« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ертең – еліміз қаржы полициясының төл мерекесі Президент Жарлығымен құрылған аталмыш құрылым 20 жылдық белесінде талай көлеңкелі бизнестің жолын кесіп, миллиардтаған мемлекет қаржысының талан-таражға түсуіне кедергі келтірді. Сала қызметкерлері тарапынан заманның жегі құртына айналған сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы аяусыз күрес бір сәтке де толастамақ емес.
Мерейлі мерекеге Сыр өңірінің қаржы полицейлері де толағай табыстармен келіп отыр. Осынау мереке қарсаңында облыс бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы, қаржы полициясының полковнигі Мақсат Қожабаевпен сұхбаттасқан едік.
– Мақсат Аманқұлұлы,алдымен қаржы полициясының тарихынан оқырмандармен сыр бөліссеңіз?
– Тарихқа көз жүгіртсек, 1994 жылы Үкімет қаулысымен Қаржы министрлігінің салық қызметі құрамындағы Салық милициясы басқармасы болып дүниеге келген Қаржы полициясы органдары қызметі жыл өткен сайын қабылданған заңдар мен Жарлықтарға сәйкес жетіле түсті. Осындай елеулі өзгерістер сала қызметінің міндеттері мен өкілеттілігін айқындап берді. Соған сай жауапкершілігімізді арттырып, халықтың қаржы полициясы органдарына деген сенімін күшейтті, қоғам алдындағы беделімізді өсірді. Осынау ортақ абыройда Сыр бойы қаржы полицейлерінің үлесі өлшеусіз. Олар өздеріне тиесілі міндеттерін адалдықпен атқарып, қалыптасу және даму белестерінен өтті.
Елбасы тапсырмасы бойынша қаржы полициясы органдарының жедел қызметі сыбайлас жемқорлыққа және "көлеңкелі” экономикаға қарсы тұру арқылы еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтар мен кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталатын болады. Еліміздің саясатының арқасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламалық негізде тек құқық қорғау органдарымен ғана емес, тұтас қоғаммен жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес өткізілген кезектен тыс аттестация қызметкерлеріміздің көбінің кәсіби дайындығы мықты әрі өз ісінің нағыз маманы екендігін көрсетті. Жалақының және арнаулы атаққа төленетін үстемақының көбеюі кәсіби білікті мамандарымызды сақтап қалуға және қатарымызды білікті жастармен толықтыруға жол ашады. Мемлекетіміз қаржы полициясы қызметкерлерінің алаңсыз жұмыс жасауы жолында қажетті жағдайды жасап келеді. Осы орайда аймағымызда қоғамдық тәртіптің орнап, қылмыстың азаюы, халықтың қаржы полициясы органдарына деген сенімінің нығаюы, бұл жұмыстың алдағы уақытта да жүйелі жүргізіліп, кемшіліктерді жою және басқа да нақты шаралар өз жалғасын таба беретін болады деп сеніммен айта аламын.
– Өзіңіз айтып өткендей, сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды анықтауға және айыпты адамдарды жауапқа тартуға өз құзыреті шеңберінде барлық мемлекеттік органдар атсалысатыны белгілі. Алайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өкілетті органы ретінде қаржы полициясына жүктелер міндет ерекше. Сондықтан жемқорлықпен күрес мәселесін баяндап берсеңіз?
– Жемқорлыққа қарсы күрес кешенді және жүйелі жүргізілуде. Биылғы төрт айда 48 сыбайлас жемқорлық қылмыс анықталып, оның бесеуі сотқа жолданды. Әсіресе, парақорлық фактілеріне айрықша мән берілуде. Мысал келтірер болсақ, өткен сәуір айында Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасына қарасты «Ақсай» бөлімшесінің бастығы Ә.Қайназарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол бір азаматтан қылмыстық жауапкершілікке тартпау және «Ақсай» полиция бөлімінің өндірісіндегі істі қысқарту үшін 5000 АҚШ доллары көлемінде параны қорқытып талап етіп, соңынан одан 620 мың теңге пара алғаны үшін айып тағылды. Қазір іс тергелуде.
Ал былтырғы қарашада Арал аудандық сотының судьясы Е.Жамбылбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оған Т. деген азаматтан оның пайдасына азаматтық іс бойынша шешім шығару үшін 100 мың теңге пара алды деген айып тағылған. Ақыры кінәсі дәлелденген ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
– Қаржы полициясы қазіргі заманғы ақпарат алмасу құралдары, яғни әлеуметтік желілер, микроблогтар, басқа да танымал ақпараттық алаңдар ерекшелігін қолдана ма?
– Әрине, қаржы полициясының қызметкерлері заман талабына сай жұмыс жасай біледі. Бірақ, зиянкестер бұл туралы жиі естен шығарады. Шын мәнінде біз оқи аламыз және соны пайдалана білеміз.
Өткен жылдан бастап агенттікте ахуалдық орталық, ал аймақтарда ақпараттық талдау бөлімдері жұмыс жасауда. Ол қызметкерге орнынан шықпай-ақ талдау жолымен қылмыстарды бастапқы кезеңдерде анықтап, олардың жолын кесуге мүмкіндік береді. Департаменттің талдаушылары бағалары асырылған сатып алуларды анықтау және уақытылы әшкерелеу мақсатында мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың сатып алулар жоспарларына күн сайынғы режимде мониторинг жасайды. Осылайша олар жыл басынан бері 22 млн. теңге бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудан сақтап қалды.
– Экономикалық қылмыстардың ерекшеліктерін атап кетсеңіз?
– Облыс мұнайлы аймақ болғандықтан өзіндік ерекшелігі болатыны рас. Сондықтан бұл саладағы қылмыстарды әшкерелеу барысында нақты жоспарланған жұмыстар жүргізілуде. Цифрларға жүгінер болсақ, былтыр мұнай және мұнай өнімдерінің көлеңкелі айналымы бойынша 49 қылмыс ашылып, заңсыз айналымнан 75 мың литрдің үстінде мұнай және мұнай өнімдері алынса, биылғы жыл басынан бері 18 қылмыс ашылып, 7000 литрден астам өнімдер алынды. Мұнай ұрлығымен айналысқан бірқатар ұйымдасқан қылмыстық топтар құрықталды.
Бір деректі айта кетейін, үстіміздегі жылы сәуір айында біздің қызметкерлер Қызылорда және Ақтөбе облыстарында екі жыл бойы мұнайды сатып алу және өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті. 2012-2013 жылдары бес азаматтан құралған қылмыстық топ ешқандай құжаттарсыз елу төрт вагон мұнай және мұнай өнімдерін сатып алумен, тасымалдаумен, өткізумен айналысқан. Олар кіріс бөлігі 236 млн. теңге ақша қаражатын айналдыру мақсатында төрт жалған кәсіпорын ашқан. Қазіргі таңда қылмыстық іс арнайы прокурор басшылығымен тергелуде.
– Елбасы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізуге мораторий жариялағаны белгілі. Сондықтан кәсіпкерлікті қорғау және қолдау бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Мемлекет басшысының биылғы 28 ақпандағы Жарлығына сәйкес еліміз Бас прокуроры және агенттіктің нұсқауымен кәсіпкерлікті тексеру тоқтатылды. Бизнес мүддесін қорғауда тұрған кәсіпкерлер қауымдастықтары және қоғамдық ұйымдармен меморандумдарға қол қойылса, аймақтық кәсіпкерлер палатасымен ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Бұл өзара іс-қимыл бірлескен шараларды іске асыруды, бизнестің дамуына кедергі болатын жүйелі мәселелер мен кедергілерді анықтауды, кәсіпкерлік субъектілердің қызметін заңсыз тексерулерге жол бермеуді көздейді.
Департамент жанында құрамында кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдар өкілдері бар сыбайлас жемқорлық және "көлеңкелі” экономикаға қарсы күрес мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес құрылған. Ол мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіруі мүмкін факторларын зерттеп, оны болдырмау және жою шараларын дер кезінде қолдануды жүзеге асырады.
Қазіргі таңда кәсіпкерлер біздің тең құқылы серіктестеріміз саналады. Олар бізге қауіп-қатері көп салаларды анықтауға және сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономиканың пайда болу себептерін жоюға жәрдемдеседі. Бұл істе біз жерлестеріміздің белсенді азаматтық ұстанымына үміт артамыз. Белгілі болған сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы республикамыздың барлық аумақтарында жұмыс жасайтын қаржы полициясы органдарының "144” сенім телефонына хабарлай алатындығын еске саламыз. Сондай-ақ, әр аптаның сәрсенбісінде кәсіпкерлерді қабылдау өткізілетіндігін ескерткім келеді.
– Теріс әрекетпен көзге түскен қызметкерлерге қандай шаралар қолданасыздар?
– Ондай қызметкерлерді қатарымыздан тазартуды қатаң назарда ұстаймыз. Департамент ішкі қауіпсіздік бөлімі қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық белгілері бар материалдарға және қылмыстық істер бойынша мониторинг жасау тәжірибесі енгізілген.
– Мерейтойға орай өткізілген іс-шаралар жайлы айтып өтсеңіз?
– Республика көлемінде "20 ізгі іс” акциясы өткізілді. Акция аясында біздің департамент сәбилер мен балалар үйіне, мүгедектер мен қарттарды оңалту орталығына, зағип жандарға, ғасыр жасаған аналарға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қол ұшын созып, бағалы сыйлықтар тарту етті. Департамент басшылығы мен жеке құрамы ғимарат ауласына 20 қылқан жапырақты ағаш отырғызды. Құқық қорғау қызметкерлері арасында мини-футболдан турнир өткізілсе, "Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам”, басқа да акциялар ұйымдастырылды.
– Мақсат Аманқұлұлы, соңғы сұрақ. Сіз біршама жыл прокуратура органдарында абыройлы қызмет атқардыңыз. Міне, екі жылдан бері облыстық қаржы полициясы департаментін басқарып келесіз. Біздің білуімізше, әріптестеріңіз өзіңізді кәсіби біліктілігі жоғары, тәжірибесі мол, талапшыл басшы ретінде бағалайды. Басшыға, оның ішінде қаржы полициясы органдарының басшыларына қандай қасиеттер қажет деп ойлайсыз?
– Басшы ретінде менің ең басты міндетім – департаменттің қызметіне толықтай бақылау жасап, барлық бағыттағы жұмыстарды үйлестіріп отыру. Бұл аса ауқымды әрі аса жауапты жұмыстар мойныңа жүктелгендігін білдіреді. Жалпы, құқық қорғау саласы басқа қызмет түрлеріне қарағанда қиын да ауыр екені белгілі. Әсіресе, психологиялық жағынан. Өйткені, кез келген уақытта болып жатқан жағдайға байланысты шұғыл түрде қажетті шешім қабылдай білуің керек. Сол шешімің дұрыс болса өзіңе де, департамент қызметіне де үлкен абырой. Ал сіздің сауалыңызға жауап берер болсам, құқық қорғау саласы, оның ішінде қаржы полициясы органдарында қызмет еткендіктен өзіңе жоғары талап қоя білу керек деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |