Архитектуралық талғам биігінен қарағанда сыртқы көрік-келбеті мен ішкі жарасымы жағынан Қазақстанда әлі теңдесі жоқ мекеме деп бағаланып отырған облыстық медицина орталығы – «Сыр халқының несібесіне бұйырған киелі орын» аталып жүр. Айтудай-ақ бар. Өйткені, Сыр перзенті, дәрігер Тұрғанбай Маханов алғаш негізін салған орталықтың тұрғындарға есігін айқара ашқанына 20 жылдың жүзі болды. Осы уақыттан бері аурухана құрылымдық көрік-келбетімен де, ақадал қызметімен де ел құрметіне бөленіп үлгерді.
Осы орайда урология бөлімінің тыныс-тірлігін ерекше сөз етуге болады. Бөлімді көп жылдан бері білікті дәрігер Исахмет Бәлишаев басқарады. Бұдан басқа 3 дәрігер, 7 медбике бар. Бөлім жылына мыңға жуық науқасты емдеп шығады.
Бөлім меңгерушісі бастаған Еркін Ысқақов, Еркін Ержанов және Рашид Жосқынов сияқты дәрігерлер ота жасайтын алтын қолдарымен, шипалы ем-домы арқасында күн сайын алғыс арқалап жүрген ақ халаттылар. Сондай-ақ, аға медбике Ақжарқын Бисенова бастаған Серіккүл Бисенова, Майра Жүсіпбекова, Әсел Жарылқасынова, Амандық Әбсадықов, Гүлнар Төлегенова және Айгерім Телғозиева сынды медбикелер де үнемі алғыс алып жүрген жандар. Тазалық сақшылары да абыройлы. Олардың адал қызметтеріне куә болып жүрміз.
Қысқасы, бөлімдегі ынтымағы жарасқан жандарға емделушілер айтар ақ тілек пен ақ бата толастамайды.
Өтеген ЖАППАРХАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
«Қызылорда қаласының
құрметті азаматы».