СОТТАҒЫ ЖАҢА ЖҮЙЕ

Қызылорда қалалық №2сотында өткен жиында қалалық соттарға енгізілген мамандандыру өзгерістері және сот пен бұқаралық ақпарат құралдары арасында әріптестік байланыстарды қалыптастыру әңгіме өзегіне айналды.

Аталмыш сот төрағасы Сағатбек Сүлеймен алдымен енгізілген өзгерістерді баяндап берді. Сағатбек Болатбекұлының айтуынша, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің Қызылорда қалалық соттарына мамандандыру енгізу туралы биылғы 3 наурыздағы хатына сәйкес азаматтық істерді қарау Қызылорда қалалық сотына, ал қылмыстық істерді қарау №2қалалық сот құзырына берілген. Өткен мамыр айынан бастап жаңа жүйемен жұмысқа кіріскен мұнда онша ауыр емес, ауырлығы орташа және ауыр санаттағы қылмыстық істер, яғни сотталушыларды бас бостандығынан 12 жылға дейін айыру жазасы қаралған қылмыстық істерді қарау жүктелген.

Қазіргі таңда сотта төрағадан басқа Сәбит Әбдіқанов, Күмісбай Күсекеев, Абдуллажан Сайдуллаев сияқты судьялар қызмет атқаруда. Сондай-ақ екі судьялық орынға байқау жарияланыпты. Яғни, аталған сотта алдағы уақытта алты судья қызмет атқаратын болады. Сонымен бірге соттың жұмыс ауқымы артуына байланысты кеңсе қызметкерлерінің штаттық кестесі қайта қаралып, мамандар саны көбейтілген және жұмыс жүктемесіне сай олардың қызметтері оңтайландырылған.

– Құқықтық мемлекет құруға бағытталған нық қадамдардың бірі сот қызметінің ашықтығы мен жариялылығына келіп тіреледі. Бұл қағидатты басшылыққа алу сот қызметін халыққа бір табан жақындата түседі. Сондықтан қоғамның даму кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдары санаға зор ықпал жасап қана қоймайды, сонымен қатар сот саласына деген сенімді нығайта беретін болады, – деді күн тәртібіндегі екінші мәселеге ойысқан төраға. – Өйткені, қоғамның әлеуметтік өміріндегі өзгерістерге жедел үн қосатын бұқаралық ақпарат құралдарынсыз елестету мүмкін емес. Ендеше сотқа баспасөз ауадай қажет. Соттың шешімі тек жазалау ғана емес, тәрбие мен үлгі ету мақсатын да көздейді. Бұл ретте БАҚ-тың рөлі өте маңызды.

Қазіргі уақытта сот төрелегінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету жолға қойылып келеді. Мысалы, Қызылорда облыстық сотының ресми сайтында "Тыңдалатын істер тізімдері” атты жаңа бөлім құрылған. Оның негізгі мақсаты – сотта тағайындалған істердің кестелерімен жедел танысуға мүмкіндік беру. Бұған қоса, сайтты пайдаланушылар өздерін қызықтырған істердің өткізілу мерзімі, отырыс залдары жайлы толыққанды мәлімет ала алады.

Қағазбастылықтан арылып, сот қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында соттарда бейнеконференция жүйесі және сот процестерінің үн-бейне жазба (аудио-видео фиксация) техникалық құралдары кеңінен қолданылуда. Соның бір дәлелі, ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеушілерді мерзімінен бұрын шартты түрде босату және олардың қоныс колониясына ауыстыру туралы арыздарын бейне-конференция жүйесімен өткізу қолға алынған.

Дөңгелек үстел отырысында төраға Сағатбек Сүлеймен және судьялар Сәбит Әбдіқанов пен Күмісбай Күсекеев енгізілген жаңа жүйе бойынша ой бөлісіп, журналистер сауалдарына тұшымды жауап берді.

 

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
ҚОҒАМ 14 маусым 2014 г. 948 0