« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Оңалбек Сәпиев туралы бір үзік сыр
Бүгін қайраткерлер көп-ақ. Өзгелер осылай атайтындар да, өзін өзі солай санайтындар да жетіп артылады. Бұл, әсіресе кеңес өкіметі кезінде партиялық лауазымда болған қызметкерлерге қатысты молырақ болып тұр. Халық жады кешегі шындықтан алыстаған сайын бұл үдеріс үдей түсуде.
Құдайға шүкір, халқына адал қызмет еткен шынайы қайраткерлер де баршылық. Олардың кісілік келбеті, қажырлы қызметі, өз мүддесінен халықтың мүддесін әр кез жоғары қойғандықтан арада қанша уақыт өтсе де, есімдері құрметпен еске алынады. Ол кісілердің саналы өмірлерін өздеріне тән кісілікпен аяқтағандары да сөзсіз ескеріліп жатады.
Бүгінгі әңгімеміздің арқауы болып отырған, жетпістің биігіне шыққан Оңалбек Сәпиев – қоғамда өзіндік орны бар, замандастарының арасында сыйлы, өзіне кезінде қандай жұмыс тапсырылса да абыроймен атқарған, қарапайым да қажырлы еңбегімен көпшілікке танымал, бедерлі-бедерлі өмірлік жолдары бар, замандастарымен кейде тағдыры ұқсас болғанымен өзіндігі жетерлік қайраткер.
Сәпиев Оңалбек 1944 жылғы қаңтар айында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Өзгент ауылында дүниеге келді. 1960-шы жылы мектепті өте жақсы бағамен бітіріп шықты. Содан сол кездегі қоғамда орныққан жас өндірісті көрсін деген замана ағымына сай аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен өз ауылы «Октябрь» колхозында екі жыл қой бақты. Бірақ екі жыл текке кеткен жоқ. Қолынан ертерек серік еткен кітабын,кейін жолдас болған таяғын тастамады. Жас шопан қазақтың ата кәсібі мал бағудың тәсілін игерді. Еңбектің қадірін түсінді. Тіршілік басындағы кісілермен танысты. Олардың тәлімді сөздері жадында қалды. Сөйтіп шынайы өмір жаны сергек жастың болашағына жолдама берді. Ол Өскемен мемлекеттік университетінің (ол кезде – пединститут) үшінші курсында оқып жүргенде-ақ КПСС қатарына қабылданды. Студенттің ширақтығын, оқуға деген ынтасын, жеке жауапкершілігін байқаған институт басшылығы (ректорат) оған өз мамандығына сәйкес бірінші курстың бір оқу тобына ақылы жетекшілік етуді тапсырды. Институттың қоғамдық жұмысына белсене қатысты. Спортпен айналысты. Шығыс Қазақстан облыстық студенттік құрылыс отрядының мүшесі ретінде Тарбағатай ауданының Тарбағатай, Крупская атындағы шаруашылықтарында бірнеше жыл қатарынан құрылыс жұмыстарында болды. Біршама уақыттан бері институттың комсомол комитетінің хатшылық қызметін атқарып келген Оңалбек Сәпиев 1968 жылы институтты бітірісімен өзі оқыған физика-математика факультетінің жалпы техника кафедрасында оқытушылық жұмыста қалды, кейін аға оқытушы болды. Осылай кете берсе, ғылым жолын таңдауы да мүмкін еді. Кейінірек Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры атағын алуы сонау жылдардағы оқытушылық жұмыстың жемісі болатын. Алайда, тағдыр басқа жолды сілтеді. Жас комсомол белсендісінің қоғамдық жұмысқа қарымдылығын байқаған облыстық комсомол комитеті оны 1969-шы жылы Мәскеуге, ВЛКСМ Орталық Комитеті жанындағы Жоғарғы комсомол мектебіне курсқа жіберді. Оны бітірісімен Шығыс Қазақстан облыстық комсомол комитетінің хатшысы, содан кейін екінші хатшысы қызметтерін атқарды. Облыста сол кездегі жаңадан салына бастаған Бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыстар – Өскемен құс фабрикасы мен Өскемен жібек тоқу комбинаты құрылыстарындағы комсомолдық штабқа басшылық етті. 1973-ші жылдың мамыр айында ВЛКСМ Орталық Комитеті қызметке шақырып, комсомол органдары Бөлімінің жауапты ұйымдастырушысы – Ресейдің солтүстік-батыс өңіріндегі Калининград, Карелия, Мурманск облыстық комсомол ұйымдарының кураторы (үйлестірушісі) қызметтерінде болды. Сөйтіп одақтық деңгейдегі комсомолдың үлкен мектебінен өтті.
