« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ұрпақ сабақтастығы деген сөздің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Жарық дүниеге келген соң, ізіңді жалғар салиқалы да саналы ұрпақ әкелуді міндет санайсың. Ол – сенің өмірің, ол – сенің көзің. Бүгін біздің тілге тиек еткелі отырған кейіпкеріміз – Итен Қарымсақұлы кешегі соғыс көрген буынның сарқыты.
Біздің бұлай деуімізге негіз де жоқ емес. Белгілі журналист, қаламгер нағыз ержүрек, өр рухты, биік намысты ұрпақтың баласы. Қазақ даласын шарпыған соғыс айрандай ұйыған қаншама отбасының шырқын бұзды. Жас та, кәрі де жүрек әмірімен Отанын қорғауға аттанып, толарсақтан қан кешті. Баласын зар еңіреп соғысқа шығарып салған ана, отағасының аман оралуын тілеген әйел, «әкелеп» жылаған бала... Бұл сол бір сұрапыл жылды көз алдыңа әкелетін көріністер. Итен ағаның әкесі Әбсаттар Қарымсақұлы да Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін елін жаудан қорғауға аттанады. Қан майданда қатты жараланса да, туған жерге кеудесін медальдарға толтырып оралады. Ең бастысы, Құдай от пен оқтан сақтап, шаңырағын қайта көруді нәсіп етті. Бұдан асқан бақыт бар ма?! Егер Әбсаттар ақсақал аман келмегенде ше? Бүгінгі бақытты күнге куә ұрпағы өмірге келер ме еді, келмес пе еді?
Міне, Итен Қарымсақұлы өмірдің өзі бұйыртқан ұрпақ. Қаламгердің айтуынша, әу баста әкесі Әбсаттар мен анасы Әнипаның отбасында бала тұрмапты. «Ырымға сенетін халықпыз ғой. Ұзақ күттіріп, дүниеге келген мені «Көз тимесін» деп әр түрлі атпен атайды. Сонымен не керек, есімімнің Итен аталуы да сондықтан...», – дейді кейіпкеріміз. Алла нәсіп етіп, Итен ағаның ізінен Сейтен, Дүйсен, Сұлтан атты інілері өмірге келеді... Ал, төрт баладан өрбіген ұрпақ бүгінде бір-бір үйдің тұтқасын ұстап, түтінін түтетіп отыр. Соның ішінде Қарымсақ әулетінің көшбасында тұрған Итен Қарымсақұлының қоғамда алатын орны ерекше. Қолынан қаламын тастамаған ел ағасы жарты ғасырдан астам уақыт бойы қазақ журналистикасында адал қызмет атқарды. Ақ парақ пен қаламды серік еткен Итен аға талай өзекті мәселенің шешімін табуға түрткі болып, көңіліне демеу іздеген жандарға араша түсті. Шындық пен жалғанды, адамгершілік пен озбырлықты, жемқорлық пен қиянатты қаламына арқау етті.
Белгілі қаламгердің еңбек жолы Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің ұстаханасында басталды. Осы басылымның өнеркәсіп, құрылыс және транспорт бөлімінде жұмыс істеп жүріп, өмірге көзқарасы терең, талапшыл, талғамы күшті, ой дүниесі бай, бәрін саралап, салмақтап, ой елегінен өткізіп жазатын журналистің бірі саналды. Әсіресе, ең ауыр сала – құқық тақырыбын жазудағы біліктілігі мен білгірлігі Итен Қарымсақұлының ең жақсы, ізгі қасиетіне айналды. Бұған «Сыр бойы» газетінде әр жылдары жазған дүниелері куә бола алады. Оның бір ұжымда табандай 24 жыл еңбек етуінде үлкен мән бар. Осы уақыт аралығында қаншама редактор ауысса да, қай-қайсысы да Итен ағаның ыждағатты, сапалы жұмысына ерекше ризашылығын білдірген екен. Соның бірі Ұзақ Бағаев еді.
Журналист осынау өмір мен тәжірибе ұштасқан еңбек өтілінде Ұзақ Бағаевтай редактордың қол астында жұмыс істегенін бақыт санайды. Ұлтжанды азаматтың бойындағы патриоттық сезім мен туы жығылмас рухтың әманда биіктігіне тәнті болды. Ұстаз әрі азамат ретінде үлгі тұтты. 1962 жылдың тамызынан 1968 жылдың қарашасына дейін Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде бас редактор қызметін атқарған Ұзақ Бағаев туралы Итен Қарымсақұлы: «Мен Ұзекеңмен бірге еңбек еткен бес жыл жеті ай ішінде оның тәрбиесін алдым, ақыл-кеңесін тыңдадым, сыйласып еңбек еттім, жақсылығын көрдім, үлкен ұстаз санаймын. Сондықтан журналист ретінде қаз тұрып, қадам басуыма және қалыптасуыма, мәртебелі мамандыққа қиянат келтірмей, адал қызмет етуіме игі ықпал еткен Ұзақ ағаның өмірі жайлы қалай жазсам да, жарасады. Журналист Ұзақ Бағаев 32 жасқа қараған шағында, жарқырап, жайнап, жанып тұрған кезінде Сыр еліне бақ құсындай болып ұшып келді, өзі де бақытты болды, соңына ерген жастарды да бақытты етіп кетті. Ол басқарған газеттің отымен кіріп, күлімен шыққан жас журналистердің көбі жазушы, елге танымал азамат атанды. Мен де Бағаев бауырына тартқан жас журналистің бірі едім, редакцияда жұмыс істеп жүріп журналистік жоғары білім алдым. Осы газеттің табалдырығын ширек ғасырға жуық аттап, туған жеріме адал қызмет атқардым», – деп тебірене жазады. Алаштың азаматына деген сөзден өрілген сый-құрметтің өзі.
Журналист Итен Қарымсақұлының қалам тербемеген тақырыбы жоқ. Партия және кеңес жұмыстарымен қатар өзге де түрлі мамандық иелері туралы портретті очерктер жазды. Қайнаған өмірдің қақ ортасында жүрген белгісіз азаматтарды ел-жұртқа етене таныстырды. Астықты өлке Торғайдағы облыстық «Торғай таңы» және өнеркәсібі дамыған Жезқазған өңіріндегі «Жезқазған туы» газеттерінің редакцияларында шыңдалған Итен аға Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз хатшысы қызметін де дөңгелетіп әкетті. Бұл қызмет Итен Қарымсақұлына қол емес деп кім айтты? Бұрыннан өзі қаузап келетін құқық тақырыбына бірден кірісіп, еліміздің беделді басылымдарында оқырманға ой саларлық мақалалар топтамасын қарша боратты. Қоғамда тамырын терең жайған қылмыстық ахуал қатарында лауазым иелерінің қызмет бабын асыра пайдалану, мүлікті жекешелендіру, қазына қаржысын талан-таражға салу, қарулы қарақшылық шабуыл жасау, өзге де заңға қайшы әрекеттерге тосқауыл қою шарасын күшейтуді бір кісідей қолға алуға атсалысты. Әрине, заң талаптарын аяққа басып, бөтеннің мүлкіне қол салу, жалған жолмен ақша тауып, ауыз жаласқан жемқорлардың іс-әрекетіне балта шабу оңай шаруа емес. Соған қарамастан, бұл істе Итен аға көп ізденді, тақырыпты толық қамтыды. Әсіресе, ат үсті, жүрдім-бардым атқарылатын дәрігерлік қызмет көрсетуде адам құқының бұзылу жайын да әшкерелеп жазуды назардан тыс қалдырған жоқ.
Итен Қарымсақұлының сол жылдары баспасөзде жарияланған мақалаларының басты тақырыбы – осы сарындас. «Қарулы шабуыл жасағандар», «Үй тонау эпизодтары», «Бақылау пәрменді болса, заң талаптары бұлжымай орындалады», «Айласын асырып, пайдасын жасырғандар», «Тергеу тегеурінді болуы тиіс», т.б секілді, аты айтып тұрғандай, журналист қалың көпшілікті қылмыс, құқық тақырыбынан хабардар етіп отырды. Ұзақ жылғы табанды еңбегінің жемісін көрген қаламгер Итен Қарымсақұлы «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының прокуратурасына – 20 жыл» мерекелік медалінің, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Бас Прокурорының Құрмет грамотасымен марапатталған. Қаламгердің бұған дейін өткен өмір жолына ақсақалдық көзбен қарап, тіршіліктен көргені мен көңіліне түйгенін қағаз бетіне қаттап түсіргені бізге мәлім. Оның Алматыдағы «Арна» баспасынан жарық көрген «Қоңыр қалам» және «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар» атты кітаптары оқырманға жол тартты. Белгілі ардагер журналист, сұлу сөздің шебері Итен Қарымсақұлының кейінгі ұрпаққа қалдырар мұрасы таусылмасын деп тілейік.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ,
журналист.
Алматы қаласы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |