Қай салада болмасын, еңбекқорлығымен, жауапкершілігімен, тынымсыз ізденімпаздығымен биік белестерді бағындырып жүрген нәзік жандар аз емес. Мереке қарсаңында өз ісінің майталманы болған сол жандар жайында айтқымыз келді.
Айжан Аралбайқызы – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда облыстық филиалының «Бизнесті дамыту» бөлімінің І санатты маманы. Мамандығы – қаржыгер. Бұл салада 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді.
«Банк саласында көбіне нәзік жандар жұмыс істейді. Себебі, олар табиғатынан есеп пен үнемге бейім және халықпен оңай тіл табысады» дейді ол.
Бүгінде банк филиалында барлығы 28 адам жұмыс істесе, соның 14-і қыз-келіншектер. Банк – қайнаған жұмыс ортасы. Халықпен тығыз байланыста жұмыс жасайтын бұл банк халықты баспанамен қамтамасыз етуге қызмет етеді. Кеңес сұрай келген әрбір тұрғынның жағдайын тыңдап, табысына қарай баспана алудың жолын көрсетуден жалықпайтын Айжанды өз туысындай көріп кететіндер аз емес екен. Тіпті, кейін көшеде кездесе қалса, құшағын жаятындар да бар. Бұл білікті маманның кез келгенмен жатырқамай тіл табысатын қасиетінен болар.
– Өткен жылдың қараша айында 25 адамға несие рәсімдеуге көмектестім. Бір айда 25 адамның қуанышына куә болу, олардан алғыс алу әсерін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір сөзбен айтқанда, өзіміз баспана алғандай әрқайсысымен бірге қуанамыз,- дейді ол.
Айжан өз саласының білікті маманы ғана емес, бір әулеттің келіні, сүйікті жар, аяулы ана.
Қайбір жылғы 8 наурыз қарсаңындағы мына қызық оқиға Айжанның есінде. Мереке алдында бір азамат әйелін банкке ертіп әкеліп, мерекемен құттықтап, сыйлық ретінде депозит ашып бергені қуантыпты. Бұл да бір ерекше сый екені рас.
Кейіпкеріміз қоныс тойды ерекше жақсы көретінін жасырмады. «Әр отбасы баспаналы болып, қуанып жатса, қандай керемет! Бұл қуанышпен бөлісудің әсері бөлек. Қоныстой көбейе берсін!» деген тілегін жеткізді Айжан Аралбайқызы.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА