ӨЛЕҢМЕН ӨРІЛГЕН КЕШ

ӨЛЕҢМЕН ӨРІЛГЕН КЕШ

Көлге бауырын төсеген,

Аққуым да осы – Өлең.

Көгергенде көсегем

Шаттығым да осы – Өлең... Бұл қара өлеңнің құдіретін көпшілікке жеткізіп, оны жанына серік еткен, ақын Исрайл Сапарбайдың жүректен туған жыры. Ақындық әлемімен оқырманның көңіл төрінен орын алған жыр дүлдүлінің шығармашылығы бүгінде барша жұртқа жақын әрі жақсы таныс. Ақындық пен сазгерлікті қатар алып, драматургия жанрында да қалам тербеп жүрген И.Сапарбай өткен бейсенбіде Сыр жұртшылығымен қауы­шып, «Мәртебелі мейман» жобасында қонақта болды. Болашақ университетінің ұйымдастыруымен өткен салтанатты шарада ақын өзінің көркем ойлары мен жырларын жолдап, өз оқырмандарымен сырласты. Өрелі әңгіме, әдемі естеліктер айтылған шығармашылық кешті ақын Шакизада Әбдікәрімов жүргізіп отырды. Қос ақынның сырласуынан туған жайдарлы кеш барша көрерменге жақсы көңіл-күй сыйлай алды. Себебі, әсем ән, әсерлі жыр, шынайы өмір толғамдары мен бүкпесіз ойлар осы кеште өрілді. Кеш барысында ел ағалары Сәпен Аңсатов, Қазыбай Құдайбергенов сөз алып, ақынға деген ыстық лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, Сыр жастарына тағылымы мол осындай рухани кеш сыйлаған университеттің негізін қалаушы әрі ғылыми жетекшісі Бақберген Досманбетовке алғыстарын жеткізді.

ӨЛЕҢМЕН ӨРІЛГЕН КЕШЖастардың бойына ұлттық құндылық­тарды сіңдіріп, оларға рухани азық беруді көздеген кеште жиылған көпшілік ақынның шығармашылығымен етене танысып, көкейлерінде жүрген түрлі сауалдарға жауап алды. Кештің ең басты ерекшелігі оқу ордасы жанынан ашылған студенттер театрының алғашқы шымылдығы осы И.Сапарбайдың пьесасына құрылған «Ауылдан келген ару» қойылымымен түрілуі. Қойылымдағы рөлдерді аталмыш білім ошағының студенттері сомдап, барша көрерменге ерекше әсер қалдырды. Кеш соңында кездесуге келіп, өзінің жалынды жырларымен бөліскен мәртебелі мейманға «Болашақ» университетінің ғы­лыми жетекшісі Бақберген Досманбетов университтеттің «Құрметті профессоры» атағын табыс етті.

 

М.ОТАРАЛЫ.
ҚОҒАМ 07 маусым 2014 г. 1 200 0