Осылардың барлығынан хабардар Қызылорда облыстық партия комитетінің басшылығы және Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің ұсынысымен Оңалбек Сәпиев 1977-ші жылы Қызылорда облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына ауысты. Кешегі облыстық, одақтық жастар ұйымдарында жинаған мол тәжірибе жаңа қызметте жақсы көрініс тапты. Бас-аяғы төрт жылда облыстық комсомол ұйымы өз жұмысындағы жетістіктері үшін жеті рет Бүкілодақтық және Республикалық жарыстардың жеңімпазы атанып, әлденеше рет Қызыл Тулармен марапатталды. Облыс комсомол ұйымдары ВЛКСМ Орталық Комитетінің тарапынан тікелей жабдықталып, өздерінің материалдық-техникалық базаларын тәп-тәуір нығайтты. Ал комсомол жетекшісі Оңалбек Сәпиев кеңес жастары делегациясын басқарып, Венгрияда, Тунисте, Италияда, Польшада, Моңғолияда іссапарларда болып, әр түрлі бағыттардағы конференциялар мен диспуттарға қатысты.
Оңалбек Сәпиевтің бас-аяғы он үш жылдың үстінде жастық жігерін арнаған комсомол кезіне көбірек тоқтап жатқанымыздың сырын өздеріңіз де түсініп отырған шығарсыздар. Қазіргі осы жастағылардың көбісінің тағдыры комсомолмен байланысты. Біз де осы салада тоғыз жыл қызмет еттік. Тоталитарлық кезеңнің әсерінен кейбір мәселелерде саясатшылданып кеткені болмаса, комсомол ұйымы шын мәнісіндегі жастар мектебі бола алды. Бүгінгі тәуелсіз мемлекетімізде осы сияқты ұйымның қажеттігі қатты сезіліп-ақ тұр. Қызметтері енді көріне бастаған жастар ұйымдары да қалыптасарына, олар да ұл-қызымыздың тағдырына етене араласатын үлкен саяси және әлеуметтік тәрбие мектебі боларына сенеміз.
1981 жылы Оңалбек Сәпиев КПСС Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясына оқуға жіберілген болатын. Оны үздік бітіргеннен кейін 14 жыл Қызылорда облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Сырдария және Жалағаш аудандарында атқару комитетінің төрағасы, партия комитетінің бірінші хатшысы, Қызылорда облыстық партия комитетінің хатшысы, Сырдария аудандық Кеңесінің төрағасы, сол ауданның әкімдігінің басшысы, әкімі болып істеді.
Бәріміз де пендеміз ғой. Оңалбек Сәпиевтің де бәлкім кейде шалыс басқан қадамдары болған шығар. Адам баласы жалпы кемшіліктерден құр бола қоймайды. Онсыз даму да, өсу де мүмкін емес. Алайда қай қызметте болса да, барын салды, жақсы істің жанында жүрді. Белсенділікті тұрақты серігі ете білді. Сырдария ауданында басшылық жұмыста жүріп, сол кезде енді көтеріле бастаған Мұстафа Шоқай атындағы қорды аяғына тұрғызуға көп еңбек сіңірді. Алматыға, шетелге барды, кешенді жұмысқа кең тыныс берді.
Оңалбек Сәпиев 1987 жылғы сәуір айында облыстық партия комитетіне хатшылық жұмысқа ауысқан болатын. Осыған дейін комсомолды былай қойғанда, аудандық басшы қызметтерде болып, халықтың шынайы өмірін көрген, партия жұмысының теориясы мен тәжірибесі барынша жинақталған Одақтық академияда болған Оңалбек Сәпиев жаңа жұмысқа үлкен дайындықпен келіп еді. Алайда, бүкіл Одақтық партия жүйесіндегі самарқаулық қажырлы істерге бастау да, қозғау да сала алмады. Қайта қолды байлады. Жақында ғана бірінен соң бірі өтіп жататын одақтық, республикалық, облыстық семинар, конференциялар тыйылған болатын.
Шынында да, өткен ғасырдың 80-жылдарының екінші жартысы ерекше кезең болғаны мәлім. Коммунистік партияның негізін салған К.Маркс пен Ф.Энгельстің елесі Еуропаны кезіп жүрген коммунизмі дегеніне жете алмай, коммунизм таудың арғы жағында («коммунизм не загорами») емес деп соққан Н.С.Хрущевтың сөзі де ұмыт болған еді. Бұл тығырықтан кеңес демократиясы әлемдегі нағыз тамаша демократия деп ұрандатқан Л.И.Брежнев айқайы да құтқара алмады. Одақты қайта құрамын деп тілі мен жағына сүйенген М.С.Горбачев қиратқаннан басқа ештеңе бітірмеді. Соның шолақ саясатының салдары 1986 жылғы Желтоқсанда Алматыдағы жастарды алаңға шығарды. Бірақ ұл-қыздарымыздың демократиялық еркіне тағы да Мәскеу араласып қанды қырғынға айналдырды. Оның үстіне «реформатор» кеңес көсемінің туасы көпшіл, Алла жаратқан адамзатқа бауырмал, бейбітсүйгіш қазақ халқын «ұлтшыл» деп атағаны да халықтың ашу-ызасын туғызған болатын. Сондықтан да сол кездегі обкомның бірінші басшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің де, оның тікелей халықтың көңіл-күйіне жауап беретін хатшысы Оңалбек Сәпиевтің де қызметтерінің басты бағыты халықты парасаттылыққа шақырып, ел тыныштығын сақтауға үлес қосқаннан басқа артық мұраттары жоқ еді. Бұл егемендіктің елең-алаңынан азаттық таңына бет алғанда алға жылжудың кепілі де болатын.
Оңалбек Сәпиевтің саяси қажырын, әлеуметтік әлеуетін 1997 жылғы қазан айының 8-нен 2008 жылдың 8-ші желтоқсаны аралығында үш шақырылым қатарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болған жылдар айқындай түсті. Сенаттың – Өңірлік даму, Халықаралық істер, Қорғаныс және қауіпсіздік, Аграрлық сияқты тұрақты комитеттерінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің шет елдерде тұратын қандастарымызбен қарым-қатынас орнату және оралмандармен жұмыс істеу жөніндегі комиссиясының мүшесі ретінде еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді араласты, мемлекеттіміздің тәуелсіздігін нығайта түсуге өзіндік үлес қосты. 1998-2008 жылдар аралығында ТМД елдері Парламенттері Ассамблеясының, 1999 жылдан алдымен Дүние жүзі Ислам мемлекеттері Парламенттік Одағының, сонан соң оның Атқару комитетінің мүшелері ретінде парламентаралық байланыс саласында белсенді еңбек етті. Шетелдің 20-дан астам орталық қалаларда өткен Халықаралық лауазымды отырыстарға қатысып, Қазақстан Парламентінің атынан сөз сөйлеп, хабарламалар, баяндамалар жасады. Сондай-ақ, Қазақстанның Франция, Германия, Түркия және Армениямен парламентаралық комиссиясының тұрақты мүшесі ретінде оның Халықаралық ұйымдары мен әр деңгейдегі комиссиялары өткізген кең ауқымды, терең мазмұнды талқылауларына сенатор-саясаткер ретінде өзінің ойын білдіріп отырды.
2008-ші жылдың желтоқсанынан 2012-ші жылғы шілде айына дейін Оңалбек Сәпиев «Нұр Отан» ХДП басшылығының шақыруымен әрі ұсынысымен осы республикалық саяси партияның Партиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет істеді. Партияның алда тұрған негізгі міндеттерді орындауы жөніндегі іс-қимылына бақылау жасаудың ішкі партиялық механизмін күшейту үшін құрылған Комитеттің партиялық бақылаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруда еңбек етті. Әлеуметтік маңызды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысын қадағалау мақсатында партиялық бақылау посттары құрылды. Жемқорлыққа қарсы Медиа-орталық жұмыс істеді. Партиялық бақылаудың өңірлік және аймақтық комиссияларының қызметін үйлестіру, қызметкерлерін оқыту, партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылын ұйымдастыру, партия мүшелерінің және оның құрылымдық бөлімшелерінің партиялық тәртіпті сақтауын бақылау да Комитеттің тұрақты назарында болды. Мұның барлығы мақсат пен тәсіл, мүдде мен мүмкіндік арасында тиімді шешім тауып, ішкі партиялық тәртіпті арттыруға серпін беріп отырды.
Оңалбек Сәпиевтің саналы өміріндегі қажырлы еңбегі мемлекетіміз тарапынан әркез аталды. Оған «Еңбек Қызыл Ту», «Барыс», «Құрмет», «Содружество» (ТМД елдері Парламентаралық Ассамблеясының ең жоғарғы наградасы) ордендері мен медальдары, ВЛКСМ Орталық комитетінің ұрмет белгісі мен «Нұр Отан» ХДП-ның «Белсенді қызметі үшін» омырау белгісі, т.б. түрлі марапаттаулар толық дәлел бола алады. Қызылорда облысының, Жалағаш және Жаңақорған аудандарының құрметті азаматы.
Өздеріңіз көріп отырғандай, Оңалбек Сәпиевтің өмір жолының өзі-ақ сайрап тұр. Тіпті қосымша бірдеңе деу де артық сияқты. Дегенмен, 40 жылдай уақыт білетін болғаннан кейін бірер ойды қоса кетсем деп отырмын. Оңекең өзінің туған күнінде Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінде дүниеден өткен әулетіне арнап ас берді. Алдымен перзенттік парызын орындады. Бұл имандылықтың көрінісі еді. Сондай-ақ ол – көп оқыған, білгенін ойда көп тоқыған азамат. Сөйлесе, ойын қысқа, әдемі де әсерлі жеткізеді. Қазіргі кейбір өзін қайраткер санап жүргендердей дастархан мен үстел басында жүзінің сол жағымен сөйлеп, сыртқа шыға салып оң жағын пайдаланбайды. Өтірік айтуды білмейді. Қуанса да өзіне лайықты пейілмен шаттанады, ренжісі де шынымен қынжылады. Ойы мен жүрегін толық ашады. Меніңше, шынайы кісілік болмыс та осындай іс-әрекеттерде жатыр.
Қазіргі күні Оңекең жұбайы Задамен екі қыз бен ұл өсірген, немерелер сүйген үлкен шаңырақтың иесі. Қыздары Альмира мен Ардақ Астана қаласындағы жоғары оқу орындарының ғалым оқытушылары, ұлы Еркебұлан – дипломат. Күйеу балалары мен келіні де мемлекеттік қызметте.
Сөз соңында жетпістің жалынан мықтап ұстаған Оңекеңе алда да баянды өмір тілеп, ұрпақтарыңың ортасында тағдыр берген жасты шаршамай, шалдықпай жасай бер деген шын ықыласты көңілімізді білдіргіміз келеді.
Әбдіжәлел Бәкір,
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |