«ҚАЗІРГІ КӨРЕРМЕНДІ КҮЛДІРУ ОҢАЙ ЕМЕС»

Актер, «Тамашаның» тарланы Асылбек Боранбаев:

Әзіл – көпшіліктің көңілін көтеріп қоймай, тыңдап, көріп отырған адамға ой салып, ойландыратын ерекше құрал десек болады. Бүгінде айтар әзіл-қалжыңың өткір де жарасымды, шынайы болмаса, бір қауым елді таңғалдыру мүмкін емес. Себебі, заман талабына сай көрерменнің де талғамы өзгерген. Десек те, көрерменнің көзайымына айналып, халқына риясыз күлкі сыйлап, көңілдеріне ой салып жүрген жандар да арамызда бар. Солардың бірі «Тамаша» әзіл-сықақ театрының бас режиссері, актер Асылбек Боранбаев. Ағамызбен әңгімелесу академтеатрының өңірімізге іссапары кезінде бұйырған болатын. Соны назарларыңызға ұсынамыз.

 

– Асылбек аға елге келіп жатыр­сыз. Көңіл-күйіңіз қалай? Туған жер­ге қаншалықты жиі келіп тұрасыз?

– Көңіл-күйім өте жақсы. Осы жердің азаматы болғандықтан жүрек қағысым бөлек. Елді сағынып келдім. Тоймен келіп тұратыным болмаса, жиі келе бермеймін. Өзім Аралда ту­ып өскенмін. Туған жерге сол 2-3 жылда ағайын-туысқа сәлем беруге, балаларыма елді көрсетуге арнайы келемін. Менің қайдан шыққанымды, қай жерде өскенімді көрсін деп оларды әкеліп, Аралдың топырағына аунатып, түйесіне мінгізіп қайтатын кезім болады.

– Шығармашылық жолыңыз жайлы айтып өтсеңіз.

– Менің шығармашылық жолым 1989 жылы Т.Жүргенов атындағы Ал­маты мемлекеттік театр және көр­кем-сурет институтына түсуден басталды. Сол жерде ҚР халық әр­тісі Тұңғышбай Жаманқұловтың ше­­берханасынан бітіріп шықтым. 1992 жылы М.Әуезов атындағы қа­зақ мемлекеттік академиялық дра­ма театрының актері болып қа­был­дандым. Қазір де өзімнің басты жұ­мысым осы театрда қызмет атқарып келемін. Бұл жер мені талай рөлдерде ойнап, шыңдалуыма, талай биіктерге жетуіме мүмкіндік берді. Бүгінде мен Қазақстан жастар сыйлығының лауреаты, 2011 жылы Елбасының Жар­лығымен ҚР еңбек сіңірген қай­раткері атандым. Осының барлығы 20 жылдық еңбектің нәтижесі деп ойлаймын.

– Қазіргі сәтте «Тамаша» әзіл-сықақ театрында да бас ре­жис­серсіз. Екі жақтың жұмысын қатар алып жүру ауыр емес пе?

– Иә, ағаларымыз аманат етіп кеткен театрды басқарып жүр­мін. Жақында «Тамашаның» 35 жыл­дық мерейтойын өткіздік. Өкініш­тісі, театрдың негізін қалаған ағала­рымыздың ортамызда болмауы. Де­­­­ген­мен, өздері болмаса да, елге, ха­­лыққа қалдырған өнер ошағының жұмысын барынша өркендетуге ты­ры­сып жатырмыз. Қос театрдың мақ­саты – халыққа қызмет ету. Сон­­дықтан маған ауыр емес. Ки­но­ға да түсіп, театрда рөлімізді сом­­дап, «Тамашаның» да жұмысын жан­­дандыруға үлгеріп жатырмын. Қар­балас тіршілікке үйреніп кеткен­діктен, өзіме ыңғайлы.

– «Тамаша» дегенде бірінші көз алдымызға Құдайберген Сұлтанбаев, Мейірман Нұрекеев, Тоқсын Құлы­беков ағаларымыз келеді. Олардың орны бір төбе болатын. Театрдың бү­гінгі жастары осы кісілердің ор­нын толтыра алып жүр ме? Жас­тардың деңгейі қандай?

