АДАМ ТАҒДЫРЫНА АРАЛАСУҒА

құзырлы мекемелер неге қауқарсыз?

 

Редакцияның оңтүстік ауданда­рын­дағы қосынына Жаңақорған ауда­ны, Бірлік ауылы тұрғыны Әлиева Гүл­баршын бірнеше рет хабарласты. Ша­ғымының мәнісі мына төмендегіше: үш бірдей бауыры – Рамазан, Руслан, Айбек екінші топтағы мүгедек, өз бетінше еңбек етуге қабілетсіз, мүмкіндігі шектеулі азаматтар көрінеді. Олардың алды 37 жаста болса, ортаншысы – 24, ең кішісі 22 жаста. Әкелері Әбу бақилық болған, ал зейнеткер шешесі Өміркүл Алтыбаева әлгі балаларға бас-көз бо­лып отыр. Ауылдастары оларды түрлі шаруаларға жұмсағанымен, белгілі бір жұмысқа орналастыру тағы мүмкін емес көрінеді. Сонымен Гүлбаршын Алматы жаққа тұрмысқа шығып, үш балалы болса да, отбасының ауыр жағдайына алаңдап, қазір «Мүгедек жандардың құқығын қор­ғаймын, оларға материалдық қандай да көмек әпере аламын» деген дәмемен осында жүр. Облыстық газетке қайта- қайта хабарласуы да сол жағдайға бай­ланысты болса керек.

– Шешем жігіт болған мүгедек балаларына өзі қарап отыр, соған байланысты оған әлеуметтік қызметкер есебінде не күтуші ретінде үкіметтің заңдылығына сай айлық төлесе, – дейді, екінші тағы бір айтары-ортаншы бауыры Русланжұмыс істеуге қабілетті, соны жұмысқа орналастыруға жәрдем берілуін қалайды. Үшінші өтініші – қайрымдылық қор не басқа орындар арқылы тұрмысы ауыр отбасығы ең болмаса бір жолғы жәрдем қаржы алғысы келеді.

Осы мәселелердің анық-қанығын бі­лу мақсатында ауыл әкімі Ә.Мұсаев, ау­дандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлім басшысы М.Ауа­нов, аудан әкімінің орынбасары Қ.Бүр­кіт­баевтармен тілдестік. Шағым иесі аудан әкімшілігін жағалап, қоғамдық ұй­ымдарда да болғанын олардың ешбірінен қайран жоқтығын қайталаумен болды. Ауыл әкімі өз құзыреті шегінде Әлиевтерге тұрғын үй салу үшін жер бергендігін, басқа да әлеуметтік жәрдем беруге ұсыныстар түсіргендігін айтса, зертеу актісі бойынша, 2-топтағы мү­ге­дектігіне байланысты үшеуінің әрқай­сысы 25921 теңгеден алатындығын көр­сетті. Ал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі; «...Өкінішке орай, арызда көрсетілгендей, қажеттіліктерді (үйден әлеуметтік көмек, 1-топ мүгедектеріне жеке көмекші) ауруының салдарына (диагноз) қарай сараптама қорытындысымен дәрігерлер береді. Біз сол дәрігерлер берген жеке оңалту бағдарламасын басшылыққа алып жұмыс жасаймыз», деген жауап хатты қолымызға ұстатты. Аудан әкімінің орынбасары Қ.Бүркітбаевтың уәжі де осыған саяды. Яғни, Әлиеваның бірде-бір шағымын орындауға мүмкіншілік жоқ, жеке күтуші ретінде ержеткен ба­лаларына қарап отырса да, анасына ештеңе төленбейді, жұмыс істеуге ниетті жігітті жұмысқа орналастыра алмайды, ал әзірге қайырымдылық қорынан қайырым бола қоюы неғайбыл. Тәртіп, нұсқаулықтар аясының өрісі осылай деумен шектелуде. Солай да шығар, ал біздің түйгеніміз, құзырлы мекемелер адам тағдырына араласуға құлықсыз секілді. Мына адамнан мейірімділік қашқан кезеңде мұның ақыры қалай болар екен. Бір-біріне сілтемелемей, бірлесе жанашырлықпен жұмыс жүргізсе, аталмыш отбасыға бір шарапаты тиер ме еді?! Алланың жазуы шығар, бір үйден үш бірдей соқталдай азаматтың кісі қолына қарауы шынында аянышты. Өзгенің басына бермей-ақ қойсын мұны.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған ауданы
ҚОҒАМ 29 мамыр 2014 г. 703 0