« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бiрiншi байлық не деп сұрасаң кез келген адам, тіпті балаға дейін оның денсаулық екенін тақылдап айтып береді. Сонымен қатар, "Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің” деген мақалдан да бәріміз хабардармыз. Әйтсе де, бұл сөздердің қаншалықты маңызға ие екенін жете сезіне бермейтініміз де рас. Оны аурудың азабын тартқан жандар ғана анық сезінедi. Адам әртүрлі жағдайларға байланысты сырқатқа ұшырайды. Түрлі дертке шалдығып, аурудан жапа шегiп жатады. Ал енді сау жүрген адамның аяқ астынан ауруханадан табылатын жағдайы ше? Ол енді көбінесе түрлі апатты жағдайларға байланысты орын алатыны белгілі.
Бүгінгі таңда жол-көлікоқиғалары болып жатқан апаттардың басым бөлігіне ие десек, сөзімізде еш қате болмас. Күнделікті өмірде жол-көлік оқиғалары туралы деректердi естiп те жатырмыз, көзімізбен де көріп жүрміз. Теледидардан да күнделікті беріп жатады. Ондай жаңалықтарға жұрттың еті үйреніп кеткендей. Ал оның әрқайсысының артында адамдардың өмірі мен денсаулығы, қысқаша айтқанда, тағдыры тұрғанына мән бере бермейтіндейміз. Кейбір жантүршігерлік көріністерді көрсеткенде денең дір ете қалады. Көлік апаттарының статикасы да сұмдық. Соңғы он жылда Қазақстанда көлік апаттарынан 32 мың адам қаза тауыпты. Ал он жылға созылған Ауған соғысында қаза тапқандар саны бұдан екі еседей кем. Жол-көлік оқиғаларында жарақат алғандардың саны 166 мың адамға жетіпті. Жағаңды ұстатар жайсыз деректер. Қаншама отбасы қара жамылды, талайлар мүгедек болып қалды. Жарақатынан азап шегіп жүргендер қаншама?! Аман қалғандары адам үшін ең қымбат қазына өмірі, бірінші байлығы денсаулығы екенін жете түсінеді. Қысқаша айтқанда, жол-көлік оқиғалары бейбіт заманның зауалы болып тұр. Неге бұлай?
Апат айтып келмейді. Оны жазым деп, құдайдың ісі деп Жаратқанға жаба салуымыз Алланың өмір сүру еркін өзімізге бергенінен бейхабарлығымызды білдіреді. Мұндай оқиғалар бір не бірнеше жүргізушінің, я болмаса жаяу жүргіншінің кінәсінен, тиісті заңдылықтарды сақтамауынан, жол ережесін өрескел бұзғандықтан орын алады. Жалпы жол-көлік оқиғаларының көбеюіне бірнеше себепті айтады. Біріншіден, көлік өте көп. Екіншіден, жолдарымыздың сапасы нашар немесе қазіргі ағылған көлік тасқынына есептелмеген. Бұл айтқан жайлардың әрине, көлік апатының артуына әсері бар. Десе де, ең бастысы, жүргізушілердің кінәсінен көбейіп отыр. Оған дәлел болар мысал да көп. Осы жолдардың авторы да сондай жайтты бастан кешті. Апаттан кейін облыстық медициналық орталықтың травматология бөліміне түстім. Біраз күн өткен соң сұрастырып білсем, палатада қатар жатқан екі науқас та жол-көлік оқиғаларына ұшыраған екен. Бір қызығы, бәріміз де бір күнде түскенбіз. Алғашқысы жиырма бестегі жігіт түнгі мезгілде қалғып кеткен кезде көлігі жолдан шығып кетіп, аударылып қалады. Содан аяғы тiзеден жоғары жерден сынып, оған ота жасаған екен. Ауруханадан шыққаннан кейін төрт ай өткенде ғана барып, балдақты тастап, өз аяғымен жүрді. Осы жігіттің жанында отырған серігіне ештеңе болмапты. Сөйтсе, ол қауіпсіздік белбеуін тағыпты. Ал бұл тақпаған.
