« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазақ халқы қашаннан Қамбар ата ұрпағын қасиетті жануар қатарына қосқан. Тіпті, оны төрт түліктің піріне балап, перзентіндей мәпелеген.
Ақай ауылының тұрғыны, жас кезінен мал шаруашылығына, оның ішінде жылқы бағуға өмірін арнаған, Арал, Қазалы өңірі тұрғындары есінде «Мінәждың Шабдар қасқасы» деген атқа ие болған Мінәжадиннің баласы Сейіт те өсе келе ата жолын сабақтастырды.
«Ата жолы – анық жол» дегендей, бала кезден әке жанында жүріп, ат баптаудың қыр-сырын меңгерген Сейіт мектепте оқып жүргенде-ақ, ауданда өткізілген малшылар слетінде әкесін аймаққа даңқты еткен «Шабдар қасқа» құнанымен бәйгеге шауып, жүлде алғаны әлі есінде.
Осыдан кейін-ақ ол ат баптауға құлшына кіріседі. Әрине, оған ағасы Серік көп көмектеседі. Содан бері арада зуылдап жылдар өтті. Бүгінде екі ұлдың әкесі атанған, қырықтың ортасына келген Сейіт қорасында шабысқа дайындап отырған екі құнаны мен «Күрең қасқаны» баптауға алған. «Күрең қасқа» жуырда Сарбұлақта өткен 24 шақырымдық аламан бәйгеге қатысқан 15 жүйріктің ішінен бірінші келсе, Пер құнаны жақында ауыл тұрғындары ұйымдастыратын тасаттықтағы бәйгеде бағын сынамақшы.
– Бала жасымнан атқа құмар боп өскендіктен бе, әйтеуір жылқы туралы әңгімеге елеңдеп тұрамын. Марқұм әкем бар өмірін жылқы баптауға арнады. Ағам Серік те солай. Бірақ бүгінде сейістер қатары сирек. Ауылымызда менен басқа Сайлау Жалғасов деген азамат бар. Ол жүйрікті даусынан танитын білгір десем, артық айтқандық емес. Расында да, біздің ауданда мына шеті Қазалы, Арал, мына шеті Қызылорда, Шиелі өңірлеріндегідей жылқы баптаушылар көп емес. Десе де, қазалылық Мархабат, Нағашыбай, қызылордалық Дәулет, шиелілік Ибадулла есімді атсейістермен тығыз байланыстамын. Тіпті, олармен тәжірибе алмасып та тұрамын. Ауылда атсейістер клубы ұйымдастырылса деген де арман бар. Талапты жастар жетерлік. Тек оларды осы іске баулу керек. Елбасымыздың өткен жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы маған, маған деймін-ау, көптеген қазақ азаматтарына үміт ұялатты. Ықылым заманнан бабаларымыз өміріне серік еткен дәстүріміздің тағдыры бүгінгі жастардың қолында. Ал, аға буын өкілдерінің парызы – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан аталар дәстүрін жастарға аманаттау, – дейді атсейіс Сейіт.
Ақай ауылдық округінің аға ветеринары Қазбек Күншығаров және Сейіт үшеуміз «Күрең қасқа» жанында ат баптаудың қыр-сырын әңгімелеп тұрғанымызда, аулаға екі жас жігіт кіріп келіп, амандық-саулық сұрасқан сейіс жастарды бізге таныстырды. Бұлар да жылқы баптап, олардың санын көбейтуге жұмыс істеп жүр екен. Сейіт пен олардың әңгімелері бірден жарасып кетті.
Сейіттің Дулат есімді ұлы бәйгеге шапса, Дәурені оның жаттықтырушысы. Екеуі де мектептен үйге келгенде бірінші ат қораға бас сұғады екен. Тұлпарларының хал-жағдайын біліп, оларды бір сипамай үйге кірмейді.
Қолда түйе де, сиыр да бар. Балаларымның көмегімен оларды да бағымда ұстаудамыз. Көбейту де ойда жүр. Алла қаласа, бұл жоспарды да іске асырмақшымыз. Елбасының қолдауымен осы саланы дамыту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар өміршең болуда.
Тіпті, осы жобалар аясында көптеген азаматтар кәсіп ашып, нәсібін тауып жатыр, – дейді ол.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.
Байқоңыр қаласы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |