ҰБТ: ТАЛАБЫҢ ТАУДАЙ, ЖАУАБЫҢ БАЛДАЙ БОЛСЫН

Ұлттық бірыңғай тестілеудің жалпы орта білім беру ұйымын толығымен бітіру және жоғары оқу орнына түсу емтихандарын алмастырғанына 11 жыл болды. Қазіргі уақытта ҰБТ нәтижелерін орта білім ұйымдарында мемлекеттік қорытынды аттестаттау нәтижелері ретінде танылса, жоғары оқу орындары мен колледждерде қабылдау емтихандарының нәтижелері ретінде танылды.

ҰБТ жылдағыдай биыл да бес пән бойынша: қазақ тілі, орыс тілі, математика, Қазақстан тарихы, және таңдаған мамандыққа байланысты қабылдаудың типтік ережелеріне сәйкес таңдау пәні бойынша жүргізіледі. Ол жалпы білім беретін пәндердің бағдарламасы негізінде әзірленген тест тапсырмаларының көмегімен өткізіледі, олардың мазмұны жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес жасалады. Оған қатысатын түлектер саны 25 сәуірге дейін белгілі болды.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 31 нау­рыз 2014 жылғы №94 бұйрығына сәйкес жалпы білім беретін және кешкі мектептердің оқу сабақтары 24 мамырда аяқталып, ағымдағы жылы Қазақстан Республикасындағы жоғары оқу орнына түскісі келетін білім алушыларды қорытынды аттестаттау ҰБТ нысанында 2-15 маусым аралығында жүргізіледі. Республикадағы жоғары оқу орнына түсуді және ҰБТ тапсыруды қаламайтын білім алушылар төрт міндетті және таңдау бойынша 1-2 пәннен мемлекеттік бітіру емтиханын тапсырады.

Қызылорда қаласы бойынша 2013-2014 оқу жылында 54 мектептің 47-де 1969 оқушы 11 сыныпты бітіргелі отыр. Оның 1706-сы яғни 86,6 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірсе, қалған 263 оқушы мектеп қабырғасында мемлекеттік емтихан тапсырады. Орыс бөлімінде 400 мектеп бітірушіден – 340, ауылдық мектептерден 174 оқушы мектеп бітіріп, оның 117-сі ҰБТ-ға қатысады. Биылғы оқу жылында 30 мектептен 112 оқушы «Алтын белгіге», 22 мектептен 50 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткерлер қатарында.

Ұлттық бірыңғай тестілеуде 2012 жылы орташа балл – 69,1 болса, 2013 жылы 7,7 балға көтеріліп, орташа балл – 76,8-ді құрады. Осыған сәйкес барлық білім беру мекемелерінде оқу жылы басында өткен жылдың ҰБТ-ға қорытындысы талданып, биылғы жылғы ҰБТ дайындық жоспары жасалып, жоспарға сәйкес оқушыларға жеке және топтық кеңес беру, пәндер бойынша айына 4 рет сынама тест жүргізу, тест бойынша талдау жұмыстары, әр пән бойынша тақырыптық бақылау жұмыстары, ЖОО пәндік олимпиадаларына, интернет арқылы түрлі қашықтық олимпиадаларына қатысу жұмыстары жүргізілді.

Қыркүйек айынан бері қала мектептері бойынша орта есеппен 32 рет сынама тест алынды. Қала бойынша ҰБТ-ға дайындық барысында сынама тесттер қорытындысы бойынша орташа балл қыркүйек айында – 58,7 болса, ол желтоқсан айында 72,4-ті, наурыз айында 78,2-ні, ал сәуір айында 78,6-ны құрады.

Мектеп бітірушілердің 43,1 пайызы физика пәнін, 25,3 пайызы биология, 11,8 пайызы география, 4,2 пайызы химия, 5,9 пайызы ағылшын тілі, 6,7 пайызы дүниежүзі тарихын, 2,5 пайызы қазақ әдебиеті, 0,1 пайызы орыс әдебиеті пәнін таңдапты. Олардан алынған сауалнама нәтижесі 40 пайыздан астамының техникалық мамандықтарды қалайтынын білдірсе, 12 пайызының экономикалық, 6 пайызының заңгер, 3 пайызының аудармашы, 5 пайызының педагогикалық мамандықты таңдағанын айқындады. Сауалнама қорытындысы көрсеткендей, мектеп бітірушілердің 79 пайызы жоғары оқу орнына, 21 пайызы колледжге түсуді жоспарлап отыр.

Биылғы түлектерді ҰБТ-ға 563 мұ­ғалім дайындады. Олардың арасында жоғары санатты – 88 , І санатты – 392, ІІ санатты – 43 мұғалім бар. Олар біліктілік арттыру курсынан уақытылы өтіп келеді.

Облыс, қала әкімдерінің қолдауымен математика, қазақ тілі, Қазақстан тарихы пәндерінен ҰБТ дайындығына қо­сым­ша оқу құралдары алынып, мектептерге таратылды. Жаңақорған ауданында орналасқан Қызылорда облысының олимпиадаға дайындық және қосымша білім беру орталығында 3-13 қаңтар аралығында 173 оқушыға, 20-30 наурыз аралығында 192 оқушыға 10 күн бойы ҰБТ-ға дайындық жұмыстары жүргізілді. Биыл қалалық бюджеттен осындай іс-шараларға 13 млн. теңге бөлінді.

Тағы бір айта кетерлігі, 14-15 наурыз күндері Халықаралық Бизнес Университеті мен «Назарбаев білім беру қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен қалалық білім бөліміне қарасты 47 мектепте, 16 наурызда «Алтын белгі», «Үздік аттестат» үміткерлеріне тегін сынама тестілеу өткізілді. Сынама тестілеуге қатысқан озат оқушылардың орташа балы 101,9 балды құрады.

«Алтын белгі» үміткерлерінің қыркүйек айындағы орташа балы – 85,9 болса, ол сәуір айында 109,6 балға жетті. «Үздік аттестат» үміткерінің қыркүйек айындағы орташа балы – 81,9 болса, сәуір айында 106,7 балды құрап отыр. Сонымен қатар, мектеп оқушылары сәуірде UStudy.kz сайты арқылы онлайн тестілеуіне қатысты. Орташа балл – 79,8-ді көрсетті.

Биылғы мектеп түлектеріне еліміздегі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің, Мәскеу қаласының «МИСиС» Ұлттық зерттеу-технологиялық университетінің қабылдау емтихандары жүргізілді. Атап айтар болсақ, Мәскеу қаласының «МИСиС» Ұлттық зертте-технологиялық университетінің қабылдау емтиханына Қызылорда қаласына қарасты мектептерден 530 оқушы қатысып, техникалық мамандыққа 100-ден аса грант бөлінді.

Мектеп түлектері арасынан 8 оқушы (№№3, 15 мектеп-лицей) ғылыми жоба жарыстарының, республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпаздары атанып, Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес ҰБТ-дан босатылды.

Қорқыт ата мемлекеттік универ­ситетінің ғимаратында орналасқан №69 тестілеу орталығында 36 мектептен 1232 оқушы және «Болашақ» университетінің ғимаратында орналасқан №70 тестілеу орталығында 11 мектептен 474 оқушы, барлығы 47 мектептің 1706 бітіруші түлегі 2-10 маусым аралығында ҰБТ-ға қатысқалы отыр.

Қорыта келгенде, биылғы түлектердің ҰБТ-ға дайындығында мін жоқ, алайда оның нақты нәтижесі мемлекеттік сынақ қорытындысынан көрінетін болады.

 

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.
ҚОҒАМ 27 мамыр 2014 г. 2 742 0