« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бұқарбай батыр ауылындағы орта мектепті үздік бітірген Алтынбек алғашқы еңбек жолын күріш егіп, сушылықтан бастаған еді. Қолынан кетпені түспей, атыз жағалап жүріп Сыр салысын баптады. Ер тынысы – еңбек. Ерінбей еңбектеніп, ағаларының ақыл-кеңесін алған ол күріш егіп, орналастыру технологиясын тез меңгеріп кетті.
Еліміз егемендік алған тоқсаныншы жылдардан кейін нарық қиыншылығынан жол тауып шығу оңай болмады. Нарық заңы кәсіптің көзін тауып, адал еңбек ету керек болды. Сол кездегі уақыт талабын түсінген жас жігіт бауырларымен бірлесіп, қожалық құрып, күріш өсірумен бірге мал бағуды мақсат етті. Тоқсаныншы жылдардың соңында Бұқарбай батыр ауыл округінде Бекжан шаруа қожалығы осылай құрылған болатын.
Әрине, кез-келген игілікті істі бастап кету қиын. Қожалық құрып, басшылық жасау, сан түрлі жұмысын жүргізу оған үлкен жауапкершілік жүктеді. Есепті дос айырылыспас, алдымен қожалықтың атқаратын жұмысының жоспарын жасап, кіріс-шығыстарын есептеп шығарды. Мұндай кезде есеп-қисап жұмысын білетін маман керек. Кәсіптің көзін білетін өмірлік тәжірибесі мол ағасы Қыдырбай Бекжанов көмек беріп, қолдау берді. Қарауындағы жер учаскесіне күріш, жоңышқа дақылдарын екті. Жыл сайын 90-100 гектар көлемге күріш егіп, әр гектардан 60-70 центнерден өнім алуды қамтамасыз етті. Аудан шаруашылықтары арасында бірнеше жыл қатарынан жоғары көрсеткішке жетіп, аудан жеңімпазы атанды. Кез келген жұмыс техника күшімен атқарылатыны белгілі. Сондықтан өз қаржыларына жатка, комбайн, тіркемелі техникалар сатып алды. Қожалық бойынша егілген күріш дақылы өздерінің техникаларымен жинап алады. Көршілес қожалықтарға да егін орағы кезінде жатка, комбайн беріп, көмек қолын созды. Биылғы жылы 100 гектар жерге күріш егіп, орналастырды.
А.Бекжанов басқаратын "Бекжан” шаруа қожалығы ел ырысы күріш егумен бірге, мал өсірумен айналысып келеді. Өйткені қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі төрт түлік малмен тікелей байланысты. Малдың ет және сүт өнімдерін азық-түлік етіп пайдаланамыз, терісі мен жүні – қажетті шикізат. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев мал басын көбейту мақсатында үкіметке мемлекеттік "Сыбаға” бағдарламасын қабылдауды тапсырғаны белгілі. Сөйтіп осы бағдарлама аясында несие алып, мал басын көбейтуге мүмкіндік туды. 2011 жылы "Бекжан” шаруа қожалығы осы "Сыбаға” бағдарламасының "Агронесие корпорациясы” АҚ-нан 8,5 млн. теңге несие алды. Осы несие қаржысына 57 бас ірі қара аналық мал, 3 бас ет бағытындағы асыл тұқымды бұқа сатып алып, жұмыс жасауда. Қожалықта 6 адам жұмыс жасайды. Бірі техникамен жем-шөп тасыса, енді бірі малды күтіп, баптау жұмыстарымен айналысады. Барлығы да жауапкершілікпен атқарады. Бірлік болса, берекелі тірлік жасалады екен. Қазіргі уақытта сол бірлік пен еңбектің арқасында мал басы 86-ға жетті. Қожалық мүшелері өздерін ет-сүтпен қамтамасыз етіп отыр. Ауысқанын халыққа сатады. Әңгіме барысында Алтынбек несие алып, оны мерзімінде төлеуге байланысты ойы мен ұсынысын айтып қалды.
– Менің айтпағым, алған несиемізді 2 жылдан кейін бастап төлеуіміз қажет. Бірінші жылы алған аналығымызды ұрықтандырамыз, ал екінші жылы төл аламыз. Алған төлімізді осы жылы сатып несиеміздің үстеме пайызымен негізгі қарызымызды бастап өтеуіміз керек. Ал оған төліміз сатуға келмейді. Себебі, әлі жас толық өсіп жетілмеген. Сондықтан аналық басын сатуға тура келеді. Осы жағдай ескеріліп, несие төлеудің жеңілдетілген уақыты екі жылдан үш жылға ұзартылса екен, – дейді ол бізбен әңгімесінде. Әрине, бұл ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен несие қорлары арқылы шешілетін мәселе екені белгілі. Десек те, қожалықтар атынан айтылған бұл ұсыныс орындалып, несие төлеу уақыты екі жылдан үш жылға ұзартылып жатса, несие қаржысын мерзімінде қайтаруға малдың басын көбейтіп, игілігін көруге шынымен де толық мүмкіндік болар еді деп ойлаймыз. Қожалық төрағасының тағы бір игілікті ісі – мемлекеттік бағдарлама аясында мал бордақылау алаңын салуды жоспарлап отыр екен. Кеңесші Қыдырбай Бекжановтың айтуы бойынша, бордақылау алаңының жұмысы технологиямен атқарылады. Мұнда малдың тезегін сыртқа шығарып тастамайды. Күнделікті шығарылған малдың қиы арнаулы ыдыста сақталып, одан биогаз дайындалады. Биогаздың қалдығынан экологиялық жағынан таза, органикалық тыңайтқыш өндіріледі. Таза тыңайтқыш күріш, бақша дақылдарының егіп, орналастыру кезінде арықтағы су арқылы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ арнаулы орында сақталған мал қиынан дайындалған бұл тыңайтқыштың артылғаны шаруашылықтар мен тұрғындарға сатылатын болады.
Бордақы алаңында тұрған 90 бас мал семірген соң, күніне бір басы сойылып сатылады. Және оның орнына мал алынып қойылады. Бабында тұрған сол мал 90 күнде қайта семіріп, қалпына келеді. Сөйтіп сатылған малдың еті мен тыңайтқыштан түскен қаржыны есептегенде ай сайын 3-4 млн. табуға болады екен. Мал бордақылау алаңы іске қосылған кезде 20 адам жұмыспен қамтылып, айлық жалақылары беріліп, әлеуеті жақсарады. Жұмыс техникамен атқарылып, экологиялық жағынан таза, етпен қамтамасыз етеді. Сонымен бірге мұнда шағын цехтар ашылып, шұжық секілді ет өнімдері дайындалады. Бүгінде Алтынбек несие алу арқылы биыл мал бордақылау алаңының бірінші кезең құрылыс жұмысын бастаудың қамында жүр.
Айтпақшы, Алтынбек бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат. Соған қарамастан қожалық жұмысын жүргізіп, аудан, ауылдағы шараларға, акцияларға қатысып, қолдау көрсетіп жүр. Халықтың мүддесін көздеген іске жігітке ел сенім артып, аудандық мәслихат депутаты етіп сайлады. Сайлаушылар аманатын арқалаған азамат өз округіндегі ауылдардың мәселелерін шешіп, әлеуетін көтеруге атсалысып келеді. Жыл сайын Сыр салысын егіп, жоспарлы өнім алып және мал басын көбейтіп жатқан қожалық төрағасы, аудандық мәслихат депутаты А.Бекжановтың алдағы уақытта да ел игілігіне арналған ауқымды жобаларын жүзеге асырып, жемісті еңбек ете беретініне сеніміміз мол.
Серік БЕРТАЕВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |