Ұлт көшбасшысының ұлағаты

Қазақстан тәуелсіздігіне тарих өлшемімен алғанда қас-қағым уақыт болып есептелетін 27 жыл толды. 1991 жылы 1 желтоқсанда алғашқы Президент  сайлауы өтті. Осы сайлауда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 98 проценттен астам дауыс жинады. Еліміз тәуелсіздік алумен қатар президенттік басқару жолына алғашқы қадамды осы 1991 жылдың 1 желтоқсанында жасады.

Арада 20 жыл өткен соң 2012 жылы Қазақс­тан Республикасының Парламенті «Тұңғыш Президент күні» мерекесін заңмен бекітті. Осы заңды шығарушы топтың ішінде мен де болдым. Оған 20 жылда біздің мемлекетіміздің қол жеткен табыстарын негіз етіп алдық. Қазақстанды әлемдік қауымдастыққа таныту, экономиканы нарықтық қатынастарға бейімдеу, ең бастысы – шекараны мығымдап алу, тұңғыш Конституцияның қабылдануы секілді игіліктер жүзеге асырылды. Сондықтан  Елбасының ролін осы заңда көрсеттік.

Тұңғыш Президент күнін атап өту – әлемдік тәжірибеде қаншама жылдар бойы орныққан үрдіс. Мысалы, демократияның отаны саналатын АҚШ-та 1880 жылдан бері бар. Мереке осы кезге дейін аталады. Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде Президент күні мерекеленеді. Сондықтан Президент күні –  бір адамның ғана емес, мемлекеттің басшысына құрмет білдіретін мейрам.

Тұңғыш Президентіміз бүкіл қазақстан­дықтарды өзінің айналасына топтастыра алатын саясаткер және дара тұлға екендігін танытты. Осы арада бір ақиқатты айтайық, Н.Назарбаевтың Ұлт көшбасшысы екендігін Парламент қабылдаған Конституциялық заңнан көп бұрын-ақ халықтың өзі мойындап қойған болатын. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшылығына келген алғашқы сәттен бас­тап халықаралық және ұлтаралық мәселелер шиеленісінің шешуін асығыстыққа салмай, арандататын пікірлердің ырқына жығылмай, сарабдал сабырмен, уақыттың талабына, қазақстандық жолдың ерекшелігіне үйлестіре, жан-жақты мүдделердің түйісу нүктесін таба біліп шешудегі даралығымен бірден әлем назарын аударды.

Әлемдік қауымдастықта Қазақстан өз  орнын алған мемлекет. Еліміз ең алғаш болып адамзатты қырып-жоятын атом қаруынан өз еркімен бас тартты. Бұл шешім оңайлықпен қа­был­данған жоқ. Тарихқа тереңдесек, Елбасы­ның  жеті өлшеп, бір кескен шешімінің дұрыс екенін қазіргі уақыт дәлелдеді. Қазақстанды әлем­дік саяси аренаға шығарған да осы бастама. 

Еліміз тек сыртқы саясатта бірді-екілі елмен ғана қарым-қатынас орнатқан жоқ, көпвекторлы бағыт ұстанды. Ресей, Қытай, бауырлас Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, бұрынғы Кеңестер Одағының барлық мемлекеттермен, Батыстағы елдермен, АҚШ-пен, Жапониямен тығыз байланыс орнатты. Кезінде одақтас болған көптеген мемлекеттер біржақты саясат жүргізіп, сыртқы саясаттағы бірталай мәселеде ұтылып қалды. Ал біздің ел тәуелсіздік алған күннен бастап сыртқы байланыстарды жолға қойды.

Қазақстан көптеген халықаралық ұйым­дардың құрылуына бастамашы болды. Елбасының бастамасымен  Шанхай ынты­­мақтастық ұйымы, Орталық Азия ынтымақтастығы ұйымы, Еуразиялық эко­номикалық Одақ сияқты басқа да қауіпсіздік пен экономикалық бағыттағы ұйымдар құры­лып, келісім-шарттар жасалды. Оған қоса әлемдегі әр алуан діни бағыттардың басын қосып, Батыс пен Шығыс мемлекеттерінің  діни басшыларын бір үстелдің басына жинады. Әлемдік дін қайраткерлерінің съезі Астанада 3 жыл сайын өтеді.  Бұл алқалы басқосулар саяси аренада беделі зор Мемлекет басшысының арқасында өтіп келеді.

Соңғы күндері Елбасының «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты тарихи мақаласы талқылануда. Бұл – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бастамасының жалғасы. Тарихи мақаланың жаңалығы неде? Ол жайында тарихшылар айта жатар. Меніңше бұл мақала «Біз қандай ұлтпыз, қандай халықпыз, кімбіз, қайдан келдік, қай ортада тұрмыз, қайда барамыз» деген сауалдарға толыққанды жауап берген.

Қазақтың тарихын көп ретте шет ел тарихшылары жазды. Тарихты кім жазады? Отарлау­шы ма, отарланған ел ме? Біздің өткенімізді отарланған елдің тарихшылары жазып келді. Мысалы, Кеңес Одағы тұсындағы 70 жылдық тарихымыз империялық тұрғыдан бағамдалды. Тәуелсіздік алғалы бері де тарихымыз толыққанды зерттелді дей алмаймын.

Әлемде Еуропа, Шығыс, Араб, Африка сияқты өркениеттің бірнеше түрі бар.  Осылардың арасында дала мәдениеті  мен өркениетінің орны бөлек. Ұлы дала өркениеті – көшпенділер өркениеті. Скифтер мен сақтардан бұрынғы арғы бабаларымыз осы далада ғасырлар бойы өмір сүрді.  Оған археологиялық қазбалар, этнографиялық зерттеулер дәлел. Мамандығым тарихшы болғандықтан мықты археолог-ғалым­дардан дәріс алдым. Олар атақты Андронов мәдениетін  әлемдік өркениетке қосты. Арқадан табылған бұл мәдениетті зерттеушілер б.э.д 2000 жылдықтарда осы жерді мекен еткен адамдардың темір мен қола игергенін дәлелдеді, үйлер мен үңгірлерін тапты. Олар темір игеру, балқыту арқылы  қару-жарақ, құрал-саймандар жасаған.

Ұлы дала халқы жылқыны қолға үйретіп, оған міну үшін шалбарды ойлап тапты. Ол уақыттағы Еуропа халықтарының киім үлгісі қандай болғанын білесіздер. Сол кезеңдегі атты қолға үйрету  және темірді балқыту – қазіргі танк, ұшақ жасаумен тең төңкеріс еді. Өйткені олар жаяу жүргеннен гөрі атқа мінгеннің, ат үстінде отырып, шабуыл жасап, қорғанудың тиімділігін білді. 

Біздің тарихшыларды осы жерге келген қытай, араб, парсы, орыс  көпестері, сая­хатшылары, географтарының жазбалары толғандырады. Мысалы, Қытай архивтеріндегі қолжазбаларды сараптап, тарихи айналымға енгізу, оның ішіндегі қажеттісін, шындыққа сәйкес келетінін алу керек.

 «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы». Осылайша түйінделген Елбасы мақаласы тарихымыздың тереңдегі тамыры, адамзат өркениетіне қосқан үлесімізді еске түсіру арқылы әрбіріміздің бойымыздағы мақтаныш сезімімізді оятты. Біздің тарихымызда келешек ұрпақ ұялатындай ештеңе жоқ. Бұл ретте тарихшылар, сарапшылар жұмыс жасайды. Оған жеткілікті  мүмкіндік бар.

Тәуелсіздік жылдарында табысты жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасы, «Мәңгілік ел», «Ұлы дала» идеяларының жалғасы тари­хымыздың жеті қырына  келіп тіреледі. Өйткені бұларды бір-бірінен бөліп алуға болмайды. Ал жаңа тарихымыз адамзаттық тұрғыда, Ұлы дала өркениетінің  адамзат өркениетіндегі орнын бағамдай отырып жазылуы керек.   Сонда ғана тарихымыз шынайы болмақ.


Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

сенатор, саяси ғылымдар докторы,

профессор.

ҚОҒАМ 30 қараша 2018 г. 684 0