« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
өңдеуші саланың өрісін кеңейтеді
Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауында елді индустриялық-инновациялық тұрғыдан дамытуға ерекше басымдық беріп келеді. Шындығында, Мемлекет басшысының оған бұлайша көңіл бөлуінің өзіндік себебі де бар. Соның бастысы, индустриялық аймақтар құрудың қолға алынуы ол ең алдымен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әрі халықтың тұрмыстық ахуалын жақсартуға жол ашады.
Соңғы уақыттары еліміз секілді біздің облыста да индустриялық аймақтар құруға ерекше көңіл бөліне бастады. Мұндай аймақтарды құрудағы мақсат өңіріміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру, жаңа өндіріс орындарын ашу мен экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы орайда атап айтар болсақ, облыстың жеті ауданы мен Қызылорда қаласында индустриялық аймақ құру үшін барлығы 897,7 гектар жер телімі де бөлініп берілді. Соның ішінде осы индустриялық аймақ құру үшін Қызылорда қаласына 760 гектар жер телімі бөлінгенін баса айта кету керек. Жалпы қаладағы бөлінген жердің 44 гектары бұрынғы ЦКЗ шағын ауданынан өндірістік аймақ құру үшін берілді.
Баршаға белгілі, кезінде қағаз-картон шығарумен айналысқан целлюлоза-картон зауыты республикаға ғана емес, сондай-ақ, бұрынғы одаққа танымал болды. Бірақ тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдары оның жұмысы тұйыққа тіреліп, жабылды. Оған басты себеп зауыт сырттың шикізатына тәуелді еді. Сонан бері сол зауытқа арнап салынған ғимараттар әбден тозып, қирады. Бір пысықайлар оның темірлерін "металға” өткізсе, енді біреулері цементті қабырғаларын құрылыс материалдарына пайдаланды. Сөйтіп, бұрынғы аты дүркіреген зауыттың орны ақ шаңдаққа айналды. Осы жағдай ескеріліп кәсіпкерлердің бірлесуімен зауыттың орнына өндірістік аймақ құру туралы бастама көтерілген болатын. Осы мақсатта көптеген кәсіпкерлердің түрлі жобалары да сарапқа салынды. Нәтижесінде солардың ішінен ел экономикасына тиімділігін береді дегендері таңдап алынып, оларға қолдау көрсетілетін болды. Соның бірі әрі бастысы осы аймаққа жергілікті бюджеттен 25,6 млн. теңге бөлініп, оған қажетті инженерлік инфрақұрылымдар, яғни газ, су, электр, кәріз жүйесі, автокөлік жолы, көше жарығы және телефон желісі тартыла бастады. Сонымен қатар биыл Арал, Қазалы, Жалағаш және Шиелі аудандарынан құрылатын индустриялық аймақтарға инженерлік инфрақұрылым жеткізу үшін республикалық бюджеттен 834 млн. теңге бөлінді. Қазір осы қаржыны игеру бағытында кең ауқымдағы жұмыстар қолға алынды.
Сөз басында айтқанымыздай, қала аумағынан индустриялық аймақ құру үшін 760 гектар жер бөлінсе, оның 57,2 гектары бүгіннің өзінде үш кәсіпорынға беріліп те қойған. Сондай-ақ, осындай жер телімдері барлық ауданда да бөлінген. Төмені сегіз гектардан бастап жоғарысы 50 гектарға дейін бөлінген бұл аудандардың бесеуінде бүгінде инженерлік инфрақұрылымдарды жеткізу үшін жобалау сметалық құжаттарын әзірлеуге 32,5 млн. теңге бөлінді.
Бір айта кететін басты мәселе, ол Қызылорда қаласынан шыны зауытын салу ісі көптен бері қозғалып келе жатқаны белгілі. Бүгінде бұл мәселенің де оңды шешімі табылып, оның құрылысы алдағы айларда басталатын болды. Нақтырақ айтқанда, республиканың Индустриялық картасына енгізілген жобалар қатарындағы шыны зауыты үшін қаладағы индустриялық аймақтан 50 гектар жер телімі бөлінді. Сөйтіп өткен жылдың соңында осы шыны табақшаларын шығару зауыты жобасымен тікелей айналысатын "Орда Гласс " ЖШС құрылды. Барлық талаптарға сәйкес техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалған бұл шыны зауытының жобасы бүгінде мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Бұл зауытқа қажетті инженерлік инфрақұрылымдар бюджет қаржысы есебінен жүргізілетін болады. Жалпы бұл жобаның жүзеге асырылуы облыстың өнеркәсіп саласын жаңа серпінге көтеруге, өңір экономикасын дамытуға оң ықпал жасайды деп күтілуде.
Қорыта айтқанда, еліміз бойынша алғанда индустриялық аймаққа орналасып, жақсы жобаларды іске асырамын деген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар көрсетілмекші. Соның бірі, биыл ҚР Өңірлік даму министрлігі "Қазақстан Республикасындағы индустриялық аймақтардың жұмыстары туралы кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” ҚР заң жобасымен арнайы тұжырымдама әзірледі. Осы әзірленген тұжырымдамаға сәйкес енді индустриялық аймақта орналасқан кәсіпорындарды үш жылға дейінгі мерзімге салық төлемдерінен босату қарастырылған. Сондай-ақ, үш не бес жыл аралығында жер салығына жеңілдіктер беріліп, мемлекет есебінен жедел түрде инфрақұрылым жеткізіп беру де қарастырылған. Қарап отырсаңыз, осының өзі-ақ кәсібін өрге домалатамын деген кәсіпкерге үлкен көмек екені даусыз. Тек сол кәсіпкердің жобасы негізінен өңдеуші салаға бағытталуы керек. Өйткені жасалған жоба сараптамадан өткенде оның қоршаған ортаға залал келтірмеуі мен экологиялық және әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне басымдық беріледі. Айналып келгенде, мұның барлығы индустриялық аймақтың берері әлі алда екенін көрсетсе керек. Ал оған бастайтын алғашқы қадам жасалып та қойылды.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |