Жылқы мінезді халықпыз

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-танымдық мақаласы «Халық тарих толқынында», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақалаларының заңды жалғасы ретінде қоғамдық ойларға қозғау салып, елімізде кеңінен талқылануда. Тарихи мақалада маңызды мәселелердің қатарында сөз болған, Ұлы дала көшпенділерінің сенімді серігі – жылқы туралы ой-пікірімізді ортаға салуды жөн көрдік.

Иә, дүниеге Алаш жұрты болып жаратылғалы бері «Ер қанаты – ат» деп білген қазақтың өмірін жыл­қысыз көзге елестету қиын. Ұлан-ғайыр ұлы дала­мыз­дың бү­гін­­гі ұрпағы­на дейін сақ­та­­лып келе жатқаны­ның өзі осы «мін­­се – көлік, жесе – ас» дегеннен әрі асып, жылқының жаудың б­е­­­тін қай­­тарудағы жауынгерлік үле­­­сін ай­тып жеткізудің өзі бөлек әң­­гі­­ме. Сон­дықтан да қазақ өзін ал­­ды­­­­мен жылқы мінезді жұртпын деп са­­най­ды. Жылқы ішінен тұл­па­­рын таңдап бәйгеге қосады, аты оз­­­ған­­­ның бағы да озады деп біледі. 

Мемлекет басшысы «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көп­теген дүниелерінің пайда бол­ған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес», деп бүкіл түркі дүниесінің түп қа­зы­ғы, біздің атамекенімізді ерек­ше ардақ тұтады. Елбасы одан әрі жылқы мінген ата-баба­мыз­дың басқа да күнделікті тұрмыс­тық, өмірлік мәдениетті де дамы­та түскенін атап көрсетеді. Жы­лқы­ның қолға үйретілуіне байланыс­ты, тақымына басқан сәйгүлігіне еркін мініп жүруі үшін ер-тұрман, жүген-ноқта, үзеңгі-таға сияқты ат әбзелдерінің, ыңғайлы киімнің, оның ішін­де шалбар мен саптама етіктің дүниеге келуі де көш­­пен­ділер салт-дәстүрінің ажы­рамас бөлігі. Соған орай ағаш­т­ан, темір, қола, тағы басқа ме­тал­­дан жасалатын бұйым­дар көбейген. Құйттайынан ат құ­ла­ғында ойнауды меңгерген ата-баба­лары­мыздың осы өзінің өмірлік серігі – жылқының арқасында ұлы даланы иеленуі заңды болып көрі­неді. Қазақ қазақ болғалы атқа жай ғана мініп қоймай, оның бес тұрманының сақадай сай болуы­на және әдемі болуына зор мән берген. Ер-тұрманды, киім-ке­шек­ті бағалы былғарымен, жалт-жұлт еткен алтынмен әше­кей­леу сол замандардағы тұрмыс­тың да дәулетті болғанын көрсе­те­ді. Жылқыға деген зор құрмет бара-бара оның қымбат ер-тұрм­аны­мен, ал ұрыс үстінде қаза болған жауынгерді өзі мінген атымен бірге жерлеу дәстүріне дейін әкел­ді. Ал аламан бәйгелердің ал­дын бермеген сәйгүліктердің бағасы қазіргі заманның бағасы­мен салыстырғанда да таңдай қақ­тыратыны белгілі. Оза ша­уып бәйге алған тұлпарын үйір­лі жыл­қыға, керек десеңіз бес қарулы батыр мен айдай сұлу аруға айыр­ба­стамаған мысалдар тарихымызда жетеді.

Жылқыменен біте қайна­сып кеткен ата-бабамыздың салт-дәстүріндегі әрбір екі сөздің бірі атқа байланысты болып келеді. Оның көбі өнегелі, тәрбиелік мәні зор мақал-мәтелдерге, даналық сөздерге айналып үлгерген. Қара­ңыз­даршы: «Ат тұяғын тай басар», «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп». Осылай жалғасын таба беретін нақыл сөздер бойыңа рух сыйлайды.

Ұл дүниеге келгеннен бастап «құлыным» деп өсіретін қазақ, сол баланы сүндетке отырғызған бойдан тайға мінуді де үйретеді. Сондай-ақ ұл туғанда, сол күндері туған құлынды немесе ботаны нәрестенің еншісі-бәсіресі етіп атау да ата салты. Баланың бәсі­ресі бәйгеге салса жүлделі, тойға барса мақтанышы, жауға шапса сенімді серігі, ұрыстан аман алып шығатын жүйрігі әрі қаруы дейтін ұлы тілектердің бәрі осы Ұлы дала көшпендісіне тән қасиет.

Халқымыз сонымен бірге «Тұлпар мініп, ту алған», «Топтан озып, бәйге алған» деп жатады. Алғашқысы ұрыс, соғыс жағ­дайын білдірсе, екіншісі бейбіт заман­дағы ас беру кезіндегі, қуа­ныш-той үстіндегі ат жарысын, бәйгені айтқаны. Ат жарысының, атты баптаудың жылқы шаруа­шылығын өркендетумен қатар тәрбиелік мәні де зор. Жарыс­қа қосатын атты таңдап, оны бәй­­геге жаратуға дейінгі ұзақ мер­­зімге бәйге атына шабатын бала оның бапкері, қазақша айт­қан­­да, атбегімен, ат сейісімен бір­ге жүріп, аттың бар қыр-сырын білуі тиіс. Ат сейісінің бар айт­қанын тыңдап, жадында ұс­таған бала бәйге атына бері­летін жемшөп, суының мөл­шеріне дейін біліп, оның нені ұнатып, нені ұнатпайтынын және жаттығу кезінде атының қандай қабілеті, артықшылықтары барына қанығады. Осындай ерекше күтім мен жақсы дайындық қана бәйге кезінде өзінің нәтижесін береді. Тайбурыл, Байшұ­бар болып батырлық, эпостық жырлардан орын алады. Құла­гер, Ақбақай, Маңмаңгер сияқты ән-жырға қосылып, халықпен бірге жасайды. Атты ерекше жарат­қан сейістер мен көріпкел-сыншылардың да есімдерін ел ұмытпайды. «Күреңбайдай сыншы екенсің ғой» деп атбегі­лерін мақтап жатады. «Тайында – қақта, құнанында – сақта, дөненінде – бапта, бестісінде – бәйгіге қосып, бағын сына» деген сөздерді де белгілі сейістер қалдырған. Сондықтан ат қосу, ат шабысы, оның ішінде әрбір қазақтың айызын қандыратын аламан бәйге – қашаннан бергі қазақтың намысы мен жігерін қайрайтын ұлттық спорттың төресі болып саналады. 

Жылқы десе ішер асын жерге қоятын қазақ ат құлағында ой­наудың бар қыр-сырын мең­герген. Елбасы айтқандай: «Бабаларымыз шапқан аттың үстінен садақ тар­ту­ды барынша жетілдірді. Соған байланысты қарудың да құры­лымы өзгеріп, күрделі, ыңғайлы әрі қуатты бола түсті. Масағына қауырсын тағылып, металмен ұшталған жебе берен сауытты тесіп өтетін көбебұзарға айналды... Сарбаз бен оның мінген атын қорғау­ға арналған сауытты да алғаш рет біздің бабаларымыз жаса­ған. Еуразия көшпенділерінің айрықша маңызды әскери жаңа­лығына баланған мұздай темір құрсанған атты әскер осылайша пайда болды».

Шынында да Еуразияның кіндігіне орналасқан Ұлы даланы мекендеген бабаларымыз тұрмыс салттарын, жауынгерлік дәстүрлерін жетілдіріп қана қоймай, Шығыс пен Батыстың арасындағы өркениеттер мен мәдениетті жалғастырудағы алтын көпірдің рөлін атқарды. 

Иә, Ұлы даланың бар қадір-қасиеті, халықтың барлық өне­гелі әдет-ғұрпы, қаймағы бұзыл­маған мінезі сол даланың төсінен орын алған алыстағы ауылдар­да жатқан сияқты көрінеді ма­ған. Ауыл десе, жылқы десе, бар өмірін ат үстінде өткізген әкем Нұрыш пен атақты қара аттың иесі – Қарақұмның сейісі атанған ағам Қарасайдың, талай бәйгенің алдын бермеген тұлпарларды дайындаған Әли көкемнің, жасы жүзге жеткенше, өзінің атын Қуаңға апарып суарып жүретін Бегәлі атамыз­дың асыл бейнелері көз алдыма келеді. Астанада тұрып жатсақ та, Қазалы өңірінде, ауылда, Сары­бұлақта – туған жерде болып жатқан жаңалықтарға құлақ түріп жүреміз. Жақында ауылдың қадірменді қариясы, ұлағатты ұстаз Сражадин Шамұратов өзінің жетпіс жасқа толуына орай дүркіретіп аламан бәйге өткі­зіп­ті. Бәйгеде ауылымыздан шық­қан белгілі кәсіпкер Сайран Әбдіра­сыло­втың торы жүйрігінің шабысына ел-жұрт тәнті болыпты. Ауылдың жыршы-термешілері атақты Балқы Базар термесінің мақамымен терме-жырларын төгіпті. Жүйрікті мақтапты. Ауыл­дың ұлттық коды, бәйгенің бренді деген осы емес пе?!

Әңгімемізді түйіндей келгенде, шыр етіп дүниеге келгеннен бастап ат жалын тартқан ата-бабамыздың тарихынан, салт-дәстүрінен алар өнеге көп. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-таным­дық еңбегінен тарихи сананы қалып­тастыра отырып, мемле­кет­шіл сананы орнықтыру керек екенін ұғасың. Бір сөзбен айт­қанда, өз қадір-қасиетімізді біліп, өткеннен үйреніп, ұлттық код­ты жандандыруға әркім өзінің үлесін қосуы қажет.

Біз жылқы мінезді халықпыз. Осы қасиет бізді қазіргі уақыт көшінен қалдырмай, алға ұмты­луға жетелейді.


Сәдуақас ЖҰБАТОВ,

журналист

АСТАНА

Дереккөз: egemen.kz
ҚОҒАМ 02 сәуір 2019 г. 812 0