Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова көпбалалы аналар зейнетке 53 жасында шығатынын айтты. Бұл туралы Sputnik Қазақстан агенттігі хабарлайды.
Министр бүгінгі үкімет отырысында көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан қандай көмек пен жеңілдік қарастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, үкіметтің қолдауы сәби өмірге келген кезден басталады.
"Жыл сайын елімізде 400 мың нәресте дүние есігін ашады. Мысалы, былтыр 391 мың бала өмірге келді. Бірінші, екінші және үшінші бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы 95 950 теңгені құрайды. Отбасында төртінші және одан да көп бала дүниеге келетін болса, бұл жәрдемақының мөлшері 159 мың теңгеге ұлғаяды", — деді Әбілқасымова үкімет отырысында.
Министр әлеуметтік жәрдемақының екінші түрі бір жасқа дейінгі бала күтіміне сәйкес төленетінін жеткізді. "Оларға бір жылға дейін айына орташа 14,5 мыңнан 20,5 мың теңгеге дейін төленеді. Анасы немесе әкесі жұмыс жасап, олардың атына міндетті медициналық сақтандыру қорына әлеуметтік аударым төленген болса, оларға қордан орташа есеппен 32 мың теңге беріледі", —деп түсіндірді ол.
Әбілқасымованың айтуынша, қазіргі уақытта еліміздегі 300 мыңнан астам көпбалалы ана зейнетке ерте шығыпты. "Материалдық көмектен бөлек, бізде көпбалалы аналар үшін зейнетке ерте шығу мүмкіндігі ойластырылған. Яғни, олар зейнетке 53 жасында шығу құқығы бар аз санаттардың бірі. Бүгінде 332 мың көпбалалы ана осы құқықты пайдаланған", — деді министр.
Сондай-ақ, аналардың еңбек құқығы қорғалғаны атап өтілді. Оның айтуынша, жүкті әйелдің, үш жасқа дейінгі және сегіз жасқа дейінгі баласын тәрбиелеп отырған жалғызасты ананың еңбек шартын бұзуға дұмыс берушінің құқығы жоқ.