ХАЛЫҚ МYДДЕСІМЕН САБАҚТАС САЛА
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның зейнетақы жүйесі әлемдік озық тәжірибелерге сүйене отырып, көптеген елдерге өзінің жаңашыл идеяға толы өміршең үлгісін танытты. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Елбасы өз Жарлығымен қазан айының соңғы жексенбісін «Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні» етіп жариялады. Мереке қарсаңында газет тілшісі Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың Қызылорда облыстық филиалының директоры, ҚР Еңбек, әлеуметтік сала қызметінің үздігі Салхадин Мырзабековке жолығып, халық өмірінде маңызды орын алатын әлеуметтік саланың бүгінгі жай-күйі, алдағы міндеттері туралы айтып беруін өтінген еді.
– Салхадин Мырзабекұлы, тәуелсіздігіміздің елең-алаңында жаңадан құрылған жүйенің осы жылдар аралығында халыққа мінсіз қызмет атқарып келе жатқанын жақсы білеміз. Алғашқы ұйымдастыру жұмыстары қалай басталды? Әңгімемізді осы сауалдан бастасам деймін.
– Кез келген жүйенің өзіндік міндетіне сай құрылу тарихы болады. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны мекемесі құрылды. Осы Үкімет қаулысы негізінде 1997 жылдың шілде айынан бастап, мемлекеттік орталықтың Қызылорда облыстық филиалы құрылып, Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңына сәйкес тиісті міндеттер атқарылды.
Бастапқыда өз жұмысын әлеуметтік жеке код (СИК) тағайындаудан бастаған, небәрі штат кестесі 94 адамды құрайтын облыстық филиалын ол кезде халықтың бірі білсе, бірі біле бермейтін. Уақыт өте келе тұғырлы тәуелсіздігіміздің жемісіндей болған облыстық зейнетақы төлеу орталығының қызмет өрісі кеңейді. Атап айтқанда, зейнетақы, мүгедектігі, асыраушысынан айрылу жағдайы, жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы, 18 түрлі арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, №1,2 тізім бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақы, бала тууына байланысты жәрдемақы, 1 жасқа дейінгі бала күтіміне төленетін жәрдемақы, т.б барлығы 42 төлемнің түрі бойынша құжаттар қабылданып, халыққа қызмет көрсетіле бастады.
Бүгінгі таңда облыстық филиалдың 7 аудандық, екі қалалық бөлімшесі бар.
Төлем жүргізу барысында 2-ші деңгейлі банктермен, әділет басқармасымен, халыққа қызмет көрсету орталығымен, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен, білім басқармасымен, көші-қон полициясы бөлімшелерімен тығыз байланыста жұмыс жасап, айына 3,6 млрд. теңгеге төлем жүргізіп, зейнетақы, жәрдемақы төлемдерін айма-ай төлеп, зейнеткерлер мен жәрдемақы алушылардың алғысына бөленіп отырған жайымыз бар.
– Орталықта заманауи үлгіге сай жаңа ақпараттық жүйелерді пайдалану, яғни құжаттарды электронды түрде қалыптастырудың жағдайы қалай?
– Облыс бойынша 1998 жылы айына 48534 зейнеткерге 189 млн. теңге көлемінде төлем жүргізілген болса, 2013 жылы облыстық филиал арқылы төленетін төлемнің түрі 42-ге жетіп, ай сайын 238087 алушыға 3,6 млрд. теңгеге төлем жүргізілуде.
Алғашқыда қабылданған құжаттармен іс макеттерін дайындау жұмыстары тек қағаз түрінде жүргізілді, ал 2005 жылдан бастап жаңадан тағайындалатын төлем түрлері бойынша макеттер компьютерлік бағдарламалар жүйесімен және қағаз түрінде дайындалып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің Қызылорда облысы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментіне бекітуге жолданып отырды. 2011 жылдан бастап әлеуметтік төлемнің барлық түрі бойынша қабылданған құжаттар берілген бағдарламалар бойынша электронды түрде қалыптастырылып, бекітуге электронды түрде жолдануда. Бұл төлем орталығында компьютерлік техника жүйесінің даму деңгейінің қол жеткізген жетістіктерінің бірі болып табылады. 2002 жылдың шілде айынан бастап барлық төлем түрлері орталықтандырылған мәліметтер жүйесіне біріктірілді. Яғни, филиал қызметінің негізгі мәні осы төлемдерді мезгілінде төлеу болатын болса, зейнетақы төлеу мәселелеріне байланысты мәліметтердің орталықтандырылуына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында атап көрсетілгендей, 2007 жылдың қаңтар айынан бастап барлық төлем түрлері ағымдағы айға төленуде.
Айта кететін тағы бір жетістігіміз, «Электронды үкімет» порталы арқылы да құжат қабылдаймыз. Бұл адамдардың уақытын үнемдеуге септігін тигізетін маңызды құрал болып табылады. «Электрондық үкімет» порталы арқылы үйде отырып-ақ ғаламтор арқылы кейбір анықтамаларды алып, жәрдемақыға өтініш тапсыруға мүмкіндік бар. Портал азаматтардың уақытын үнемдеу, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, Қазақстанның барлық облыстарындағы Зейнетақы төлеу орталығының облыстық және қалалық, аудандық бөлімшелерінде жаңа байланыс желісі ІP телефоны іске қосылды. Бұл жаңа техниканың тиімділігі – әр маманға орнатылғандығы және де бір мезгілде мамандар бір-біріне тәуелді болмай желіні пайдалана алады. Кез келген бағытта Қазақстанның барлық облыс, қала, аудандарына және ЗТМО-ның барлық бөлімшелерімен тілдесе алады.
Филиал бөлімшелері өз жұмысын, яғни зейнетақы және жәрдемақы төлемдерін төлеуді 1998 жылы тек «Халықтық банк» арқылы ғана жүргізген болса, бүгінгі күнге 9 банкпен – «Халықтық банк», «БТА», «Казкоммерцбанк», «БанкЦентрКредит», «Альянсбанк», «АТФ банк», «Темірбанк», «Құрылыс жинақ банкі», «Цесна банк» және «Қазпошта» арқылы төлемдер жүргізеді. Қазіргі заманға сай зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерін тек есеп-шоттарына ғана емес, пластикалық карталарға аудару да жолға қойылды.
Филиал бөлімшелерінде қызмет көрсетіп отырған әлеуметтік саланы жетік меңгерген тәжірибелі мамандарымыз электронды қызмет көрсетуді жетілдіре отырып, ақпараттық технологияларды пайдалануда.
– Саланың жұмысын өрге бастыратын білікті басшылар мен мамандар екені дәлелдеуді қажет етпейтін қағида. Сондықтан бүгін олардың есімдерін атап өту орынды болар деп ойлаймын.
– Тәуелсіздік жылдары қиын асуларды еңсерген еліміз бүгінде аяғына нық тұрып, дамыған мемлекеттермен терезесін теңестірді. Бұл ретте әлеуметтік сала қызметкерлерінің де атқарған игі істері аз емес. «Әлеуметтік сала қызметкерлері күні» барша әріптестерімді атаулы мерекемен құттықтай келе, 16 жыл көлемінде қол жеткізген жетістіктеріміз мәуелі бәйтерек болса, оған жетуге аянбай еңбек еткен білімі терең, қажыр-қайраты мол, сауатты, ынтымағы жарасқан ұжым басшылары болғанын атап өткім келеді. 1997-2000 жылдары облыстық филиалының директоры қызметін атқарған Төлеген Имановтың бастаған көшінен кейін Галина Ганскаямен, Сұлтанбек Махамбетов қызметтерін мінсіз атқарғанын айрықша атап өткім келеді. Сонымен қатар, облыстық филиалдың өркендеуіне өз үлестерін қосқан қалалық, аудандық бөлімше басшыларының, филиал қызметкерлерінің еселі еңбектері мақтан тұтуға әбден лайықты. Атап айтар болсақ, өмір жолы келер ұрпаққа өнеге болатын, кәсіптік шеберліктері мен білімдерін әлеуметтік салаға арнаған, қаншама жас мамандарды тәрбиелеп, бағыт берген ұстаз, бүгінде құрмет демалысындағы зейнеткерлер Амангелді Кұдайбергенов, Базаркүл Сейдахметова, Кенжебай Ахмет, Кұралай Әбілхайырова, Мэлс Бимұрзаева, Сейтхан Аманжолұлы, Балғабай Итаяков, Пернеш Төлеповалардың, тағы басқа зейнеткерлеріміздің еселі еңбектері үлкен мақтаныш.
Елбасы әрдайым халық мүддесімен сабақтас салалардың дамуына айрықша көңіл бөліп келеді. Осы 16 жыл ішінде зейнетақы реформасын бастап, оны жетілдіру жолында қыруар еңбек сіңірген Мемлекет басшысы Қазақстанды аталған түйінді мәселе бойынша да әлемдік өркениеттің көшімен ілгері бастап келеді. Біздің бүгінгі жетістігіміз Қазақстан Президентінің дәйекті, салиқалы саясатының игі жемісі болып табылады.
Әңгімелескен Жолдасбек ӘЛМАХАНҰЛЫ.
ҚОҒАМ
24 қазан 2013 г.
1 231
0