Музейдегі мұра

Асадал - қазақтың ұлттық үй жиһазы. Бұйымның атауы ас және адал сөздерінен құралған. Асадал негізінен шкафтың қызметін атқарған, ыдыс-аяқ және азық-түлік сақтауға арналған мүліктің бірі. Ол кебеже, сандықтарға қарағанда биік болып келеді. Этнографиялық деректерге қарағанда асадалдың бірнеше түрі болған және асадалды тұтас түркі халқы  пайдаланған.

Белгілі этнограф  Х.Арғынбаев өзінің еңбегінде асадалдың ең көнесі қазіргі уақытта тумбочка тәрізденіп, енінен биіктігі артық болып жасалса, екінші түрінің ені мен биіктігі шамалас келетінін айтады. Үшінші түрінің биіктігі кебежедей ғана болған. Ал төртіншісі буфет тәрізденіп жасалған асадалдар деп жазады. 1991 жылы Ғани Мұратбаев музейінің қызметкерлері Үрмаш Түктібаев ауылынан Жақсылық Сағадинов есімді кісіден осындай құнды дүниені сатып алады. Асадал қазіргі уақытта Ғани музейінің «Көрме» залында орналасқан. Осы уақытқа дейін өз құндылығын жоғалтпай келген асадалдың түп-тарихын білу мақсатында қазіргі Жамбыл облысы, Бурный станциясында тұратын Жақсылық атаның жұбайы Зылиха Сағадинова әжемізбен байланысқан болатынбыз. Әженің айтуынша асадал шамамен 1915-20 жылдары жасалған, енесі яғни Нұрбибі Толыбайқызының артынан қыз жасауымен бірге келген екен. 

- Енем текті жердің қызы. Әкесі үсен руынан шыққан ишан, өмірін дін жолына арнаған адам болған екен. Асадалды таза ұстаңдар киесі бар деп енем маған дүниеден өтер алдында табыстап кеткен еді. Балалармен Жамбыл облысына көшетін болғандықтан, туған жерімізде қалсын, ескінің дүниесі жаңа ұрпаққа мұра болсын деген оймен музейге табыстаған едік, таза ұстаңдар,- деп батасын берді.

Асадалдың екі ашпалы есігі және маңдай бетінде тартпасы орналасқан. Жиһаздың беткі бөлігінде орналасқан ою-өрнектері келушілердің назарын өзіне аудартып, қызығушылығын арттыруда.  Тартпа беті мен екі ашпалы есігінде, қауызын жарған гүл тәріздес ою бедерленіп, айналасына өрнектер жүргізілген. Осындай әртүрлі ою-өрнектердің бір-бірімен үйлесуі, шебердің ұсталық өнерінің жоғары дәрежеде болғандығын көрсетеді  

Алайда асадалдың толық сипаттамасы қағаз бетіне түспеген. Алдағы уақытта халық арасындағы қолөнер шеберлерінің өткеннен сыр шертетін дүниелері табылып, музейіміздің төрінен орын алады деген ойдамыз.

Әлібек СЕРАЛЫ,

Ғани Мұратбаевтың мемориалдық

музейінің қор сақтаушысы.

ҚОҒАМ 01 сәуір 2019 г. 929 0