Ал екінші науқас серігіміз мұнай компанияларына қызмет көрсететін бір мекеме қызметкері. Басшылары арнайы тапсырма беріп, оған жүргізушісімен бір "Джипті” қосады. Міне, сол жүргізушісі қатты айдап құйғытып келе жатқанда аударылып қалады. Жүргізуші сол жерде қайтыс болып кеткен. Ал өзі ауыр жарақаттарымен ауруханаға жеткізіледі. Тек жансақтау бөлімінің өзінде он тәуліктей жатып, палатаға ауыстырылады. Бұдан кейін де сынған аяғына, қолына ота жасау үшін тағы екі аптадай уақыт күтті. Өйткені, басына тиген қатты соққыдан әлі өз-өзіне келе қоймаған еді. Ота жасалып, үйіне шыққаннан кейін ғана барып, жүргізуші жайлы естіп білді. Ең қиыны оны жұмысқа жарамсыз деп тауып, екінші топтағы мүгедектікке шығарды. Ал қайтыс болған жігіт көлікті үнемі қатты жүргізеді екен. Оған дейін де бір-екі апатқа түскен көрінеді.
Ал енді өзіме келейін. Таңғы сағат сегізге жақын күндегі мініп жүрген қалаішілік бағыттағы жолаушы көлігіне отырдым. Кәдімгі бір есікті "Мерседес”. Жұрттың жұмысқа асыққан шағы, келесі аялдамалардан-ақ көліктің іші жолаушыларға лық толды. Соның өзінде жүргізуші жас жігіт пен оның кассирі түсіп-мінген адамдарға "тез-тез болыңдар” деп асықтырумен болды. Көліктің есігі жабылар-жабылмастан бірден жоғары жылдамдыққа басып, зымырай жөнеледі. Көшедегі көліктердің бәрінен басып озып отырды. Жүргізушінің қатты айдағаны соншалық, жолаушылардың ашу-ызасын туғызды. Бәріміздің "Жай жүрсеңші, бізді не өлтірейін деп пе едің?!”, "Адам алып келе жатырсың ғой” дегенімізге құлақ асқан жоқ. Неге асыққанын білмеймін, кейбір аялдамаға тоқтамай жолаушыларды біраз жер ұзап кеткен соң ғана түсірген сәттері болды. Түрегеп тұрған жолаушылар біршама азайғанда орта тұста босаған орынға жайғастым. Тұрғандар саны бес-алты адам шамасында болды. Жүргізуші жылдамдықты одан сайын асыра түсті. Екі аялдамадан соң түсемін, ақшамды дайындай берейін деп қолымды қалтама сала бергенмін. Сол сәтте "тарс” еткен дауысты естідім және бір жағымызға аударылып бара жатқанымыз, "ох, авария!” деген ой санамды шарпып өткені ғана есімде. Одан әрі ештеңе білмеймін. Есімді төрт-бес сағаттан соң, аурухана төсегінде бір-ақ жинадым. Бұл аралықта аударылған көліктен шығарып, жедел жәрдеммен алып кеткенін, рентгенге, компьютерлік томографияға түсіргенін еш сезген емеспін. Бұл 2013 жылдың 9 тамызында Қызылорда қаласындағы Астана даңғылында орын алған №22 қоғамдық көлігінің апаты болатын.
Жедел жәрдем көліктері аударылған "Мерседестен” он бір адамды ауруханаға жеткізіпті. Әйтеуір, адам өлімі жоқ, әйтсе де... Жарайды, бұған сәл кейін ораламыз. Жеңіл-желпі жарақат алғандарға апат орнында дәрігерлік көмек көрсетілген. Ауруханаға жеткізілгендердің екеуі тексерулерден өтіп, жарақаттары таңылған соң үйлеріне қайтады. Қалғандары ауруханаға жатқызылған. Қызылорда қаласындағы жолаушылар көлігінің апаты туралы сол күні республиканың барлық бұқаралық ақпарат құралдарынан берілді. Қызылорда облысы әкімдігінде шұғыл жиналыстар өткізіліп, жедел шаралар қолға алынады. Барлық жолаушы көліктерінің жай-күйі, жүргізушілердің құжаттары тексеріледі. Тексеру кезінде талапқа сай келмейтін біраз жайттар анықталған. Тіпті, қала ішінде жүретін жолаушы көлігі бірден кеміп шыға келіп, тұрғындарға қиындық туады.
Міне, бір күннің ішінде облыс аумағындағы болған мен естіп білген үш оқиға. Естімегенім қаншама?! Егерде сол көліктерді жүргізгендер заңдылықты сақтап, жол ережелері талаптарын бұзбай жүргенде мұндай жайттар орын алмас еді ғой. Белдікті тағынып отырса, аяғы сынбас па еді. «Джип» жүргізушісі қалыпты жылдамдықта айдаса, апатқа ұшырамауы, ұшыраса да аман қалуы мүмкін-ау. Қасындағы серігі соншалықты жарақаттанбас еді. Сол секілді жолаушы көлігін басқарған жас жігіт жүргізуші мәдениетін сақтап, жолаушылар үшін жауапкершілікті түсіне білгенде ғой, шіркін... Облыстағы бір тәулікте болған үш оқиғаға қалған 13 облыс пен Астана мен Алматыдағы жол-көлік апаттарын қосыңыз. Осыдан-ақ өзіңіз есептей беріңіз. Өкінішке орай, біздің елімізде жүргізуші мәдениетін сақтамайтындар жетіп артылады. Оған мысал жол үстіндегі небір әпербақандықтарды айтуға болады. Лондон қаласы бірнеше миллион халқы бар мегаполис. Онда әрине, көлік саны да көп. Ұлыбритания астанасының көшелері соншалықты кең емес. Солай бола тұрса да осы қаладағы көлік апаттары Алматы қаласындағы болып жатқан көлік апаттарынан аз. Себебі, лондондық автомобилистердің жүргізушілік мәдениеті жоғары.
Ақыры мақала тақырыбы жол-көлік оқиғалары туралы болғандықтан өзім душар болған апат жайлы, оның зардаптары жөнінде толығырақ тоқталып өткенді жөн көрдім. "Мерседес” көлігі сол күні жолаушы тасымалдауға шыққан жас жігіттің атында емес екен және оған көлікті басқару жөніндегі сенімхат берілмеген болып шықты. Әкесі он бес күн жолаушы тасымалдағаннан кейін вахталық жұмысқа кетісімен сол сәтте мініп шыққан екен. Бұған дейін жол ережелерін бұзғаны үшін жол полициясы жүргізуші куәлігін алып қойып, уақытша куәлікпен жүріпті. Апат кезінде жоғалып қалды деп оны да көрсетпеген. Ең басты өрескел кінәсі – жолаушылар тасымалдауға рұқсат беретін "Д” санаты да (категориясы) жоқ болып шықты. Рұқсатсыз алып шыққан көлігі сақтандырылмаған. Оған қоса, қатты жылдамдықпен жүрді. Кейінірек сотта куәгерлер берген түсінiктемеден апат болар сәтте көліктің спидометрі 100 км/сағаттан түспегенін білдік. Осылай қатты жылдамдықпен жүріп келе жатқанда бұрылып жатқан көлік екеуi соқтығысады. Содан ішінде жолаушылары бар "Мерседес” аударылған күйі тағы да 70 метрдей сырғып барып, жол жиегінде тұрған екі-үш көлікті зақымдайды.
Ауруханаға жеткізілгендердің екеуі жансақтау бөліміне жатқызылса, бес-алтауы нейрохирургия бөліміне орналастырылады. Олардың арасында аяғы ауыр келіншек те болған. Травматология бөліміне жатқызылған тек мен ғана. Екі-үш апта өткен соң олардың барлығы ауруханадан шығады. Әлі дұрыс жүре алмайтын себепті мен оларды көре алмадым. Менің алған жарақаттарым да оңай емес еді. Он бір қабырғам мен төс сүйектерім сыныпты. Одан бөлек, жауырыным және үш омыртқа жарылған. Тағы екі омыртқаның қанатшалары сынған. Тек шалқамнан ғана жатамын. Он тәуліктей еш ұйықтай алмадым. Түн мезгілінде қатты қиналып шығамын. Жетінші күні ғана дәрігерлердің көмегімен тұруға талпыныс жасадым. Қабырғалар сынғанда өкпені жарақаттайды екен. Содан өкпеге ұйыған қан, сарысу толып қала беретін көрінеді. Оны жауырынның астынан тесіп, тартып алып (пункция жасау) тұрады. Алғашқы бір айда төрт рет жасап үйге шығарғаннан кейін тағы тола берген соң қайта жатқызып тағы да төрт рет осындай процедура жасады. Үш айдан астам денені қысып жүретін корсет киіп жүрдім, бұл уақытта отыруға рұқсат етпеді. Иә түрегеп жүресің, болмаса жатуың керек. Апаттан үш ай өткен соң МРТ апаратына түсіріп, бір омыртқаның қисық тұрғанын анықтады. Осыдан кейін дәрігерлер пікірі екіге жарылды. Олардың басым бөлігі ота жасатып, қисайған омыртқаны түзету керек десе, енді бірі артық қыламыз деп тыртық қылып алармыз, осылай тұра берсін дегенді айтты. Өйткені, ол өте қиын ота және оны Астанадағы орталықта жасату керек екен. Сондықтан үнемі сақтанып жүру керек. Жүгіруге, секіруге, тайып жығылуға, ауыр зат көтеруге, арқалауға болмайды. Дегенмен, алғашқылары мынандай ой айтты. Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар орын алып қалуы мүмкін. Оқыс қимыл не қандай да бір соққы болып қалса, омыртқа одан сайын қисайып, жұлынды қысыңқырап қалуы мүмкін. Сол кезде екі аяғыңа қауіп. Сондықтан ота жасатпағанмен, орталықта тексеріліп, мамандар кеңесін алу керек болады. Ақыры барлығы осындай шешімге келді. Омыртқаның кінәратынан толыққанды еңкейіп, я шалқая алмаймын. Ал, апаттың денсаулығыма келтірген басқа да зардаптары жетерлік.
Жарайды, ер жігіттің басына нелер келіп, не кетпейді. Жалпы осының бәрін егжей-тегжейлі жазбай-ақ қояр едім және бұл тақырыпты қозғамас та едім, егер жансақтау бөліміне түскен екі жас жігіт болмағанда. Олар – 22 жастағы Сағатбек Сүйінов пен 29 жастағы Эльдар Адырбаев. Бүгінде екеуі де төсекке таңылған, бірінші топтағы мүгедек жандар. Апат салдарынан екеуінде де 4-5 омыртқасы мыжылып, күл-талқаны шыққан. Оларға ота жасауға шұғыл түрде Астанадағы орталықтан маман алдыртады. Дәрігерлер уатылған омыртқаларды қолдан келгенше жинап, келмеген жерінде металдан (титан) құрастыруға мәжбүр болады. Жансақтау бөлімінде он тәуліктен аса жатқаннан кейін палатаға шығарады. Міне, сол уақыттан бері олар өзгелердің көмегінсіз ештеңе атқара алмайды.
Сағатбек отбасында балалардың үлкені. Өзінен кейін студент қарындасы мен інісі бар. Інісі жас кезінен мүгедек ретінде есепте тұрады. Әкелері жас кезінде қайтыс болған. Анасы Гүлсім Акпарова жедел жәрдем бөлімшесінде тазалықшы болып жұмыс істейді. Отбасы екі бөлмелі жер үйде тұрады екен. Сағатбек колледжді қызыл дипломмен бітіргеннен кейін анасына қолғабыс жасамақ ниетпен жұмысқа кірісіп кетеді. Институтқа сырттай тапсырған. Сол кезде құрылыс бригадасында жұмыс істеп жүрген еді. Анасына "мама, уайымдама, алдағы төрт-бес жылда ішінде ваннасы, туалеті бар, бес-алты бөлмелі жоспарлы үй салып бiтiремiн, келін түсіріп беремiн” деп, үнемі көңілін бір демдеп қояды екен. Ол жай айтылған сөз емес, үй салатын жерді көтеріп, тегістетіп қойыпты. Келер жылы іргетасын құямын, одан кейінгі жылы қабырғасын көтеремін, қалған жұмыстарын бітіруге тағы екі жыл кетеді деп жоспарлап жүрген.
Эльдар жоғары білімді маман дәрігер. Ақтөбе медициналық институтының түлегі. Астанадағы №2 балалар емханасында педиатр болып жұмыс істеп жүрген оны облыс басшылығы Қызылордаға шақырады. Себебі, барлық жақтағыдай бізде де неонатолог маманы жетіспейтін. Сол шақыртуды қабыл алып, облыстық медицина орталығының перинаталдық бөлімінде дәрігер-неонатолог болып істеп жүргеніне екі ай болған екен. Оған жақын арада облыстық медициналық орталықтың жас мамандарына арналған үйінен пәтер беруге уәде еткен-ді. Келіншегі алғашқы нәрестесіне аяғы ауыр болып жүрген Эльдар енді үш-төрт күннен кейін отызға толғанын атап өтпекші еді.
Осындай алға басып келе жатқан жастардың болашағына 2013 жылдың 9 тамызындағы көлік апаты балта шапты. Бірін інім, бірін баламдай санайтын екі жігіттің көріп жатқан қиындықтарын, тән азабы мен жан азабын, ішкі жанайқайын сөзбен жеткізіп айту мүмкін емес. Сол секілді, олардың аналарының, жұбайының, бауырларының жан күйзелісін де ауызбен айту қиын. Олар соңғы бір-екі айда ғана мүгедек арбасына отыра алатын болды. Онда да әрине, басқалардың көмегімен және аз уақытқа ғана. Барлық жағдайда көмекке сүйенеді, әйтсе де олар үшін ең азапты нәрсе жеңіл және үлкен дәретке шығу. Қанша жақының дегенмен, бұл жұмысты екі-үш адамның көмегіне сүйеніп атқару деген қандай азап әкеледі, қалай қысылып, қорланады десеңші. Сол үшін де тамақты тартынып жейтінін айтады жақындары. Бес-алты айдың ішінде Сағатбектің шашы түгелдей ағарып кеткенінің өзінен-ақ жағдайды шамалай беруге болар. Анасы баласының қиналғанын сездіртпеуге тырысатынын айтты. Десе де, жалғыз өзі жатқанында көзінен тарам-тарам жас ағып, үнсіз жылап жатқанын көріпті бір-екі рет. Сол секілді, Эльдардың анасы Рысжан апай да баласының ешкім жоқ сәтте басын ұрғылап, жылап жатқанын байқап қалған. Иә, "қайдан ғана осындай бәлеге душар болдым, Астанада неге жүре бермедім” деп өкініштен өзегі өртенді ме екен сол сәтте. Балаларының осындай сәттерін көрген аналардың іші қан жылағаны айтпаса да түсінікті.
Апаттан кейін туғандары Эльдардың келіншегі, аяғы ауыр Сәуленің жағдайына қатты алаң болып еді. Шошынғаннан баласын жоғалтып ала ма деп. Бір қуаныштысы, уақыты жетіп, аман-есен босанды. Қазір Санжар есімді сәби өсіп келеді. Эльдардың отбасы облыстық медициналық орталық берген екі бөлмелі пәтерде тұрып жатыр. Ол үшін ризашылығын білдіреді. Қолдан келген көмегін көрсетіп жатқаны үшін аурухана басшылығына, ұжымға рахметін айтады. Сол сияқты, Сағатбектің анасы қолдау көрсеткен өзінің ұжымына, ұлының достарына, жақын-жуықтарына алғысын білдіреді. Осы ретте баспасөз бетін өзiм де пайдаланғым келіп отыр. Әуелі Алланың құдіретінің арқасында, содан соң дәрігерлер көмегімен аяғыма тұрдым. Облыстық медицина орталығына, оның ішінде травматология бөлімі ұжымына алғысым шексіз. Алғаш сәттен шырылдап асты-үстіме түсіп жүрген жарымды, университеттегі оқуы басталғанша ауруханадан шықпай 21 күн жанымда болған ұлымды, "папа, жақсы болып кетесің” деп айналып-толғанып жүрген қызымды, бауырларым, ағайын-туысқан және моральдық, материалдық қолдау көрсеткен достарым мен әріптестерімді қалай атап өтпеске. Қиын сәтте қолдау көрсетер адамдардың болғаны қандай жақсы.
Сағатбек пен Эльдардың үйінде болғанымда оларға тек жақсылықтан үміттену керек екенін айттым. Әлі-ақ аяқтарыңа тұрып кетесіңдер дедім. Бұл шын сөзім, өзім солай болатынына сенемін. Қазір медицина жедел дамып келеді. Шетелдермен байланыс жақсы. Нейрохирургия саласы дамыған Израйль, Германия, Қытай секілді мемлекеттердегі емдеу орындарымен байланысқа шығып, кеңес алуға, баруға, тексерілуге болады. Қажет болса, ота жасату мүмкіндіктері туып қалар. Әрине, айтуға оңай. Оған көп қаржы керек болады. Ондай қаржы мүмкіндіктері жоқ, әрине. Мүмкін белгілі кәсіпкерлер көмек қолын созар. Біздің заңымыз Қытайдағыдай емес. Аспанасты елінде көлік апатына түсіп, мүгедек болып қалған жандардың өмір бойғы шығыны, көлік апатына кінәлі адамдардың мойнына ілінеді екен. Солай болса, біздегі әпербақан жүргізушілер абайлап жүруді үйренер ме еді.
Оқырмандарды көлік жүргізушіге қандай жаза тағайындалғаны қызықтырары белгілі. Денсаулықтарына аса қауіпті залал келтірілген деп үшеумізді жәбірленуші деп таныды. Сотта мынадай ойымды жеткіздім. "Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде” деп қалдыра салатын жағдай емес. Төсек тартып жатқан екі азаматтың болашақ емделуі үшін көп қаржы керек болады. Сондықтан олар тарапынан 4-5 млн. теңгеден моральдық шығын өтеу туралы талабына түсіністікпен қарау керек. Өмір көрген, өмірлік тәжірибем жеткілікті адам ретінде судьядан жүргізушіге бас бостандығынан айыру жазасын қолданбауын сұрадым. Бұл менің жеке өтінішім болатын. Ал, басымдылық төсек тартып жатқан екі жас жігіттің, солардың сенімді өкілдерінің сөзіне берілуі тиіс екенін сотқа қатысушылар түсінгені абзал екенін жеткіздім. Ал жүргізуші жас жігіт осы оқиғадан өмірлік сабақ алып, көпшілікпен санасуды, үлкенді құрметтеп, кішіні сыйлауды, заңдылықты сақтауды, жол ережесін бұзбауды мықтап жадына сақтағаны жөн деген ой айттым.
Сот жүргізушіні бір жылға бас бостандығынан айырып, екі мүгедек жігітке 1 млн. теңгеден, маған бес жүз мың теңге моральдық шығын өтеу туралы шешім шығарды. Қылмыстың әдейі жасалмағанын, бұрын сотты болмағанын және келіншегінің аяғы ауыр екенін ескерді. Бұл жазаға келіспеген Сағатбектің анасы апеллияциялық арыз берді. Ол сотта "менің балам қиналып төсекте жатқанда бұл жігіт бір жыл мерзімін лезде өтеп шығады. Менің айлығым 50 мың теңге, баламның мүгедектігіне берілетін зейнетақы 30 мың теңге, ай сайынғы массажы мен қажетті дәрілерінің өзіне 40 мың теңгедей кетеді. Моральдық шығын кемінде 2 млн. теңге болуы тиіс және жылдарға созбай қазір берілуі керек. Жан-жаққа апарып көрсету керек болады. Ал, жаза мерзімі 2 жыл болғанын сұраймын” деп ашынды. Ол кісіні түсінуге болады. Бұл тіптен де ақшаға құныққандық емес. Жаны күйген ананың жанайқайы. Облыстық сот жазаны бұрынғы күйінде қалдырды.
Осылайша бір көлік апатының салдарынан екі азамат тепсе темір үзетін шағында төсекке таңылды. Эльдардың келіншегі Сәуле көңілін сұрап келіп кеткендерге күйеуі ештеңе білдіртпеуге тырысатынын айтты. Соған қарап жағдайы жаман емес екен деген ойда кетеді. Ал шын мәнінде түнімен ұйықтай алмай шығатынын, күн өткен сайын жүйкесі жұқара түсуде деп мұңын шақты. Кішкентай сәбиі, үнемі көмек қажет ететін жары бар Сәулеге де оңай болып жатпағанын іштеріңіз сезер.
Сонымен екі мүгедек жанның жағдайы жақындарына оңайға соғып тұрған жоқ. Тәуекел етіп, медицина саласы жақсы дамыған жоғарыда аталған мемлекеттерге кете беруге қол қысқа. Осындайда сот алдында тек жүргізуші ғана емес, сол кездегі облыс орталығында жолаушы тасымалын реттейтін арнаулы мекеме тұруы тиіс пе еді деген ой келеді. Өйткені, әкімдікке қарасты көлік саласына жауапты, жұмыстарын үйлестіретін, бақылайтын, қадағалайтын қаншама органдар бар. Солардан еш қаймықпай құжаттары сәйкес келмесе де "Мерседесті” айдап шығуы нені білдіреді. Демек, олар өз міндеттеріне салғырт қарап, тиiстi бақылау жасамаған болып шығады. Әйтпесе, таңертең рейске шыққан жолаушы көлігі, оның жүргізушісі тексеруден өту керек емес пе?! Ал "Мерседестің” жүргізушісі мойнына ілінген моральдық шығынды он жылға таяу уақыт ішінде төлеп құтылып қалар.
Міне, осылай жол-көлік оқиғалары адамдарға қаншама қиындық әкелуде. Қандай адамды алмайық, оның жол апатынан қаза болған жақыны не жақсы танысы бар болып шығады. Жол үстінде өмірі қиылған халықтың сүйікті ұл-қыздары қаншама?! Көлік апатының адамдарға, мемлекетке келтіріп жатқан шығындарын есептеп шығу мүмкін емес. Апатқа ұшыраған адамның отбасы қанша қиындық көрсе, апатқа кінәлі жанның жақындарына да оңай соқпайтыны түсінікті. Ал мемлекет жарақат алған жандарды емдеуге, олардың еңбекке жарамсыз уақытына ақша төлеуге, мүгедектігіне зейнетақы беріп тұруға қыруар қаржы жұмсауда. БҰҰ мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстан жол-көлік апаттарының көрсеткіштері жөнінен әлемде алғашқы орындардан табылады екен. Осы дерекке сәйкес, біздің елімізде жол-көлік оқиғаларынан 100 мың адамға есептегенде жылына 30-дай адам қайтыс болады. Бұл ТМД бойынша ең жоғары көрсеткіш. Ал дамыған елдер үшін мұндай көрсеткіш тіпті сорақы саналатыны айтпаса да түсінікті. Дүниежүзілік банктің мына мәліметтері бейжай қалдырмаса керек. Қазақстан жол-көлік оқиғаларының салдарынан елдің жалпы ішкі өнімінің 1,5 пайызын жоғалтып отырады. Көлік апаттарынан келген материалдық және әлеуметтік шығындарды жабуға жұмсалатын мемлекет қаржысы жүздеген миллиард теңгені құрайды
Иә, еліміз үшін ең қымбат қазына оның тұрғындары, олардың денсаулығы. Сондықтан да Елбасының өзі жол-көлік оқиғаларының көбейіп кетуіне қатты алаңдаушылық білдіріп, жауапкершілікті күшейтуге тапсырма берген болатын. Соған сәйкес, жол ережесін бұзғандар үшін жаза қатайып отыр. Мұның оң әсері болуы тиіс. Әйтсе де, біздің адамдардың, оның ішінде көлік басқаратындардың менталитетін өзгертпей болмайды. Жүргізушілердің арасында да түрлі адамдар кездесіп жатады. Жол үстінде желдей жүйткіген жетесіздер жетіп, артылады. Жол сақшысына пысқырып қарамайтын, "көкесіне” сенгендер бар. Ондайлар өзгелерді тіпті менсінбейді. Жалғанды жалпағынан басып жүрген адамдай, жол үстінде үнемі қауіпті жағдай тудырып жүреді. "Шөлмек мың рет сынбайды, бір рет-ақ сынады” демекші, бірде болмаса бірде апатты жағдайға ұрынуы әбден мүмкін. Тек өзіне және көлігіне зиян әкеліп жатса ештеңе емес, басқалардың обалына қалады ғой. Олардың арасында біздің құқық қорғау органдары өкілдерінің кездесіп қалуы тіпті қауіпті құбылыс. Оған интернеттегі түрлі бейнекөріністер дәлел. Онда осы салада жүргендердің көлігімен адамдарды қағып кеткенін, басқа көліктерді жапырып өткенін көріп жүрміз. "Сенген қойым сен болсаң...” дегеннің кері. Сол секілді жаяу жүргіншілеріміз де жол ережесіне немқұрайдылық танытпаса екен дейміз.
Елбасымыз Қазақстан дамыған 30 мемлекеттің қатарынан табылуы тиіс деген баршамыздың алдымызға мақсат қойып отыр. Бұл тек өндіріс, индустрия, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау секілді өзге де салаларға ғана қатысты емес. Оған ел тұрғындарының ішкі мәдениеттілігі, тәртіптілігі, заңды құрметтей білуі де кірсе керек. Осы салада дамыған елдер тұрғындарымен теңесуге тиіспіз. Әлбетте, оның қатарында көлік жүргізушілердің мәдениеттілігі де бар. Сонда ғана жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға қол жеткізерміз. Жалпы, "Сақтансаң сақтаймын” дегенді қай-қайсысымыз да бір сәтке болса да жадымыздан шығармағанымыз абзал. Сондықтан, бүкіл ел, қоғам болып, осы бағытта мақсатты жұмыстар жүргізуге тиіспіз. Олай болмаған күнде қара жол отандастарымызды жалмай берері анық.
Көптен мазалап жүрген ойларымды қағаз бетіне түсіріп болғаным сол еді. Естіген жанды есеңгіретіп жіберерліктей жантүршіктірер хабар келіп жетті. Қызылорда облысының Тартоғай елді мекенінің тұсында жол апатынан он адам қайтыс болды. Сыр елі халқы аза тұтып, қаралы жандардың қайғысына ортақтасты. Қолдан келер шара жоқ. Апат құрбандарының отбасы мүшелеріне, жақындарына болған іске болаттай берік болыңыздар деймін. Енді мұндай қасірет қайталанбасын. Ауруханада жатқан жерлестеріме тезірек сауығып, қатарға қосылуына тілектеспін.
Осы мақаланы оқыған бір жүргізуші ойланып, жол үстіндегі жауапкершілікті бұрынғыдан да жете сезініп жатса, соның өзі жетістік болар еді. Бәріміз де аман-сау жүрейік, ағайын!
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
Журналист
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |