Руслан айтқан “Атамекен”

Қазақтың талантты әншісі, композитор Ескендір Хасанғалиевтің өзі құдды қасымда отырғандай... Үлкен шараларда алдын ала жазылған әндерге соншалық назарың түспейді ғой. Жанды дауыспен «Жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілем...» деп ән шырқағанда көлік ішіндегілер сілтідей тынып, құлақ түре қалды. Кейіпкеріміз –  Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің студенті Руслан Рызманов.

Қармақшы ауданына қа­расты ІІІ Интернационал ауы­лының тумасы. Жазира жазық далада ән айтып өскен өрен. «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» деп сезімді тулатқан жас «Атамекенді» айтқанда тұла бойың шымырлап сала береді.

– Бұл жігіт сан мәрте топты жарып, өнерін дәлелдеп, ел-жұрттың ықыласын алған. Қай топқа салсақ та суырылып шығып жүр. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қолын алып, алғы­сын да арқалап қайтты. Өз­гелер қиналатын талай ән­ді нақышына келтіре орын­дап жүр. Болашағынан зор үміт күттіретін азамат, – деді Русланды баптап, бәйгеге қос­қан ұстазы Нұркен Әли­ас­қаров.

Қазақтың домбырасы мен ән өнерін Эйфель тү­бінде әлем­ге мойындатқан Әмі­ре­дей жас таланттың байтақ дала­мыздан әлі мыңдап шығары анық. Түбіміз бір дейтін түрік болғанмен, тілі қазақша шыққан қара бала туған жеріндегі №108 орта мектепте оқып жүріп-ақ өзінің болашағын айқындаған жас. Көпшілік алдында ол алғаш «День Победы» әнін айтып, алғыс арқалады.

– Екінші сыныпта оқи­тын­мын. Мұғалім балаларды жинап, ішінен біразын ірік­теп алды. Ішінде мен де бола­тынмын. Жеңіс күніндегі ша­рада мен әйгілі «День Победы» әнін айтып бердім. Өнеріме тәнті болды ма, әйтеуір дирек­тордың алғыс хатымен мара­паттады. Әлбетте, ол алғыс хат менің өмірімде ерекше орын алды. Бұл – менің өмірімдегі ең алғашқы марапат болатын, – деді Р.Рызманов.

Онан бері мектеп қабыр­ға­сында жүріп сан мәрте ау­дандық ән байқауында, жігіт­тер сайысында, өнер додасында топ жарып жүрді. Абай әндері көңіліне жақын. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер һакімнің сөздерін жадына тоқып өсіпті.

Ауданда «Сыр сұлтаны» атанған сырбаз кейіннен Қа­занғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне оқуға түскен. Бұл күнде 4-курс сту­денті. Бұрын ауылдан ауданға шығып жүрген жас талант енді облыстың намысын ар­қалап сонау Арқа төсіндегі сайыс­тарда өнер көрсететін болды.

– Өнерім биікке жетелеп жүр. Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының сес­сия­сына да қатысып келдім. Елбасының алдында ән шыр­қап, қолын алдық. Алғысқа бөлендік, – деді Руслан бауы­рымыз.

Алғаш көргеннен-ақ, аман­дық-саулық сұрасқанның қолын қыса жөнелетін ілтипатшыл бауыр «ұлтым бөлек» деп тұрған жоқ. Қазақпен бір туған қара баланың талантына тағы бір мәрте куә болдық.

Дәулет ҚЫРДАН.

ҚОҒАМ 30 сәуір 2019 г. 833 0