КӨКПАР ДОДАСЫ

КӨКПАР ДОДАСЫ

«Ат – ердің қанаты» дейді халық даналығы. Ежелден ұшқыр аттарды «қанатты жылқы» пыраққа теңеген. Жақында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі «Сырдария» спорт клубы кент іргесіндегі «Соркөл» табанында көкпар ұйымдастырды.

Көкпар десе, қаны қызбайтын қазақ жоқ. Көрші орналасқан Қызылорда мен Жалағаштан, өз ауданымыздың ауылдарынан шабандоз жігіттер мен көкпарға түсетін жараулы аттар келді. Сол күні «Соркөл» табанында адамның да, аттың да қарасы мол болды. Салым басталғанша шабандоз жігіттер аттарын «қыздырып», көкпарға қолдарын машықтандырды. Кенттің шабандоз жігіттері Ж.Жұмабаев, М.Еспенбетовтердің ұйым­дас­тыруы­мен 7 команда көкпаршылары сап түзеді. Ме­ре­ке­лік жиынның ашылуында ауданның спорт ардагері С.Тоқсанбаев, «Сырдария» спорт клубының директоры М.Келдібаев құттықтау сөз сөйледі. Олар ұлттық спорттың тамаша түрі – көкпардың адам денсаулығына пайдалы, спорт­тың бұқаралығын арт­тыруға қызмет ететіндігін атап өтті. Еңбек ардагері М.Сақтапов көк­паршыларға ақжолтай батасын берді.

Алғашқы кезекте Тереңөзек пен Қызылорда көкпаршылары алаңға шығып, 20 минут бойына салым салудан күш сынас­ты. Тереңөзектіктер тегеурін танытып, алғашқы ойында қызылордалықтардан 1:0 есебімен басым түсті. Осылайша жеті команда алма-кезек бір-бірімен сайысып, мықтылықтарын, әбжіл­діктерін көрсетті. Бір­қа­тар ауыл­дарымыздың көкпар­шылары тақымы мықты шабандоздар екендіктерін танытты.

«Сырдария» спорт клубы ұйымдастырған көкпар додасына Қызылорда қала­сы­нан екі команда «Дария жағалауы» және Абай ауы­лы, Жалағаштан Аққұм, Бұқарбай ауылдары командалары қатысса, ал алаң иелері сырдариялықтар Тереңөзек кенті, С.Сейфуллин, А.Тоқ­мағамбетов ауылдарынан үш команда шығарды. Көкпаршылар сайысы бәсекеге толы болды. Осындайда егемендігіміздің елең-алаң кезінде көкпар түгіл, аударыспаққа жарамды аттар таптырмайтыны еске түсті.

Шыдамдылық, мықтылық сынға түскен көкпар додасында І орынды қызылордалықтар, ІІ орынды тереңөзектіктер жеңіп алды. Ал, ІІІ орынды асқарлықтар еншіледі. Оннан астам салым болды, олардың әрқайсысына жүлде тігілді. «Соркөл» табанын дүбірге бөлеген дода осылайша сәтті аяқталды.

 

Ш.НҰРСЕЙІТОВ.

Сырдария ауданы.


ҚОҒАМ 24 мамыр 2014 г. 1 271 0