БІЛІКТІ БАСШЫ, БІЛІМДІ ДӘРІГЕР

Бүгінгі қоғамда әйелдер араласпайтын сала жоқ. Нәзік жандыларымыз қай мамандықты да меңгеріп, ер кісілермен иық тіресе еңбек етіп жүр. Қарапайым қызметтен басшылық сатыға дейін көтеріліп, сол саланы жандандырып жүргендері қаншама?! Солардың бірі – Қызылорда қаласындағы №3 емхананың бас дәрігері Гүлстан Мақсұтова.
№3 емхана – облыс орталы­ғындағы ең ірі емдеу, алдын алу мекемесі. Емхана 62 мың тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. Онда 500-ден аса қызметкер еңбек етеді. Осынша тұрғынға қалтқысыз қызмет жасау үшін шаруаның көзін тауып, істі ұйымдастыра білу, үлкен ұжымды басқару оңай емес, әрине. Ол үшін басшыға үлкен білім мен білік, еңбекқорлық, шыдамдылық және өз ісіне деген сүйіспеншілік пен адалдық қажет екені белгілі. Гүлстан Әубәкірқызының бойынан та­былатын осы қасиеттер оны іскер басшы, білікті маман ретінде ұжым ортасында, әріптестер арасында абырой биігінен көрсетіп келеді.
Гүлстан Әубә­кір­қызы өзінің ши­рекғасырлық ең­бек жолында іздену­ден, білімін жетіл­діруден жалыққан емес. Жоғары санатты маман осы уақыт ара­лығында «Терапияның таң­даулы сұрақтары», «Денсаулық сақтау менеджменті», «Міндетті әлеуметтік сақтандыру», «Қо­ғам­­дық денсаулық сақтау­дың шұғыл қызметтері» тағы бас­қа тақырыптарда білімін жетілдірген.
Білікті маман, қабілетті басшы, білімді дәрігердің еңбегі өз кезегінде бағаланып та жүр. Оның өткен жылы азаматтардың денсаулығын сақтау ісіне қосқан жеке үлесі, мінсіз адал еңбегі үшін «Құрмет грамотасымен» марапатталғаны, «Медицина саласының үздігі» атануы осы сөзіміздің дәлелі.
Әріптестері арасында абыройлы маман, ұжымдастары ортасында білікті де іскер басшы, ақ халатын кір шалдырмаған шипагер Гүлстан Мақсұтова сонымен бірге ардақты ана, берекелі отбасының ұйытқысы болып отырған сүйкімді жан. Мерейлі мереке қарсаңында Гүлстан Әубәкірқызына бағын­дырған абырой биігіңіз аласармай, мерейіңіз үстем бола берсін деген ақ тілегімізді арнадық.
Айнұр БАТТАЛОВА.
ҚОҒАМ 07 наурыз 2019 г. 1 735 0