БЕС ЖАСАР ЗЕРЕК БАЛА

БЕС ЖАСАР ЗЕРЕК БАЛА

Архимедтей болу үшін Грекияда дүниеге келу міндетті емес. Себебі, Сыр өңірі таланттардан кенде емес. Талабы таудай, талайды таңғалдырған 5 жастағы Ерхан Исламбек елді өз аузына қарата білді. Бұқаралық ақпарат құралдарының назарына іліккен бүлдіршін бізді де бейжай қалдырмады.Осы мақсатта бізде Ерханмен сұхбат жүргізген болатынбыз. «Мен өскенде математик болғым келеді. Мен ақылды баламын» деп сөзін бастаған бала келешегінен үлкен үміт күттіретіндігін аңғартты. Ол үшін миллионға дейінгі санды ойша сарт-сұрт қосып,азайту қиын емес. Ерекше дарын иесі қатарластарынан әлдеқайда биік тұр. 5 жасар балалар ойыншықты жанына серік етсе, Ерхан мидың дамуына ерекше қарқын беретін шахмат ойынымен шұғылдануда. Аталмыш ойынды ересектермен ойнап, талайды тізе бүктірсе, кейбіріне ойынның қыр-сырын үйретіп келеді.

Гүлбарам Мекеева, Ерханның әжесі:

– Балабақшада жүрген кезінде тәрбиешілері «Әжесі-ау, мына баланың таланты өзгеше ғой, өзгеше, басқа балаларға қарағанда. Байқамадыңыз ба?», –деді. Сол кезде барып байқадым.

Мектеп табалдырығын аттамай тұрып әліппедегі 42 әріпті де түгел жаттап, мәтінді зуылдатып оқып жүр. Ерхан биыл мектепке барады. Сондықтан әжесі немересінің оқуға дайындығын мықтап қолға алыпты. Мұғалімдер жалдауды да ойластырып отыр. Баланың бірінші емес, бірден екінші сыныпқа барғанын қалайды.

Ойы зерек, сөзі салмақты бүлдіршін жақындарының үкілі үмітіне айналды. Тіл-аузымыз тасқа. Вундеркинд бала Ерханның болашағынан үлкен үміт күтеміз.

Жарасхан ӨТЕБАЛИЕВ,

ҚМУ студенті.
ҚОҒАМ 07 маусым 2014 г. 977 0