МОРАТОРИЙ – КӘСІПКЕРЛЕР ДАМУЫНА ЖАСАЛҒАН МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТ

Шағын және орта бизнес субъекті­лерін қолдау мақсатында Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы Елбасы Жарлығымен 2014 жылдың 2 сәуірінен бастап 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланды. Бұл шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында қабылданып отырған шара және өз кезегінде салық төлеушілерге сенім артып, салық органына тіркеліп, табыстарын жасырмай салық төлеуді міндеттейді. Аталмыш шараҚазақстандағы бизнес өкілдерінің қызметтерін жақсартуға бағытталған. Яғни, кәсіпкерлік субъектілеріне үлкен көмек болып есептеледі.

Салық қызметі органдары алдында Қаржы министрлігі бекіткен стратегиялық міндеттердің бірі және негізгісі мемлекеттік бюджет болжамдарын сапалы орындау, сонымен бірге, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, ақшасыз есеп айырысуды дамытуға қолдау көрсету, мемлекеттік қызмет көрсетулердің сапасын жақсарту, бизнесті жүргізуге қолайлы және тиімді жағдайларын жасау, халықтың құқықтық мәдениеті деңгейін жоғарылату, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу және елдегі көлеңкелі экономиканың деңгейін қысқарту бағытында ауқымды міндеттер тұр. Бүгінде салық саласында салықтарды төлеуден жалтарудың басты тәсілдері: шығыс бөлігін, шегерім мен қосылған құн салығы бойынша есепке жатқызуларды тым аса көтеру және табысты кемітіп көрсетулер болып табылады.

Салық департаменті тарапынан осыған байланысты тексеру жұмыстары осы кезеңге тоқтатылып, камералдық бақылау жұмыстары мен үгіт-насихат жұмыстарын басты назарда ұстап, мемлекет бюджетінің кірісін орындауда тиісті жұмыстарды атқаруда. Айта кетуіміз керек, осы тұста облыстық салық департаментінің бастамасымен және облыс әкімінің қолдауымен облыс көлемінде үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен 1 шілдесі аралығында «Көлеңкелі экономикаға Халық пен Салық қызметі қарсы» атты акция өткізілуде. Осыған байланысты облыс әкімінің қатысуымен облыс әкімдігінде осы жылдың 25 сәуірінде облыстық дағдарысқа қарсы штаб отырысында арнайы көлеңкелі экономикаға қарсы атқарылатын және атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде облыстық салық департаментінің басшысы Әлібек Тілегенов баяндама жасап, қатысушыларға альбомдар, буклеттер және тағы басқа акцияға дайындалған құжаттар таратылды.

Акция қала, аудан әкімдіктері, облыстық мемлекеттік және жергілікті уәкілетті органдар, құқық қорғау органдары, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы, «Жас Отан» жастар қанаты, Қызылорда облысының кәсіпкерлер Палатасы және басқа да қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен көлеңкелі бизнеске жол бермеу және салық заңдылықтарын сақтау мақсатында өтеді. Аталған акцияны өз дәрежесінде өткізуге облыс бойынша салық департаментінің жауапты орындаушылардың қатысуымен іс-шара жоспары бекітілді. Акция барысында салық төлеушілерге жоғарыда аталған ұйымдар мен мекемелер өкілдері және облыс пен саламыздың ардагерлерінің қатысуымен бірлесіп, облыстық теледидар және бұқаралық ақпараттар арқылы халық арасында салық мәдениеттілігін көтеру, яғни, дара кәсіпкер болып салық органдарына тіркеліп заңды түрде қызметін атқарудан бастап салық органына тапсырылатын есептіліктердің дұрыс берілуіне дейін түсіндірілу жұмыстары жүргізіледі. Бұл ретте облыстың барлық аудандары мен Қызылорда қаласында облыс салықшылары жастардың қатысуымен халық арасында әртүрлі деңгейде түсініктеме жұмыстарын қарымды жүргізуде.

Жылдан жылға біздің облысымызда кәсіпкерлер саны өсіп келеді. Өткен 2013 жылдың басымен салыстырғанда 17,6 пайызға немесе 6390-ға саны өскен. Дегенмен, мемлекет алдындағы салық міндеттіліктерін орындауда салық төлеу­шілер арасында заңдылықтарды сақтамау әлі де көптеп кездеседі. Оған дәлел, өткен 2013 жыл көлемінде жүргізілген 49 хронометраждық зерттеп-тексеру­лер нәтижесінде салық төлеушілер табысы орташа 2-ден 6 есеге дейін көтерілген. Бақылау-кассалық машиналарын қолдану тәртібіне тақырыптық 327 тексеру жүргізіліп, оның 312-де заң бұзушылықтар анықталған, 265 аппарат тіркеуге қойылған. Сонымен бірге, бухгалтерлік есептерінде бұрмалаушық жасап, заңды тұлғалар тарапынан төлеуге тиісті салығын жасыру фактілері болып жатады. 2013 жылдың тексерулер қорытындысымен тек қана кешенді және тақырыптық тексерулер нәтижесімен мемлекетке қосымша 29 144 224,0 мың теңге қаражат есептелді. Бұдан басқа салық органына тіркелмей, заңсыз қызмет атқарушылардың 400-ге жуығы анықталды.

Қазақстан Республикасында салық саясаты – ел экономикасын дамы­туда, әлеуметтік деңгейді көтеруде үй­лес­тіруші, реттеуші рөл атқаратын мемлекеттік саясаттың бір саласы. Салық – қоғам байлығы, еліміздің әлеу­меттік-экономикалық дамуының ке­пілі, халықтың әл-ауқатының негізі. Сондықтан мемлекетіміз салық саясатының ширап, жүйелі жүргізілуін қадағалап, оның ел игілігіне айналуын бас­ты назарда ұстап отырады.

 

Сәбит Кеңесұлы,

Қызылорда облысы бойынша салық департаментінің

басқарма басшысы.


ҚОҒАМ 24 мамыр 2014 г. 852 0