Өрттен қаза тапқан 3 баланың анасы: «Маған көмек көрсетіліп жатыр»

9 қаңтар күні Қызылорда қаласына қарасты Наурыз саяжайында 3 бала көмір қышқыл газына уланып, қаза тапқан болатын. Қайғылы оқиға Сыр жұртшылығын да қабырғасын қайыстырды. Көпшілік бүлдіршіндердің анасы Жәмилә Сәдуоваға көңіл айтып, көмек қолын созды. Ақсуат ауылдық округінің әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаев өртенген үйді жөндеп беретіндігін және қаржылай қолдау көрсетіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.

«Наурыз саяжайы біздің ауылдық округке қарайды. Ол отбасының жағдайынан хабардармын. Тиісті көмекті беріп жатырмыз. Жәмилә Сәдуова тұрған үй қайтыс болған ағасының атында екен. Анасы екеуі балаларымен сол баспананы паналап келген. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін емес болғандықтан, көктем мезгілінде іске кірісетін боламыз. Жөндеу жұмыстарын жүргізу менің мойнымда. Қазіргі таңда қолымда кәсіпкерлердің және ауыл тұрғындарының жинаған 300 мың теңгесі тұр. Үй иелерінің өтінішімен жөндеу жұмыстары көктемге қалдырылып отыр. Жәмиләнің анасы Айым апай өзіме арнайы келіп, моральдық және материалдық тұрғыдан жасалып жатқан жұмыстарға рахметін айтқан болатын», - дейді ауыл әкімі.

Бұдан кейін Жәмилә Сәдуованың өзімен тілдесіп, мән-жайды анықтадық.  

«Иә, көмек көрсетілді. Орталық мешіттің имамдары мен жамағат, Мұхтар Ниязов бастаған азаматтар келіп 1 млн 556 мыңдай қаражат берді. Сонымен қатар жеке серіктестіктер мен мекемелерден де келіп көмек қолын созды. Барлығы 4 млн 300 мың теңге болды. Жиналған қаражат казір дипозитте сақтаулы. Халықтың ақшасын ешқайда жұмсағаным жоқ. Дәл қазір ақша жұмсайтын жағдайда отырған жоқпын. Депутаттар, «Нұр отан» партиясының өкілдері мен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың орынбасарынан бастап жергілікті билік өкілдері келді. Менің атымдағы үй емес, ағамның атындағы үй еді», - дейді Жәмилә.  

Сонымен қатар, ол оқиға болған күні қыдырып кетпегенін, жұмысына барғанын айтты.

«Балаларға қарап отырған анам ауруханаға кеткен екен. Балалар күнде үйде өздері қала беретін. Мен балаларды асырауым керек. Жұмыс істеймін. Ал жолдасыммен бір жыл болды бөлек тұрамыз. Заңды түрде ажырасайын деп жүрміз. Әкесінен бұған дейін ешқандай көмек болмаған», - деді Жәмилә.

Ж.Сәдуова әкімдік өртенген үйді жөндеп берсе де, ол баспанаға тұрмайтынын жеткізді.

«Ол үйге баруға, көруге әлі жүрегім дауаламайды. Бара алмаймын да қазір ол жерге. Әкімдіктегілер жөндейміз десе, жөндей берсін. Бұзып тастаса да болады. Анам да қазір бұзып тастауға келісіп отыр. Үй негізі жеңгеме тиесілі. Олар да Алматыда пәтер жалдап тұрады. Олардың үйіне ортақтасқым келмейді. Анам жалғыз болған соң, әрі пана іздеп барғанмын. Қазіргі таңда анам екеуміз әжемнің үйінде (әкесінің анасы ред.) тұрып жатырмын. Егер үйді жөндесе, сатып жіберетін шығармыз», - дейді Жәмилә.

Үш баладан айырылған ана әлі өз-өзіне келе алмай отырғанын жеткізді.

Айта кетейік, 9 қаңтар күні сағат 19:29 шамасында Қызылорда қаласы Ақсуат ауылдық округіне қарасты Наурыз саяжайындағы үйде 3 бала көмірқышқыл газына уланып, қаза тапқан болатын.

ҚОҒАМ 06 ақпан 2019 г. 3 982 0