– Ол кісілердің орнын ешкім толтыра алмайды. Өзіңіз айтып отыр­ғандай, орны бөлек жандар. Өйткені, сатираны халыққа таныстырып, әзіл-сықақ театрының негізін қалап, шы­мылдығын ашқан сол кісілер ғой. Бірақ өмір болғаннан кейін аға толқынның ізін басатын міндетті түрде орта, кіші буындардың бола­ты­ны заңдылық. Бұл тарландар кет­кенмен, басқа жас буындар келіп жа­тыр. Қазір талантты, өнерлі жастар көп қой. Олардың да өздеріне тән ой-өрнегі, өнері бар. Жастардың деңгейі жаман емес. Рас, баяғы «Тамашаның» орнын толтыра алмай жатырмыз. Де­генмен, болашақта киелі өнер ордасы бәрібір қайтып келеді.

– Қазір халық арзан күлкіден шар­шады. Әр әзілдің астынан салмақты ой, шынай шындықты, астарлы ақи­қатты көргісі келеді. Бірақ ондай дү­ниелер аз. Бұл сатириктің әзілінің әлсіздігі ме, әлде жеткізушінің кем­шілігі ме? Неліктен көрермен тал­ғамын қанағаттандыра алмай жа­тырмыз?

– Білесіз бе, жақсы шығарма бол­са, жақсы актер оны жандырады. Көп жерде өзім ойнағым келмеген дү­ниені амалдың жоқтығынан ойнап жа­татын кездерім болады. Өйткені, қазір сатирик жоқ. Саусақпен са­нар­лықтай, тіпті, сатира жазатын ав­торлар онға да жетпейді. Ал, кезінде «Тамаша» неге мықты болды? Ол кез­де «Тамаша» жалғыз болды, әрі онда әзіл жазатын авторлар көп болды. Ос­панхан Әубәкіров, Берқайыр Аман­шин, Сейіт Кенжеахметов, Шо­на Смаханұлы, Үмбетбай Уайдин, Ғаб­бас Қабышов сынды мықты тұл­ғалар жазған дүниелер театрдың ға­на емес, актерлардың да бағын жан­дырды. Енді мынаны қараңыз, сол уақыттағы әзіл өз кезінде күлкілі еді. Тамашаның басынан бастап, Құ­­дайберген Сұлтанбаев ағамыз ой­наған тұсқа дейінгілерді осы кезде көрсем мен күлеймін. Маған күлкілі емес, бірақ сол кезде күлкілі болды. Бүгінде сол әзілмен көпшілікті күл­діре алмайсың. Себебі, заман басқа, уақыт пен талап та басқа. Оның үсті­не көрерменнің талғамы өзгерді. Әри­не, қазір жеңіл күлкіге әуес бо­лып кеттік. Кейбір жастарымыз тез танымал болғысы келеді. КВН ойнаймын деп өздерін театр актер­ла­рымен тең ұстайтындары да бар. Артист болу кез келген адамның ма­зағы емес. Ол үшін де оқу-білім ке­рек, қасиет қажет. Сондықтан мен «Тамашаның» актерларына арзан әзіл­ге әуес болмауды үнемі айтамын. Өйткені, біздің өз көрерменіміз бар. Біз жұртты көп күлдіре алмасақ та, көрсеткен әр сатирамыздың аста­рында шынайы көп дүние жатыр. Кө­рермен күлу үшін емес, күліп оты­рып жылап кету үшін келу ке­рек. Өзінің кемшілігін, қоғамда бо­лып жатқан ақиқатты біз ұсынған шы­ғармаларымыздан көре білуі қажет деп ойлаймын.

– Соңғы 4-5 жылдың көлемінде қазақы қалжыңмен халыққа қызмет етіп жүрген жас театрлардың қа­тары көбейді. Бұның сатираның сапасына әсері қандай? Бұл театр­ларға көңіліңіз тола ма?

– Менің ойымша көбейгені дұрыс. Ешқайсысына да жаманшылық тіле­меймін. Әркім қолынан келгенін жа­­сайды. Автор жоқ заманда кімге кі­нә артамыз? Бірақ, әрбір театрдың актерлары өздерінің мәдениетін білу керек, сахнаның қасиетін ұғынуы шарт. Сахна киелі, жаман іс-әрекет жа­сасаң, сені ысырып тастайды. Мұ­ны көп жастар түсіне бермейді, осы­ны ұғынса деймін. Бір жағынан жас театрлардың қатары артқан сайын бәсеке туады. Бәсеке бар жерде даму, алға ілгерілеу бар. Қазір халықтың кө­зі ашық, көкірегі ояу. Өзіне керегін алады. Уақыт өте келе сапасыз дү­ние сахнадан өздігінен шығып қа­ла­ды. Сондықтан жас театрларға көз­қарасым түзу.

– Қайта өзіңіздің шығармашы­лы­ғыңызға қарай ойыссақ. Осы уақыт­қа дейін көптеген ірі тұлғалардың бейнесін сомдадыңыз. Өзіңізге жа­қы­ны қайсысы? Болашақта қандай рөлдерді сахналағыңыз келеді?

– Шынында да осы кезге дей­ін біраз рөлдерді ойнаппын. «Қара­көздегі» – Сырымды, «Айман-Шол­пан» пьесасындағы – Арыстанды, Го­­гольдің «Ревизорындағы» – Хлес­та­ковты, «Мөлдір махаббатта» – Мү­сәпірдің, қазақтың ханы Қасым­ханның бейнесін сомдадым. Бұлар­дың әрқайсысының орны ерекше. Бұл бейнелердің менің актерлық қырымды танытуда, шеберлігімді көрсетуде маңызы зор болды. Әлі де ойнағым келетін рөлдер өте көп. Келешекте Ақан серіні, Әбілхайыр, Жәңгір сияқты ұлы тұлғаларды сах­налағым келеді.

– Сізді не нәрсе толғандырып жүр? Қоғамда орын алып жатқан жайттарды өзіңіз сомдаған бейне­лер арқылы халыққа жеткізе алып жүрсіз бе?

– Мені толғандыратын дүние өте көп. Ең бірінші, жастардың тәрбиесі, дініміз, тіліміз алаңдатады. Бүгінде жастарымыздың дінге бет-бұрысы тү­зелді. Бұл қуантарлық жайт, бірақ, өзге ағымның ізіне түспесе деймін. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» де­ген­нен де қалып барамыз. Қазіргі кезде әдебиетімізде орташа деңгейде. Оқи­тын кітап таба алмайсың. Мүл­дем жоқ деп те айта алмаймын. Де­­генмен, бар дүниенің жарыққа шы­­ғып, жазушыларымыздың еңбе­гі­нің насихатталуы аз. Жақсы ақын-жазушыларымыз тек өнер ор­­тасында ғана таныс, халыққа ке­ңінен танылмай жатыр. Осы тұр­ғы­дан алғанда әдебиетіміздің да­муы­на ерекше көңіл бөлініп, әде­би­ет алаңына шығып келе жатқан жас­тарды қолдайтын мемлекеттік бағдарлама болса деймін. Ал, осы сияқты келелі мәселерді өзім бей­нелеген рөлдер арқылы көрсете алып жүр­мін деп айта аламын. Мәселен, бір ғана «Қазақтар» қойылымында ді­ні­міз, тіліміз, жерімізді сақтау тура­сында қаншама тағылымды нәрселер айтылады. Халықты бірлікке, та­ту­­лыққа шақыратын мұндай қойы­­лымдар жетерлік.

– Өнер айналасындағы ауқымды мәселелерді талқылап бітіру мүмкін емес. Көптеген көкейде жүрген сау­алға жауап беріп жатырсыз. Сұқ­бат соңында өзіңіздің құрған ота­ныңыз жайын айтып өтсеңіз.

– Менің отаным – отбасым. Ата-анам Аралда тұрады. Әйелім Гө­зел екеуміз үш қыз, бір ұлды тәр­биелеп отырмыз. Олардың жақсы аза­мат болып өсуіне барынша ең­бек сіңірудеміз. Ендігі жерде сол ба­лаларымның қызығын, қуанышын көрсек деймін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

М.ОТАРАЛЫ.
ҚОҒАМ 07 маусым 2014 г. 1 524 0