« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
КСРО және ҚР-ның денсаулық сақтау ісінің үздігі, екі бірдей мамандық бойынша жоғарғы санаттағы білікті дәрігер Нағашыбай Халықұлов жайлы сыр-сипат.
Ойды ой қозғайды. Сөзден сөз туады. Міне, міне... Алматының «Ғылым» баспасынан 2011 жылы орыс тілінде жарық көрген «Өмір үшін» (Во имя жизни) анықтамалығын ашып қалдым. Және мұнда Қазақстан Республикасы бойынша денсаулық күзетіндегі озаттардың конкурс арқылы іріктеліп алынғаны баса айтылыпты.
"Ал... Бізден кім бар екен?” деп кітапты парақтай түстім. 179-бетке келгенде өзіме таныс есімге тап болдым. Ол – Халықұлов Нағашыбай Алданышұлы еді.
***
Сол Нағашыбай Халықұлов дәрігермен 1989 жылдың тамыз айының 8-10 күндері «Бөген» жерінде көзбе-көз ұшырасып қалдық. Осы күні КСРО денсаулық министрі, академик Е.И.Чазов Арал қаласына келді. Бірсыпыра әлеуметтік нысандарды көргесін «Бөген» ауылына соғатын болды. Академиктің жанында облыс басшысы С.Шаухаманов, республика денсаулық министрі Т.Ізмұхамедов, облыстық денсаулық бөлімінің меңгерушісі Е.Омаров, Арал аупарткомының хатшысы Б.Ақпанбетов және облыстық «Ленин жолы» газетінің меншікті тілшісі ретінде ұшаққа отырған 12-нің бірі болып, мен де академикпен сапарлас болдым. Теңіздің суы қайтқан. Теңіздің бұрынғы деңгейі 13,3 метрге төмендеп, судың тұздылығы 26,9 пайызға артқан тұсы еді. Сырдариядан жұрт жаяу өтіп жатыр. Осыны өз көзімен көрген Одақтық министр «Әттеген-ай!» дегендей басын шайқап отырды. Ұшақ «Бөген» ауылына қонды. Бірсыпыра нысандарға кіріп шығып, ауылдық ауруханаға бас сұқты. Аула ішінен екі жерге үлкен клумба (гүлдер егілген үйме топырақ) жасалып, гүлдің неше түрін жайнатып қойған екен.
Министр:
– Ау-у, мұнда да осындай тамаша гүлдер өседі екен-ау, – деді Ернияз Омаровқа қарап.
– Евгений Иванович, қалауын тапса, қар жанады деген, экологиялық апат аймағында тұрса да, аурухана ауласын оазиске айналдырған мына бас дәрігер Халықұлов пен аға медбике Елесееваның еңбегі ғой, – деді оларды академикке таныстырып.
– Айтыңызшы, жолдас дәрігер, – деді министр Халықұловқа, – ауылда аурудың қандай түрлері кең тараған?
– Балалар арасында жедел ішек аурулары, ал ересектерде вирустық гепатиті (сары ауру) басым, – деді Нағашыбай Алданышұлы.
– Ал, оны азайту үшін не істеу керек?
– Бұл аурулардың таралуы тікелей ауыз суға байланысты, сондықтан да халықты ең әуелі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету қажет деп ойлаймын.
– Ым... М, солай деңіз!
Аурухана іші мұнтаздай таза, әрі жатар орындары да жұтынып тұр екен. Аға медбике Вера Елесеева да акедемиктің бірсыпыра сауалдарына тұшымды жауап берді. Бұларға разы болған министр көмекшісіне бұрылып:
– Екеуінің аты-жөнін жазып қойыңыз, – деді.
***
Н.Халықұлов Бөген учаскелік ауруханасын басқарған 12 жыл (1978-1990 жылдары) ішінде үлкен тәжірибе мектебінен өтті. Ол ауылдық дәрігер барлық сала бойынша мамандану қажет екенін жете түсінді. Мәселен, хирургпін деп, азқазан сырқатын емдеуден бас тарта ала ма? Жоқ, олай ете алмайды. Сол себепті де күні-түні оқуына, ізденуіне тура келді. Қиналған, қысылған тұстары көп болды, бірақ әр кез жол таба білді. Түске дейін ауруханада, түстен кейін емханада сырқаттарды қабылдады. Жүз шақырымдық шалғайдан қалаға сандалтпай, жеңіл-желпі отаны өзі жасады. Үйдегі науқастарға шақыру да ешбір толастаған емес. Ауруханаға Қарашалаң, Көне Бөген, Аққұлақ, Аманөткел, Хан, Көктем елді мекендері қарайтын-ды. Оларды да оқтын-оқтын аралап, емдеу-профилактикалық шараларды ұдайы жүргізіп отырды. Экологиялық апат аймағының кіндігі саналғандықтан да мұнда партия, кеңес қайраткерлері жиі соғып тұрды. Н.Халықұловтың Қазақстан Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Назарбаевпен, С.Құбашовпен, Е.Әуелбековпен, М.Шахановпен, министр Т.Ізмұхамедовпен, В.Брынкиндермен қол алысып, аурухананың жағдайынан толық хабардар етті. Е.Әуелбековтің пәрменімен 1988 жылы жаңа аурухана салынды, М.Шаханов санитарлық автокөлік алуға ықпал етті.
