Жалағаш ауданының орталық алаңында бүгін жаңа жылдық шыршаның салтанатты жағылу рәсімі өтті. Шыршаның биіктігі - 11,5 метрді құрайды.
Салтанатты рәсімде аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев құттықтау сөз алып, ауданның өткен жылдағы толағай табыстарымен бөлісіп, аудан халқын санаулы күндерден кейін келетін Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
- Аудан еңбеккерлері мерейлі мерекелер тоғысқан биылғы жылды барлық салалар бойынша толымды табыстармен қорытындылап отыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек еткен жергілікті тұрғындар мол өнімге қол жеткізіп, өңір қазынасын нығайтуға белсене атсалысты. Өткен жылы егіс алқабына себілген Сыр маржанынан 126 587 тонна алтын дән жинап, аудан еңбеккерлері абырой биігінен көрінді – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Аудан орталығынан орын алған мерекелік әсем шыршаның шамын облыстық пәндік олимпиада, ғылыми жоба жүлдегері, ҚР бокстан чемпионат жүлдегері, облыс әкімінің жүлдесіне арналған Халықаралық турнирдің Қола жүлдегері, республикалық, халықаралық турнирлердің жеңімпазы, Үздік аттестатқа үміткер №31 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Жахат Еркебұлан және мектеп және колледждер арасындағы спартакиадасының, ауыл спорт ойындарының жеңімпазы, ҚР екі дүркін чемпионы, Халықаралық дзюдо чемпионы, облыстық Жалаңтөс Баһадүр Сейтқалиұлы атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің І курс студенті Әсел Бисенбай жақты.
Салтанатты шараға қатысқан көпшілік қауымға аудан өнерпаздары мерекелік көңіл-күй сыйлап, әсем әуенге бөледі