Қармақшы ауданы əкімі Сұлтан Мақашовтың ғарышкерлер айлағы тұрғындары алдындағы есепті кездесуі Ақайда басталды.
Аудан басшысы Сұлтан Ысқақұлы ауданның экономикасының өсу динамикасын зерделеді. Оның ішінде, өңір бюджетінің кіріс-шығысын пайымдап, Елбасының шағын жəне орта кəсіпкерлікті дамытуға арнаған бастамалары арқылы елімізде іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларын қолдаудағы игі істерді саралады. Сонымен бірге, өңір диқандарының ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіруде қол жеткізген жетістіктерін айрықша атап өтті. Құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмысты, нақтысын айтқанда ағымдағы жылы Байқоңыр қаласында салынып жатқан бес қабатты бес тұрғын үй өз егелерін табатынын, сонымен қатар Жосалы кентінде 300 орындық мектеп пен Төребай би жəне Иіркөл елді мекендерінде 50 орындық балабақша жəне басқа да кəсіпкерлік жəне əлеуметтік нысандар іске қосылғанын, сондай-ақ биыл Жосалы кентін газдандыру жұмысы басталатынын сөз етті. Ауданаралық жолдарға жəне кент, елді мекендердегі спорт алаңдарына жөндеу жұмысы жүргізілетінін баяндады.
Ауыл əкімі Гүлсара Омарова өткен жылы Ақайлықтардың тұрмыс-тіршілігін арттыру бойынша атқарылған шаруаларды, оның ішінде шағын кəсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орнын ашуда бірнеше азамат түрлі бағытта несие алып, кəсіптерін бастап кеткенін айта келе, мал шаруашылығын өркендету мақсатында да бірнеше тұрғын алған несиелері арқылы жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Сонымен бірге, округте заман талабына сай тұрғындарға тұрмыстық кызмет көрсетуде ауыл кəсіпкерлері тарапынан бірнеше кəсіпкерлік нысандар пайдалануға берілгенін баяндады.
Тұрғындар тарапынан, оның ішінде Байқоңыр қаласының прокуроры Азамат Баянбайұлы, облыстық Мəслихат депутаты Əнуарбек Дəуленбаев, зейнеткер Жақсылық Қыпшақбайұлы, көктемгі қар еру кезінде пайда болатын суларды тартуға байланысты шараны жүзеге асыру, аяқ су мəселесі, тұрғын кезегі, мал ұрлығының алдын алу барысында ауыл аймағына бейне камера орнату, Байқоңыр қаласында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерге берілетін кезек жəне көшелерге жөндеу жүргізу, көрші аудан елді мекен тұрғындарымен қарым-қатынасты нығайту мақсатында Сырдария өзенінен көпір салу, мектептегі сыныптарды арнай құрал-жабдықпен қамтамасыз ету туралы сұрақ қойып нақты жауап алды.