« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жаз маусымындағы айтулы мерекенің бірі бұл – 1-маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Балғындардың төл мерекесін республика көлемінде, соның ішінде Сыр елінде де барлық сән-салтанатымен атап өту жолға қойылған.Жылдағы дәстүр бойынша бұл күні барлық аудан орталықтары мен қала аумағында бүлдіршіндердің қуанышын еселеу, мереке мерейін асыру мақсатында алуан түрлі шаралар өткізіліп, ойын-сауықтар молаяды.
Осы аптаның сәрсенбісінде Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйінде брифинг өткізген облыстық білім басқармасының басшысы Наурызбай Байқадамовтың айтуынша, биыл балаларды қорғау күні "Біз – Қазақстан балаларымыз! Біз жаңа әлемде өмір сүреміз!” ұранымен өткізіледі.
Бұл мереке дүниежүзiнде 1950 жылдан берi аталып өтуде. Ал біздің елімізде балалардың ең елеулі күні, мерейлі мерекесі ретінде аталып келе жатқанына биыл жиырма жыл толып отыр екен. Осыған орай биылғы мереке жаңа форматта өткізілмекші. Яғни, балаларды қорғау күніне арналған онкүндік өтеді. Ондағы мақсат балаларды қорғауда мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыру, үкіметтік емес ұйымдарды, бизнес өкілдерін және бұқаралық ақпарат құралдарын осы мүддеге жұмылдыру болып табылады. Онкүндік аясында облыс көлемінде 1-10 маусым аралығында түрлі қайырымдылық, ойын-сауықтық іс-шаралар ұйымдастырылады. Оған тек балалардың өзі ғана емес, сонымен қатар ата-аналар, отбасылар да тартылады деп жоспарлануда. Осының нәтижесінде отбасылық құндылықты насихаттау, дамыту көзделген.
Балаларды қорғау күнінде қаладағы қоғамдық көліктер, демалыс орындары мен мұражайдың балалар үшін тегін жұмыс жасайтыны да белгілі болды.
Сондай-ақ, брифингке арнайы қатысқан Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов облыс орталығында өткізілетін шаралармен таныстырды.
Оның мәлімдеуінше, бірінші маусым күні қоғамдық көліктер мектеп оқушыларына тегін қызмет көрсетсе, қалалық мәдениет үйлерінде түрлі концерттік бағдарламалар, ойын-сауықтық шаралар өткізілсе, қалалық демалыс паркінде мемлекеттік сегіз аттракцион таңертеңгі сағат 8-ден кешкі 18-ге дейін ақысыз жұмыс жасайды. Сонымен қатар қаладағы республикалық өнер фестивальдары жеңімпаздарының қатысуымен концерттік шара өткізіледі деп жоспарланса, Жібек жолы көшесі бойындағы жағажай да балғындар қуанышын көбейтуге атсалыспақ. Оған қоса, «Жібек жолы» мега орталығында да кейбір ойын аттракциондары ақысыз қызмет көрсетсе, бұл күні балаларға тегін балмұздақ үлестіру де көзделіп отыр. Қала әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің айтуынша, Қызылорда қаласы "Балаларға мейірімді қалалардың” алдыңғы қатарында. Сондықтан айтулы күнді қызықты да мазмұнды етіп өткізуге жан-жақты мүмкіндік бар.
Атаулы күні балғындардың алғашқы легін тынығу лагерьлеріне шығарып салу рәсіміне де кезек берілмек.
Жалпы, аймақта жазғы демалыспен қамтылуы қажет балалар саны 109165-ті құрайды. Ол 92,3 пайызды көрсетуде. Осы мақсатқа 276,9 млн. теңге қаражат бөлінген. Мәселен, тоғыз демалу-сауықтыру лагеріне 8546 оқушы тартылса, мектеп жанындағы 540 күндізгі лагерде 35085 бала қамтылады, ал, Қамыстыбас көлі жағасындағы шатырлы лагерьге 1000 балғын жіберіледі деп жоспарлануда.
Жыл сайын ерекше мән берілетін жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі отбасыларының балаларын демалдыру, оларды сауықтыру мақсатында 1000 баланы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы "Таң Нұры” ЖШС-на қарасты "Горный”, Алматы қаласындағы "Тау Жаңашар” лагерьлеріне және Астана қаласындағы "Ақмола Турист” туристік фирмасы арқылы саяхатқа жіберу көзделуде. Балалардың демалу қаржысы бюджеттен тыс көздер арқылы, яғни, Қызылорда облысының өңірлік дамуына және кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігіне ықпал ететін "Игілік” корпоративтік қоры арқылы қаралған.
Мәдени ошақтар арқылы балалар білімін жетілдіру де күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып отыр. Осыған орай, ағымдағы жылы "Туған ел – тұнған шежіре” атты акция аясында оқушыларға тарихы орындарға, ескерткіштерге, ескі қалалардағы мұражайларға, өлкеміздің көрнекті жерлеріне сынып бойынша экскурсиялар ұйымдастырылмақшы.
Басқосуда білім басқармасының басшысы Наурызбай Байқадамов "Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн” Ұлттық ақпараттық науқанының басталғанын мәлімдеді. Жылда 12 маусымда Дүниежүзілік балалар еңбегін пайдалануға қарсы күрес күні аталып өтілетіні белгілі. Бұл науқанның мақсаты жазғы мезгілде балалар мен жасөспірімдердің жұмысқа орналасу кезеңінде олардың еңбек құқықтарының бұзылуына жол бермеу болып табылады.
Облыс көлемінде 1-12 маусым аралығында өткізілетін акция аясында "Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ”, "Түнгі қаладағы балалар”, "Жасөспірім”, "Көше” аталатын кең ауқымды рейдттік шаралар ұйымдастырылып, ата-аналар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілмек. Сонымен бірге, кәмелетке толмағандар арасында флеш-мобтар, турнирлер, дебаттар, басқа да көптеген іс-шаралар ұйымдастыру қарастырылған.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |