек ететін «Сыр маржаны» ЖШС Қазалыдағы іргелі ұжым саналады. Нақты кезеңде күріш өңдеуді Оңтүстік Корея технологиясымен жүргізеді. Сағатына 5 тонна күріш ақтайтын зауыт іске қосылды. Күріш өңдеу кешені шикізаттың сапасына қарамастан жоғары сортты өнім дайындайды. Зауыт дәнді қабылдап, өңдеп, дайын өнімді өткізуге дейін атқарады. Мұнда ақталған күріш сумен шайылып, тегістеледі. Нәтижесінде дәмі мен түрі жақсарады. 
Аудандық мәслихат депутаты Мінажадин Өтеев басқаратын бұл серіктестік машина-трактор паркін жаңалауды ерекше назарда ұстайды. Соңғы уақытта «ҚазАгро» АҚ-дан лизингтік тәсілмен қыруар техника әкелінді. Әсіресе Германиядан шыққан аса қуатты «CLAAS» комбайны, «MacDon» жаткасының өнімділігі жоғары. Неміс комбайны маусымына 20-22 мың центнер астық бастырып, «MacDon» тәулігіне 30-40 гектар жердің күрішін орады екен. Яғни, Ресейдің 4-5 техникасының жұмысын бір өзі атқарады деген сөз. Осындай алып дала кемелерінің арқасында серіктестікте егілген 1800 гектар күріш бас-аяғы 18 күнде толықтай жиналып алынды. Бұрын-соңды кездеспеген көрсеткіш. 
Барды ұқсата білу де ұқыптылық. Серіктестік директоры мамандармен ақылдаса келе, қымбат та құнды техниканы басқаруды Омар Сәрсенбайға сеніп тапсырды. Жаратылысынан салмақты мінезді Омарға аманатқа-қиянат жасау өліммен тең еді. Таңның атуы, күннің батуына қарамастан бел шеше қимылдады. Осылайша қажырлы жігіт тек бір өзі ғана 1501 гектар жердің күрішін орып, көзге түсті. Мұнан кейінгі жайт оқырмандарға жақсы мәлім.  
– Омар нағыз тәртіптің адамы. Оған қоса ішімдік, шылым, өзге де зиянды әрекеттен бойын аулақ ұстайды. Өзіне жүктелген тапсырманы қашанда тап-тұйнақтай қылып орындайды. Еңбектің өтеуі болуы заңдылық. Омарға маусымдық жалақы, сыйақысын қосқанда 700 мыңға жуық ақша есептелді, – дейді аудандық мәслихат депутаты, «Сыр маржаны» ЖШС директоры Мінажадин Өтеев.
Еңбектің наны тәтті деген осы да.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы, 
Ақтан батыр ауылы. 

ҚОҒАМ 26 қазан 2013 г. 1 158 0