Жаңартылған білім –жетістік бастауы

Ақпараттар ағыны тас­қын­дап, жаһандық даму мен өзгерістердің лебі қоғамның кез келген саласын шарпып жатқан қазіргі кезеңде орын алып жатқан реформаларды саралап, екшеп үлгеру қажеттігін уақыт дәлелдеп отыр. Алға қарай өсу, даму, әлемдік өзгерістер мен тәжірибелерге сәйкес болу үшін, өзгеру, жаңару құ­бы­лы­сы, әрине, керек-ақ. Елба­сы­ның бастамасымен енген білім саласындағы реформаны алға­шында тосырқай қабыл­да­ғанымыз жасырын емес. Бұл тосырқаушылық жаңа жү­йені дұрыс түсінбегендіктен, ше­тел­дік тәжірибеден алынған кей­бір тұстарын, терминдерін ұлт­тық болмысымызға қайшы деп түсінгендіктен туындаған еді. Уақыт өте келе жер-жерде, кезең-кезеңімен өтіліп жатқан білім жетілдіру курстарының нәтижесінде күдігіміз сейіл­гендей болды.

Мен де, бәлкім, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі бол­ған­дық­тан,  өзімді кез келген қазақ­тың бойынан «қа­зақы­лықтың иісі аңқып тұруын» соншалықты тілейтін ұлтжанды  деп есептейтіндігімнен жоғарыда ай­­­­тыл­ған шетелдік тәжірибеге кү­дігім болғанын жа­сыра ал­маймын. Алай­да, таяу­да орта білім мазмұнын жа­ңарту аясында қазақ тілді мек­тептердегі қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндері бойын­ша педагог кадр­лардың білік­ті­лігін арттыру курсынан өт­кеннен кейін жаңа жүйенің артық­шылығы мен тиімді тұс­тарын түсініп, пікірім өзгере бастады. Енді жаңа жүйенің ар­тықшылығы мен тиімділігі  деп бағалаған тұстарыма бір­неше мы­сал келтіре кетейін.

Басты өзгешелік – сабақта орын­далатын тапсырмалардың әр­түрлі әдіс-тәсілдермен бе­ріл­уі. Ол оқушылардың ­қызығу­шылығын арт­­тырып, бел­­­­сен­ділігін оятады. Тиімді пе­да­­­го­­гикалық тәсілмен беріл­­ген топтық тапсырмаларды орын­­­дау барысында сыныптағы әрбір оқушының, тіпті қол­дауды көп қажет ететін, көп сөй­ле­мейтін оқушылардың өзі­нің топтағы рөлі бар екені сезі­леді. Әр оқушыны өз деңгейінде мақсатқа жетелеуге бағытталған бұл процесс сабақ­тың қызықты әрі белсенді өтуіне  зор ықпал етеді.

Тағы бір тиімді тұсы – сабақ үдерісіндегі саралау әрекеті. Жалпы, жаңартылған оқу бағ­дар­ламасы әрбір оқушыны оқу мақсатына жеткізу мақ­сатын көздейді. Осы орайда сара­лап оқытудың маңызы зор деп есеп­теймін. Бұл ойымды мына мысалмен дәлелдеймін: биік алма ағашының ұшар ба­сында тұрған алманы әртүрлі жан­уар­лар алуы керек. Оның ішінде жираф та бар, тасбақа да бар. Бірақ қандай да бір тәсілмен алма жирафқа да, тасбақаға да тиюі керек. Міне, оқушылардың таным-түсінігі де, қабылдауы да осы секілді әр­түр­лі келеді. Бірақ барлығы оқу мақ­са­тына жетуі керек. Сон­дықтан са­ралап ­оқы­ту (диф­ференциация) әре­­кеті ма­ған жаңа жүйенің ­ұтым­ды ойластырылған жаңа­лы­ғы ре­тінде қатты ұнады. Са­ра­­лаудың негізгі мақсаты оқу­шы деңгейін анықтау ем­ес, оларды қабілетіне, дең­гейіне қарай топтастыру емес, оларды тек қана қолдау, әрқай­сысын өз деңгейінде мақ­сатқа жетелеу. Сәйкесінше, оқу­шыларға кеңейтілген тап­сыр­малар бойынша, оқу ор­тасы бойынша, оқу үдерісі бо­­йынша, күтілетін нәтиже бо­­йынша қолдау көрсетіледі. Бұл процестің орындалуы, бірін­­шіден, оқушыға жағымды психологиялық ахуал орнатып, өзін еркін сезінуіне жағдай жасаса, екіншіден, мұ­ғалім оқушыларды мақсатқа ба­ғыттау үдесінен шыға алады деп ойлаймын. Әрине, бұл ретте мұ­ғалімнің зор еңбегі, шеберлігі бірінші орында.

Қалыптастырушы бағалау, кері байланыс беру де оқушы үшін оңтайлы тәсіл. Қалыптастырушы бағалау – критериалды бағалау жүйесіне сәйкес бағалаудың түрі. Әрбір орындалған тапсырмадан ке­йін, үй жұмысынан кейін, сон­дай-ақ, сабақтың аяғында мұ­ғалім немесе оқушы қа­лып­тастырушы бағалау арқылы орындалған жұ­мыстың баға­сын беріп, дең­гейін көр­се­теді. Кері байланыс – оқу­шы­­ның оқыту үдерісі қалай өткендігі және қандай нәти­жеге қол жеткізгендігі туралы ой-пікірін тыңдауға, айтуға негіз­делетін үдеріс. Кері ­бай­ланыс сабақ со­ңында не­месе сабақ ба­ры­сындағы оқу­­шылардың өз бетімен орын­дай­тын тапсырмаларының со­­ңында жүргізіліп отырады. Жа­­ңартылған білім мазмұны оқу­шының функционалдық білі­мін қалыптастыру, яғни, алған білімін өмірде қолдану, кез келген ортада өз ойын анық жеткізу дағдысын да­мыту мақсатына негізделген болса, кері байланыс пен қалып­тастырушы бағалау оқушыны осы мақсатқа бағыттайды.

Орындалатын тап­сыр­ма­лар­дың дескрипторға сәйкес жүр­гізілуі де салаға жетістік әкелер жаңалық. Дескриптор – мақсатқа жеткізетін тап­сыр­маны орындау үшін жаса­латын нақты қадамдар. Дескрип­торды қолдану оқушының жа­сайтын қадамын нақтылап беру мүмкіндігін береді. Яғни, сабақ үдерісінде басы ар­тық әрекеттерге, басы артық қадам­­дарға жол берілмейді. Ең бастысы, дескриптор дәл, валидті құрылса болды. Дес­крип­­тордың көмегімен оқушы бір-бірін бағалай да алады. Яғни, ұсы­нылған қа­дам­дардың орын­­далған-орын­далмағанына қарап тап­сырманы және орын­дау­шыны бағалайды.

Өзімнің көзқарасым негі­зінде білім беру мазмұнын жаңарту аясындағы курстан алған ұтымды, әрі ұнамды тұс­тарымның бір парасын атап өттім. Сонымен қатар, атал­ған бағдарлама негі­зінде орын­­далатын әрбір әрекет, әрбір қадамның, тіпті қол­да­ны­­латын терминдердің ұлт­тық болмысымызға сәйкес кел­се екен деген тілегім бар. Ел­басымыз айт­қандай, ұлт­тық бол­мысымызды сақтай оты­рып, жаңарсақ, ұлттық бол­мы­сымызды сақтай отырып, жа­һандану үдерісіне бетбұрыс жа­сасақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Жалпы, курс маған көп нәрсе берді. Ең алдымен, теориялық білімім толығып, көптеген маңызды мәліметтермен қа­нық­тым. Мұғалімнің де, оқушының да бір сабақ шеңберіндегі мақ­саты айқын болу ке­рек­тігін, соған сәйкес әрбір тап­сыр­маның, әрбір әрекеттің, әрбір қадамның сол мақсатқа бағытталуы керектігін ұғындым. Осы алған теориялық білімімнің негіздемелерін прак­ти­каммен ұштастыруға жұмыс жасап жатырмыз. Біліктілікті арт­тыру курсынан өткен әрбір мұғалім өз кезегінде жаңартылған білім мазмұнын жете түсініп, артықшылығын ұғынуда. Бұл ретте педагог кадрларды даяр­лау­шы тренер­лердің рөлі аса маңызды деп ойлаймын. Осы орайда Қы­зылорда облысы педа­гог кадрлардың біліктілігін арт­тыру институтының аға оқы­тушысы, тренер Жанар Исае­ваға ерекше алғысымды ай­тып, шә­кірттік ілтипатымды біл­дір­гім келеді. Аталған курстың әрбір деталін әріптеске деген жана­шырлықпен, өз ісіне деген адалдықпен, оқушыға деген махаббатпен ұғындыра білген, рухани және териялық білім көкжиегімізді кеңейтіп, оқушы, ата-ана, қоғам алдындағы жауап­кершіліктің керемет үлгі­сін көрсете білгені үшін зор риза­шылығымды білдіремін!

Ақжарқын НҰРҚАСЫМҚЫЗЫ,

№280 негізгі мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

ҚОҒАМ 27 сәуір 2019 г. 613 0