Франциялықтар асырап алған бала ағасын Қырғызстаннан тапты

НТВ телеарнасының «Жди меня» хабарының 28 желтоқсандағы шығарылымы франциялық баланың тағдырына арналды. Бала өзінің туыстарын Қырғызстаннан тапты, деп хабарлайды «Кабар» агенттігі.

Кирилл Николь Моршты екі жасында француз отбасы асырап алады. Көп жылдар бойы өзінің тегі туралы білгісі келген бала Жаңа жыл қарсаңында Аяз атаға емес, «Жди меня» хабарының редакциясына хат жазады.

Хабар авторлары Кирилдің туыстарын, Ошта тұратын 16 жастағы ағасы Ақылбекті таба алды. Көгілдір экран арқылы бір-бірін көрген балалар көз жасына ерік беріп, міндетті түрде кездесуге уәде етті.

Балалардың анасы Толқынай Мәскеуде тиын-тебен үшін еңбек етіп жүріп, Кирилді өмірге әкеледі. Өкінішке қарай, босанғаннан кейін көп ұзамай әйелдің дерті асқынып көз жұмады.

Осы оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, Кирилді бағып-қағып отырған француз отбасына алғысын жаудырды. Риза болғандығы соншалық, тіпті баланың француз анасы мен әжесіне ұқсайтын тұстарын тапқандар да болды.

 

ҚОҒАМ 01 қаңтар 2019 г. 760 0