Учаскелік аурухананың тұрғындарды емдеу көрсеткіші жылдан-жылға арта түсті. Бұл жетістіктері ескеріліп 1986-1987 жылдары Бөген учаскелік ауруханасы қатарынан екі рет облыстың ауыспалы Қызыл туына ие болды. Осы табыстардың бәрі таразыға түсіп елеп-екшеленсе керек, 1990 жылдың 21-мамырында Н.Халықұлов пен В.Елесееваға КСРО денсаулық министрі Е.И.Чазовтың №162-Н бұйрығымен «СССР денсаулық ісінің үздігі» атағы берілгенін баспасөзден оқыдық. Мұндай ірі құрметтің Одақтан келуі әркімге бұйыра бермейтін бақыт еді.
***
Учаскелік аурухананы басқарудан рекорд жасаған Н.Халықұлов 1990 жылы аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасарлығына ауыстырылды. Бөгендіктер қимай-қимай қоштасып, есімі жазылған парсы кілемін ескерткіш болсын деп сыйға тартты. «Осы кілемге көзің түскенде жалынды жастық шағың, елдің риясыз алғысы ойыңа оралар» деді. Айтқандай-ақ, әлі күнге дейін солай. Және бір он жыл өткенде, денсаулық сақтау саласындағы реформаларға байланысты, жаңадан бой көтерген аудандық емхананың бас дәрігерінің медицина бөлімі жөніндегі орынбасарлығына тағайындалды. Осы қызметте ол тағы да соны қырынан көрінді. Бұл тұста барлық медициналық ұйымдарды аккредиттеу басталған-ды. Аккредиттеу-медициналық қызмет көрсетудегі сәйкестігін анықтау, сараптау, тексеру еді. Жеті блоктан тұратын емдеу мекемесі 1200-ге таяу талапқа сақадай сай болу керек-ті. Аламат жұмыс басталды. Күні-түні дамыл таппады. 23 күн дегенде емханаға төрт жылға аккредиттен өтті деген сертификат берілді. Атап өтерлігі, бірсыпыра аудандардың ғана емес, облыс орталығындағы медицина ұйымдарының біразы аккредиттеуден өте алмай қалды. Н.Халықұловтың осындай біліктілігі есепке алынып, 2010 жылдың қорытындысымен «ҚР-ның денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі омырауында жарқырады. Бұл оның алған екінші «Үздік» атағы еді. Ал 2011 жылы Н.Халықұловтың есімі «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі қызметкерлері» атты құрмет кітабына енгізілді. 1999 жылдан бастап гастроэнтеролог мамандығына дайындықтан өтіп, бұл жұмысты да қоса атқарды. 2005 жылдан терапия, 2007 жылдан әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтауды ұйымдастырушы-дәрігер мамандықтары бойынша жоғары санатты біліктілік дәрежесіне көтерілді. Көрдіңіз бе, бір емес, екі бірдей мамандықтан жүлдегер биігіне шығып отыр.
Қалаға ірге аударғанына да ширек ғасырдай уақыт өткен, жалпы медицина саласында 37 жыл тер төккен азаматты дәстүрлі мерекесімен құттықтау ниетімен бұрынғы жұмыс орнына хабарласқан едім, ондағылар:
– Халықұлов па? Ол ағай құрметті еңбек демалысында ғой, – деді.
КСРО және ҚР-ның денсаулық сақтау ісінің үздігі, екі бірдей мамандықтан жоғары санатты біліктілігі бар Н.Халықұловтың да рахаттана демалуға құқығы бар-ды. Ж.Баласағұн бабамыз «Істі білгенге тапсыр!» депті. Жұбайы Күнхияш та денсаулық күзетінде. Төрт ұл-қызы да дипломды мамандар, әр салада қызмет етеді.
Шәкірат Дәрмағамбетұлы,
республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер,
журналист.
Арал қаласы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |