ҚОЛӨНЕРДІҢ ҚАСИЕТІ

Шебермен бір іс-шараның аясында өткен көрмеде жолықтық. Оның айналасына иіріліп, жиналғандар қарасы қалың болғандықтан біз де мойын бұрғанбыз. Туындысы көптің көзін қызықтырса, өзінің мазмұнды әңгімесі елді ұйытты. 

Ұсталық – кез келгенге бұйыра бермейтін өнер. Жеті атасынан бері атадан балаға жалғасып келе жатқан ұсталықты Қанибек құнды мұра деп бағалайды. Әкесі Садуа­қас темір ұстасы болса, анасы қолөнер шебері болған екен. Бала кезінен әкенің жанында жүріп, көрігін басуға қолғабыс етсе, анасының ши тоқығанын қызықтап өскен ол, есейе келе өзі де ұсталыққа ден қояды. Бірде сурет салып, ендігі кезекте ағаш жонып асыл өнердің қыр-сырын меңгеруден жалықпаған оның еңбек жолы да ұсталықпен өріледі. Ең әуелі туған жері Қармақшы ауда­нындағы суретшілер шеберханасын басқарып, жас­тарды өнерге баулып, талай шәкіртті ұсталыққа үйретеді. Кейін уақыт сұранысына сай ауданда жиһаз цехын ашып, кәсіпкерлікке бет бұрады. Бұл кәсіпті шәкірттеріне қалдырып, өзі облыс орталығына көшіп келген ол қазақтың қолөнер бұйымдарын жасап, ұлттық жәді­герлерді ­насихаттауды қолға алады. Бүгінде «Шаңы­рақ» деп аталатын шеберханасында батырдың сауытынан бастап, ер-тоқым, қазақтың қара домбырасы мен қобызын да жасайды. Ал әкесінің қолынан шыққан нар қобыздың көздің қара­шығындай сақталып келе жатқанына 100 жыл болыпты. «ЭКСПО-2017» аясында Қорқыт ата кешенінде өткен көрмеде шетелдік туристің бірі осы нар қобызға қатты қызығып, бір жарым миллион теңгеге сұрағанда бермепті. «Қасиетті қобыз арқылы асыл өнер ұрпақтан ұрпаққа жал­ғассын деп сатпадым» дейді ол.

– Қобызда қасиет бар. «Көңіл-күйі» ауа райымен ты­ғыз байланысты. Күн ашықта көмейі ашылғандай үні де ашық болса, табиғат тұнжырай қалса, құмығып қалады. Қорқыт бабамыз осы қобыз арқылы таби­ғат­пен тілдескен ғой. Ертеректе қуаң­шылықта қобызбен жауын жаудырған деген аңыз бар. Бұрын қобызды бала құсап ақ шүберекпен құндақтап қоятын. Ешқашан ашық қалдырмайтын,- дейді шебер.

Ағаштан жасалған ыдыс­тар бүгінде сұранысқа ие. Тіпті, ағаш табақ, ағаш кесе қазақ дастарханының сәнін аша түскендей. Сұранысқа ие ағаштан жасалған ыдыстарды ол да жасайды. Шеберлігімен тәнті етсе керек, оның қолынан шыққан барлық бұйымдар қол­дан-қолға тимей өтіп кетеді екен.

«Әр ағаш әртүрлі» дейді ағашпен тілдескен шебер. Мәсе­лен, өзіміздің Сыр талы мен қарағаш тек кәдесыйлар жасауға жарайды. Ал тораңғыл жы­лауық ағаш. Бұтағына балта тисе «жылап» қоя береді екен. Ал Көкшенің емені мен ақ қайың беріктігінің арқасында  ұзақ жыл пайдалануға жарайтын ағаш ыдыстар жасауға ыңғайлы екен. Ағашты күтіп-баптаудың да машақаты жетерлік. Оны қайнату, екі жыл бойы кептіру, оны мәпелеп баптау жұмыстары да шыдамдылық пен ептілікті қажет етеді.

Айта кетелік, бұдан екі жыл бұрын шебер Қанибек облыс әкімінің кәсіпкерлерге арналған грантын ұтып алыпты. 600 мың теңгеден аса қаржы алған ол шеберханасына қажетті құ­рал-жабдықтарды алып, кә­сі­бін дамытуға кіріскен. Бү­гін­де ұсталық өнерге шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаз облыс орталығынан қолөнер шебер­лері мен жыраулардың басын қосатын этноауыл ашсам деген жоспары бар екенін де жасырмады. Ұлттық өнерді насихаттап жүрген қолөнер шеберінің еңбегіне риза болдық.


Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

ҚОҒАМ 14 ақпан 2019 г. 557 0