ҚАЗЫНАНЫҢ ҚАМЫ ОРТАҚ

Облысымызда «Көленкелі экономикаға халық пен салық қызметі қарсы» атты акция өткізілуде. Акция барысында Қызылорда қаласы бойынша салық басқармасының қызметкерлері бекітілген іс-шараға байланысты жан-жақты насихаттау, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Акцияның мақсаты – кәсіпкерлікпен айналысып, пайда тауып жүрген азаматтарды салықтарын төлеп, өзінің міндеті мен борышын орындауға шақыру. Осыған байланысты Қызылорда қаласы бойынша салық басқармасы мамандары өздерінің қат-қабат тірлігінің арасында жол полициясы қызметкерлерімен бірге рейдтерге шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Нәтиже жоқ емес. Төккен тердің төлеуін көшеден-ақ байқауға болады. Мәселен, бұрын облыс орталығында жүйіткіп жүрген көліктердің ішінен такси белгісі бар автокөліктерден көз қары­ғатын. Әсіресе, төбесінде шаршысы бар жеке көліктер халық көп жиылатын жерлерде шоғырланып, көшедегі қоғамдық көліктердің жүріп-тұруына да кедергі келтіретін. Қазір осы мәселе бір ізге түсіп қалғаны байқалады.

Жалпы, мемлекетке салық төлеу – жылжымайтын мүлігі, көлігі және пайда әкелетін кәсібі бар кез келген адамның міндеті екендігі баршамызға белгілі. Солай бола тұра, салғырттықа салынушылар да бар.

Мемлекеттік салық саясаты экономиканы дамытуда, әлеуметтік ахуалды көтеруде реттеуші рөлін атқарады. Еліміздің қалыпты дамуы мен тұрақты түрде өркендеуі бюджет кірісінің оңтайлы қалыптасуымен тығыз байланысты екендігін әрдайым естен шығармағанымыз абзал.

Бүгінгі таңда кәсіп арқылы қызмет көрсетіп, онан пайда тапқанымен, салығын төлеуден қашатындар аз емес. Мысалы, тас, топырақ, көң, кірпіш тасымалдаумен айналысып жатқандар тәп-тәуір табыс тауып, отбастарын асырап отыр. Бірақ, арасында салығын төлейтіндері некен-саяқ.

Сонымен қатар, тұр­ғындарға өнер арқылы қызмет көрсететін жергілікті асабалар мен әнші-бишілер, сырттан арнайы шақыртумен келетін есімдері елге танымал шоу-бизнестің өкілдері де тойдан тапқан табысының белгілі бір бөлігін заңды түрде салық ретінде төлеуге міндетті. Дамыған елде бұл мәселе әлдеқашан шешіліп қойған. Салық – ортақ қазына. Ендеше, қазынаның қамы да ортақ болуы тиіс.

 

Қ. АҚЫШБАЕВ,

сала ардагері.


ҚОҒАМ 14 маусым 2014 г. 830 0