« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
қоғам және мемлекет қайраткері
Сейілбек Шаухамановтың «Бақытыңды бағалай біл!» атты кітабының тұсаукесерінде сөйлеген сөз.
Құрметті әлеумет, қадірлі қауым!
Елге, халыққа еңбегі сіңген дара тұлғаларын ардақтап, олардың жасаған еңбегін ұрпаққа өнеге ететіндей осындай тәрбиелік мәні бар іс-шаралардың кең көлемде өткізілуіне ұйытқы болып отырған облыс басшысына, атқарушы органдарының азаматтарына үлкен рахмет айтқымыз келеді.
Өткен ғасырдың 30-шы жылдары дүниеге келіп, балалық шақтарын сұм соғыс ұрлап алған, жалаң аяқ, жыртық тізе, аш құрсақ болып өскен бала ұрпақтан бүгінгі ата ұрпаққа айналып отырған буын өкілдері осы залда да отыр. Құбылмалы заманда жетімдіктің дәмін көп тартқан осы буын өкілдерінің барлығына тән қасиет «оқымаған дұрыс адам болмайды» деген қағидат пен ынсап, ар, ұят, қанағат деген сезімдерді бойына сіңіре өсуінде еді.
Сол буынның қатардағы көп тіреулердің біреуі ғана емес, мандайдағы тіреуіне айналған бүгінгі мерейтойдың иесі Сейілбек Шаухаманұлы. Американың белгілі классигі Уильям Фолкнердің айтқан сөзі бар: «Даңқ пен билік сұлу бикеш сияқты. Қабағына қарап, өліп-өшіп ұмтылған сайын уысына түспей, қашқақтай береді. Ал, сол бикешке соншалық құмартпай-ақбойыңды салқын ұстасаң, бұратылып өзі жетіп келеді». Сол айтқандай, даңқ пен дақпыртқа бой алдырмай, табиғи мінез қалпын еш өзгертпей, өзі межелеген биікке шығып отырған тұлға – Сәкең, Сейілбек Шаухаманов.
Сәкең кезінде үлкен мемлекеттік лауазым атқаруымен қатар, ішкен-жегенің, кигенің мен мінгенің жерде қалса да, көрген-білгенің, естігенің жерде қалмасын деп, қалам тербеп келе жатқан публицист-жазушы. Соның бір айғағы, бүгін тұсауын кескелі отырған «Қайраткер», «Бақытыңды бағалай біл» атты еңбектері.
«Бақытыңды бағалай біл!»
Бұл – аға сөзі! Бұл – дананың сөзі!
Бір ғана Сыр өңірінің емес, барша қазақ елінің ардақты ел ағасы, сөз сөйлесе шешен, ел бастаса көсем, топқа салсаң жүйрік, айтар ойы терең, шоқтығы биік дара тұлға, өз ақыл-парасатымен өмірдің төріне озған, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек аға Шаухамановтың бүгінгі тұсауы кесіліп отырған кітабы осылай деп аталады екен.
Бұл кітапты сыйы да, сыны да, жыры да, сыры да, өрі мен төрі де, қиыншылығы мен қызығы да, әйтеуір тар жол тайғақ кешуі де мол өмірдің Сейілбек ағамыздың көкейіне қондырған да ұқтыра білген ақиқаты деп қабылдап отырмыз.
Бұл кітапты және де баяғы мен бағзы замандардан келе жатқан даналықтар мен дана сөздердің жаңғырығы, кешегі өткен ел ағалары мен халқымыздың не бір жақсылары мен жайсаңдары жайлы ыстық ықыласты Сейілбек ағаның жан үні деп ұғынамыз.
Бүгінгі және келер ұрпақ үшін өз артыңда айтар сөзің қалу үшін де өмірден көргенің де, көңілге түйгенің де, жақсылармен жанасып жүргенің де, ел үшін бел шешіп адал еңбек еткенің де, халқың үшін маңдайыңды сылып тастап тер төккенің де керек болар, бәлкім!
Біздің Сейілбек ағамыздың өмірі осы бір заңдылықтардан тұрғаны да бар. Сонан да болар «Бақытыңды бағалай біл» атты кітабында ағамыз «Өмірде жолым болды!» деп ағынан жарылады. «Өмірде жолым болды» дегеннің өзін әріден саралау керек шығар. Өйткені жолың болу үшін де сол жолды жүріп өтіп, еңсеруің үшін де талап пен ынта, ақыл мен парасат, еңбек пен қажыр қайрат та керектігі ақиқат. Осының бәрі де Сейілбек Шаухаманов өмірі мен ғұмырының шындығы!
«Батамен ер көгерер» демекші халқымыздың талай бір асылдарынан, дуалы ауыз ақсақалдарынан бата алған Сейілбек ағамыздың өзі де осы күндері батагөй абызға айналды. Сейілбек ағаның әңгімесін тыңдауға құмартқандар, Сейілбек ағаның айтар ақылына ынтыққандар, Сейілбек ағаның батасын алуға асыққандар қаншама?! Бұл Сейілбек Шаухамановтың бойына кие қонғандығы!
Барлығы жеті тараудан тұратын бұл кітаптың «Өмірімнің өрінде», «Кие қонған ақ бата», «Сүйерім,сүйенерім, тәңірім – халық», «Адам. Заман. Қоғам», «Адам іздеп жүрмін», «Ардагерлер – ардақтысы елімнің», «Болмыс-бітімі бөлек жан» атты әр тарауының тағылымын жеке талдау керек болар.
Бір ғана «Адам іздеп жүрмін» тарауының Дінмұхамед Қонаевтан басталып, Әбекең, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мақтай Сағдиев, Тәкей Есетов, Еркін Әуелбеков, Елеу Көшербаев, Еламан Жүнісбаев, Сүлеймен Сейітов, Ержігіт Бозғұлов, Көбейсін Исаев, еңбек адамдары Шаймағанбет Есов, Аманкелді Құдайбергенов, Жаңаберген Ахатов сынды талай тұлғалар хақында айтар ойы мен сөзін философиялық тұжырымдармен түйіндей айту арқылы Шаухаманов адами ой шыңының биігіне көтеріле алғандығын аңдадық.
Біз адам іздеуіміз керек! Бұл Шаухаманов сынды асыл ағаның өмірлік ұстанымы еді. Ағамыз сол кредосынан бүгін де айныған жоқ. Және де осы арада Абай хакім айтқан «Асыл адам айнымас!» деген сөздің көкейге оралғаны да болды.
Біздің де айтарымыз асыл аға бар болыңыз, ар болыңыз, жасай беріңіз! Әрдайым сау-саламатта болыңыз!
Мұрат Бақтиярұлы,
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |