ТАЛАНТТЫ БАЛАЛАРДЫҢ ТАЛАБЫН ҰШТАДЫ

ТАЛАНТТЫ БАЛАЛАРДЫҢ ТАЛАБЫН ҰШТАДЫ

Аптаның алғашқы күнінде облыс орталығындағы "Арай-Sanrais” лагерінде республикалық экономикалық ауысым мен ІV республикалық пленэр-шеберлік сағаты өтті. Бұл ерекше жобаны "ПетроҚазақстан Құмкөл Ресор­сиз” акционерлік қоғамының қолдауымен "Жас ұрпақ – 2050” қоғамдық қоры "Жастар жетістігі” аймақтық орталығы және Байқоңыр қаласындағы балалар өнер мектебімен бірлесіп жүзеге асыруда.

Экономикалық ауысым мен пленэрдің негізгі мақсаты – оқушылардың ақыл-ойы мен шығармашылық мүмкіндіктерін ашу және оларға кәсіби бағдар беру.

Жобаға Ақтау, Атырау, Қара­ғанды, Шымкент, Ленгер, Кентау, Байқоңыр, Талдықорған, Тараз, Мерке, Өскемен, Теміртау және басқа қалалардан жүзден астам 8-10 сынып оқушылары қатысуда. Лагерь бағдарламасында оқу сессиялары мен басқарушылық және іскерлік ойындар ұйымдастырылып, түрлі сайыстар мен көрмелер өткізу жоспарланған екен. Бұл іс-шаралар Алматы қаласындағы Халықаралық ақпараттық технологиялар универ­ситетінің экономика және бизнес пен электронды журналистика кафедра­лары мұғалімдерінің қатысуымен өтсе, ЮНЕСКО-ның қазақ ұлттық федерациялық клубының өкілдері, ҚР Суретшілер одағының мүшелері, "Петро Қазақстан” компаниясының басшыларымен кездесулер болды. ХАТУ кафедраларының оқу сессиялары оқушыларды қаржыгер, ІТ менеджері, электронды БАҚ журналисі мамандықтарымен таныстырып, "Жобаларды қорғау” презентациясы өткізілді. Сондай-ақ, ХАТУ ұйымдастыратын 30, 50 және 100 пайыздық жеңілдікпен оқу гранты берілетін олимпиадаларға дайындық, сын тұрғысынан ойлау және топ құруға арналған тре­нингтер де шәкірттердің қызы­ғушылығын туғызды.

Ал экономикалық ауысым кезінде балалар түрлі байқауларға қатысып, мүсін жасау, сурет салу және қолөнермен айна­лысты. Сонымен бірге, кешкі қойылымдарда оқушылар өлең айтып, би билеп өздерінің артистік қабілеттерін де көрсетті.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
ҚОҒАМ 29 мамыр 2014 г. 838 0