« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кеше "Сыр медиа” ЖШС жанындағы облыстық коммуникациялар орталығында Қазақстанның Оңтүстік өңірлері жастарын еліміздің Солтүстік, Батыс және Шығыс аймақтарына білім алуға бағыттайтын Республикалық "Мәңгілік Ел Жастары – индустрияға” мемлекеттік бағдарламасына қатысты баспасөз мәслихаты болып өтті. Бір ескерте кетерлік жайт, бағдарламаны жүзеге асыру үшін Республикалық Үйлестіру Кеңесі құрылған. Аталмыш бағдарламаның мақсаты туралы Республикалық Үйлестіру Кеңесінiң төрағасы – "Өрлеу” АҚ директорлар Кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов ақпарат құралдары өкілдеріне айтып берді.
Мұрат Абдуламитұлы бұл жобаның маңыздылығына назар аударды. Қазіргі таңда еліміздің оңтүстік аймақтарында, атап айтқанда, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында демографиялық өсім республиканың басқа өңірлерімен салыстырғанда анағұрлым артық. Осы жағдай біршама кереғарлық құбылыстар тудырып отырғаны байқалады. Мысалға, оңтүстік халқына жұмыс табу қиын болса, елдің батыс, солтүстік және шығыс өңірлерінде бос жұмыс орындарының көптігі байқалады. Әсіресе, бюджеттік мекемелерде, мектептерде жұмыс істейтін жоғары білімді кадрлар тапшылығы айқын сезіліп отыр. Сонымен қатар, бұл жақта шоғырланған өндіріс орындарында да жұмысшылар жетіспеуде.
М.Әбенов бұл сөздеріне нақты мысал келтіріп өтті. Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласы өндіріс орындарымен мәлім. Осы қаланың әкімі кездесуде мынандай деректер келтірген. Мектептер мен бюджеттік мекемелерге 700-дей жоғары білімді маман керек болса, өндіріс орындарында 1500-дей бос жұмыс орны бар екен. Ал енді осындай аймақтарда кадрлар тапшылығын жоюдың бір тәсілі жоғарыда аталған бағдарламаны іске асыру болып отыр.
Осы мақсатта биылғы оқу жылында еліміздің Солтүстік, Батыс және Шығыс өңірлеріндегі 7 жоғары оқу орындары үшін арнайы 1000 грант және 23 колледжде білім алу үшін арнайы 1000 грант бөлініп отыр. Бағдарламаны жұртшылыққа жеткізу және іске асыру мақсатында осы білім ордаларының өкілдері оңтүстік аймақтарға іссапарға шығып отыр. Олар брифингте журналистерге өздері жұмыс істейтін оқу орындары қандай мамандықтарға қанша грант бөліп отырғаны, студенттерге жасалатын жағдай туралы ақпараттарды жеткізді. Мәселен, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті әртүрлі пәндер бойынша мұғалімдер дайындайтын факультеттер бойынша арнайы 150 грант бөліп отыр. Елбасы тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе қаласының халқын миллионға жеткізу мақсаты қойылған. Демек, мамандарға да сұраныс артатыны белгілі. Қалада тұрғын үйлер құрылысына басымдық берілетін болады. Ал университетте студенттер жатақханамен қамтамасыз етіледі.
Студенттерін жатақханамен қамтамасыз етуге колледждер де дайын отыр. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы қаласындағы Семей геодезия және картография колледжі осындай мамандықтар дайындайтын еліміздегі жалғыз білім ордасы. Олардың түлектері еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс істеуде. Колледж дайындайтын техник-геодезист, аэрофото-геодезист және картограф мамандықтарына сұраныс әрқашанда жоғары. Олар бүгінгі таңда жұмыс істеп жатқан жерлерінде 300-600 мың теңгеге дейін жалақы алады. Өкінішке орай, біздің жастарымыз оған онша мән бере бермейді. "Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық автодәлізінің құрылысын жүргізуші мердігер мекемелер осындай мамандық иелерін басқа облыстардан арнайы ұшақпен алдыртып, еңбегі үшін қыруар ақша төлеген жағдайлар белгілі. Алғашқы екі мамандыққа көбінесе ұлдар оқыса, картограф мамандығын қыздар әлдеқашан жаулап алған. Сол секілді басқа да колледждер дайындайтын сирек мамандықтар қатарында тау-кен технологиясы, темір жол, байланыс, көлік және коммуникация секілді өзге де салалар бар. Елімізде қазір автомобиль зауыттары көптеп ашылуда. Міне, осы зауыттарда колледж түлектері көлік құрастырушылар болып жұмысқа орналасуда.
Сонымен ҰБТ-дан төмен ұпай жинап, тегін оқу мүмкіншілігінен айырылған талапкерлер 22-ші шілдеге дейін Қызылордаға келіп, тиісті құжаттарын өткізіп, жолы болғандар грант иелене алады. Грант иегерлеріне өзі таңдаған қалаға пойызбен қатынау үшін жолақы төленеді. Жалпы аталған бағдарлама бойынша оқуға түскендер, тұратын жермен, киіммен, стипендиямен, жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Оқу бітіргеннен кейін туған жерінде жұмыс істеуге болады. Бұл бағдарламаға бұрынғы жылдары мектеп бітіргендер де қатыса алады.
Сонымен "Мәңгілік Ел Жастары – индустрияға” мемлекеттік бағдарламасына қатысатын оқу орындарының тізімін келтіріп отырмыз.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеттері мен Қостанай мемлекеттік педагогикалық және Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты – барлығы да 150 гранттан.
Ал, колледждер арасында:
"Экология және орман шаруашылығы колледжі” Ақмола обл. Шучинск қаласы – 50, "Агробизнес колледжі” Ақмола обл. Чаглинка селосы, Зеренді ауданы – 50, "Транспорт колледжі” ШҚО, Семей қаласы – 70, "Семей геодезия және картография колледжі” ШҚО – 75, "Электротехника колледжі” ШҚО, Семей қаласы – 40, "Риддер аграрлық-техникалық колледжі” ШҚО – 25, "Радиотехника және байланыс колледжі” ШҚО, Семей қаласы – 75, "Экономика және ақпараттық технологиялар колледжі” БҚО - 50, "Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық колледжі” БҚО – 45, "Жоғары техникалық мектеп” БҚО – 50, "Қостанай индустриялық-педагогикалық колледжі” Қостанай обл. – 25, "Қазақстан агротехникалық колледжі” Қостанай обл. – 25, "Жетіғара политехникалық колледжі” Қостанай обл. – 25, "Рудный тау-кен-технологиялық колледжі” Қостанай обл. – 25, "Қарағанды политехникалық колледжі” Қарағанды обл. – 20, "Қарағанды теміржол колледжі” Қарағанды обл. Сортировочная бекеті - 75, "Теміртау политехникалық колледжі” Қарағанды обл. – 50, "Мичурин агротехникалық колледжі” Қарағанды обл. Агрогородок – 50, "Технологиялық колледж”, Павлодар қаласы – 25, "Павлодар бизнес колледжі” Павлодар қаласы -25, "Петропавл темір жол көлігі колледжі” СҚО – 50, "Көлік және коммуникация колледжі”, Астана қаласы – 50, "М.Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясының Ақмола колледжі” Астана қаласы – 25.
Қосымша мәліметтерді "Серпін-2050” Кз сайтынан және тізімдегі оқу орындарының сайттарынан алуға болады. Құжаттарды қабылдау Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде не жергілікті колледждерде ұйымдастырылуы мүмкін.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |