ЕЛІНЕ ЕҢБЕГІ ЕЛЕУЛІ

ЕЛІНЕ ЕҢБЕГІ ЕЛЕУЛІ

Сенбі күні Қызылорда қаласындағы Студенттер сарайында қоғам қай­рат­кері, белгілі журналист Зейнолла Жарқынбаевтың өмір жолы мен қыз­метіне арналған танымдық конференция өткізілді. Конференция барысында ардақты азаматтың қайраткерлік келбеті, шығармашылық жолдары және адами болмысы жайында жан-жақты әңгімеленді.

Аталмыш шараны облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова ашып, З.Жарқынбаевтың өмір жолдары мен атқарған қызметтері жайында айтып өтті. 1914 жылы дүниеге келген ол кісі жастайынан оқу-білім іздеп, Алматы қаласына аттанады. Сол кезеңде қазақтың зиялы қауым өкілдері – Темірбек Жүргенов және Ілияс Қабылов секілді жайсаң жандармен жүздесіп, олардың көмегімен жур­налистика саласына бет бұрады. Алматы коммунистік журналистика институтын тә­мам­дағаннан кейін Қызылорда облыстық «Ленин жолы», республикалық «Социалистік Қа­зақстан» газеттерінде басшылық қызметтерде болды. Партия қызметтерінде болып, ұзақ жыл облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары ретінде облыстың әлеуемттік-мәдени дамуына үлкен үлесін қосты. Сыр өңірінің бас басылымын ұзақ жылдар бойы басқарып, шы­ғар­машылық ортаның қалыптасуына көңіл бөлді.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы қарымды қалам­гер­дің шығармалары жөнінде тұшымды ойларымен бөлісті. Туған елі мен жеріне 54 жыл қызмет еткен З.Жарқынбаев 14 жыл бойы мерзімдік басылымдарда жемісті еңбек етті. Сол кезеңдерде ол кісі басшылық қызметпен қатар, оқырман қауымның жылы ықыласына ие болған сан алуан шығарма жазып, көптеген тақырыпта қалам тербеген екен. Кәсіби журналист, редактор Зейнолла Жарқынбаев публицистикалық шығармалардың жанрлық сипатын айқындайтын талаптар мен шарттылықты жан-жақты біле отырып, жоғары деңгейде меңгергені аңғарылады.

– Бұл айтқанымызды аға­мыз­дың 2004 жылы Алматы қаласындағы «Үш қиян» бас­па­сынан шыққан «Сыр елінің сыр­базы» атты кітабында айтыл­ған және жазылған ойларымен дәлелдеуге болады, – деді Б.Кә­рібозұлы жұртшылық алдында. – Мәселен, ол кісі аталмыш кітапта газет жұмысы жайында өз пікірлерін білдірген. Атап айтқанда, газет жұмысының оперативтігі жайында ой қозғап, шұғыл қимылдауды қажет ететіндігін айтады. Сондай-ақ, кітаптың 17-бетінде «Газет жұмысының ең мықты бел алатын жері – жарияланған материалдың әсерлілігі, шыншылдығы, объек­тив­тілігі» деп ой қорытады. Зей­нолла Жарқынбаевтың журна­листік мұрасында сапарнама очерктерінің алатын орны ерекше. Ол өзінің «Вьетнамда болғанда» деп аталатын очеркінде Вьетнам халқының батыр қызы Чан Тхи Ньем жайлы жазады. Очерктерді шағын тақырыптарға бөліп жазу, шығарманың идеялық мазмұнын оқырманға бірден емес, біртіндеп ұғындыру – журналист Зейнолла Жарқынбаевтың өзіндік қолтаңбасы.

Баяндамашы одан әрі өзге де очерктері жайында ой қозғап, оларға қысқаша тоқталып өтті. Сон­дай, сапарнамалық очерк­те­рінің бірі «Абай елінде» деп аталады. Автор мұнда да очеркті бір­неше та­рау­шаларға та­ратып жібереді. Осы­­ның нәтижесінде оқыр­­манға айтары мол, берер дерегі мен мағлұматы мазмұнды болып шық­қан.

Ұзақ жылдар бойы облыс­та басшылық қызметтерде бол­­ған еңбек ардагері Қорған­бек Қайруллаев Зейнулла Жарқынбаев жайында жы­­­лы лебізін білдірді. Ол кісі­нің қайраткерлік және журна­лис­­тік қызметтерін үлкен жау­ап­кер­шілікпен атқарғанын жет­­­кізді. Қай қызметінде де жұ­мыстың сапалы атқарылуына мән беріп, қарауындағы маман­дар­дың өз ісіне талапшыл болуы­на көңіл бөлді. Осындай жақсы қасиеттерінің ар­қа­­­­­сында З.Жарқынбаев ха­лық­­тың жылы ықыласына бөленді. Жұртшылықтың өтініш-тілекте­ріне құлақ асып, сол түйінді түйткілдердің оң шешілуіне атсалысты. Сыр бойының әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосты.

– Зейнолла ағамыз зиялылық қасиеттерімен де біздерге үлгі болды, – деді Қ.Қайруллаев әңгімесін одан әрі жалғастырып. – Үсті-басына шаң жуытпай, тазалығымен де ерекшеленетін. Киім киісі, шаш қою үлгісі де ізін басқан інілеріне әрдайым өнеге болатын. Сол жылдарда еңбек жолын енді-енді бастаған біз секілді жастарға осындай ардақты азаматтар ақыл-кеңесін айтып, өз қызметіңде өнімді жұмыс істеуге бағыттай білді.

Конференция барысында өзге де белгілі азаматтар, ағайын-туыстары өз ой-пікірлерін білдір­ді. Олар З.Жарқынбаевтың аза­маттық болмысы, қайраткерлік қызметі және шығармашылығы жөнінде әңгімелеп берді.

***

Танымдық жиыннан соң бел­гілі азаматтың рухына арналып ас беріліп, құран бағышталды. Шараға облыс әкімі Қ.Көшербаев қатысып, қайраткердің елге сі­ңір­ген еңбегiн атап өтті.

***

Қорқыт ата атындағы Қызы­лорда мемлекеттік универ­си­­те­тінің Студенттер сарай­ында қоғам қайраткері, белгілі жур­налист Зейнолла Жарқын­баевтың 100 жылдығына арнал­ған дөңге­лек үстел шарасы өтіп, оған оқу орнының оқытушы-про­фес­сор­ла­ры мен сту­денттері, мар­құм­ның туған-ту­ыстары мен ізба­сар інілері қа­тысты.

Жиынды ашқан университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов биыл туғанына бір ға­сыр болып отырған Зейнолла Жар­қынбаевтың өмірі мен шы­ғар­машылық жолына тоқтал­ды. Бұдан соң мінберге көте­рілген "Сыр Медиа” жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің бас ди­ректоры, Қазақстан Журна­лис­тер одағы облыстық филиа­лының төрағасы Аманжол Оң­ғар­баев, ардагер журналист Өте­ген Жаппархан, "Ел ті­ле­гі” басылымының бас редак­торы Темірбек Есжанов, универ­ситет­тің 2-курс студенті Гауһарай Есі­­мова қайраткер туралы тол­ғамдарын ортаға салды.

Ұлт баспасөзінде өзіндік ор­ны бар қаламгердің мерейтойы аясында болашақ журналистер арасында "Қауырсын қалам” атты шығармашылық конкурс ұйымдастырылған болатын. Білім ордасының қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасы мен "Руханиятты қолдау” қоғамдық қоры ұйытқы болған байқауға 30-ға тарта студенттер қатысты.

Қайраткердің өнегелі өмір жолына қарап, оның обра­зын қалыптастыру және журна­лис­терді шығармашылық шебер­лікке баулу мақсатын көзде­ген бұл сайыс төрт кезең бой­ынша өткізілді. Оның алғаш­қысы байқау туралы баспасөз парақшасын дайындау, "Тосын­нан түсіргенде...” атты екінші кезеңде әрбір үміткердің түсірген суреттеріне сараптама жасалса, келесі кезеңде олар "Жарқын бейне”, "Мәңгілік ғұмыр” тақырыптары бойынша портреттік очерк немесе эссе жазса, соңғы "Суретті сөйлету” кезеңінде талапкерлер табиғат көрінісі немесе портретке қарап мәтін құрау арқылы шығармашылық қабілеттерін танытты. Байқау қорытындысында 2-курс студенті Гауһарай Есімова жеңімпаз деп танылды. Сондай-ақ Айнұр Әли, Салтанат Бақбергенова, Балтабай Ордабеков және басқа студенттер жүлдегерлер қатарынан көрін­ді. Сайыс жеңімпазы мен жүл­дегерлер бағалы сый­лық­тармен марапатталды.

Сыр журналистикасының ко­ри­фейі Зейнолла Жарқынбаев шы­ғармашылығы жас журна­лис­терге үлгі-өнеге болып қала бермек.

Әділжан ҮМБЕТ,

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
ҚОҒАМ 27 мамыр 2014 г. 1 306 0