Әскерге бару – азаматтық борыш

Өткен жылы өңірімізден 1700-ге жуық азамат мерзімді әскери қызметке жолданған. Биылғы жылдың көктемінде 900-ге жуық жас әскер қатарына аттанбақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Еркінбек Байболов мәлімдеді.
Азаматтарды көктемгі, күзгі әскер қатарына шақыру жұмыстары басталды. Осыған орай жақында облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемовтің қатысуымен нұсқаулық-әдістемелік жиын өтіп, науқанды сапалы әрі уақытылы орындау мақсатында нақты тапсырмалар берілгені брифинг барысында атап айтылды. Бүгінде өңірімізден 98 азамат шекара қызметінің әскери бөлімдеріне әскери борышын өтеуге аттанған. Мерзімді әскери қызметке шақыру маусым айының соңына дейін жалғасады.
Департамент бастығының айтуынша, аймағымызда әскерге барудан жалтарғандар тіркелмеген. Ал, мұндай дерек болған жағдайда қылмыстық кодекстің 387-бабы бойынша 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе бір жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
– Ең бастысы, сан емес, сапа. Мерзімді әскери қызметке шақыру кезінде Отан алдындағы борышын өтеуді қасиетті парызым деп білетін, моральдық, психологиялық және физикалық жағынан талапқа сай азаматтарға басымдық беріледі, – дейді полковник Е.Байболов.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.
«Сыр бойы»
ҚОҒАМ 02 сәуір 2019 г. 1 226 0