ҚҰРМЕТТІ БАЙЛАНЫСШЫ

ҚҰРМЕТТІ БАЙЛАНЫСШЫ

Байланыс саласының адам өмірі үшін мәні ерекше. Ыбырай Алтынсарин атамыз айтпақшы, «Айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызды» дейтін заман қазір келді. Бұрын айлап-апталап, екі көздері төрт болып, зарыға хат-хабар күтіп отыратын халық қазір тіпті шетелде жүрген баласының интернет арқылы бейнесін көріп, сөйлесе алатын мүмкіндікке ие болды.

Осы салада отыз бес жылдан астам уақыт қызмет еткен «Қазақстанның құр­метті байланысшысы» Әбдіхан Кө­бейұлы халыққа өз ісінің майталман маманы ретінде танылды. Ұзақ жылдар қызметінде Әбдіхан Көбейұлы облыс байланыс саласының қарқынды дамуына үлес қосып, сол заманның талабына сай байланыс құралдарын орнатып, көптеген жетістіктерге қол жеткізді.

Мен Әбекең ағаны 1991 жылдан бері танимын. Ол кезде мен ҚР Байланыс министрлігінде қызмет атқардым. Тоқсан сайын министрліктің есебіне келетін Әбдіхан Көбейұлымен сол уақытта ағалы-інідей сыйласып, тығыз араласа бастадық. Мен 2004 жылы Қызылорда облыстық телекоммуникация дирекциясының бас директоры қызметіне тағайындалған кезден бастап осы уақытқа дейін Әбекең өзінің мол тәжірибесін бізбен ықыластана бөлісіп келеді.

Жоғары білімді маман ретінде қызметін бастаған ол 26 жасында Арал ауданының байланыс торабын басқарды. Әбекең облыстың байланыс саласындағы өзгеріс-жаңалықтардың басы-қасында жүріп, қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткерді. Байланыстың қыр-сырына қанығып, үлкен беделге ие болды. Халықтың өскелең талабын орындау мақсатында облыс бойынша тұңғыш рет Арал қаласында 500 нөмірлі автоматты телефон станциясы салынып, 1964 жылы пайдалануға берілді. Телеграф, радио, қалааралық байланыс құрал-жабдықтары да жаңара бастады. 1967-1969 жылдары аудан орталығында телевизия тарату қондырғыларының құры­лыс жұмыстары жүргізіліп, іске қо­сылды. Осы қажырлы еңбектерінің арқасында 1970 жылы Қызылорда қалалық біріккен байланыс мекемесінің бастығы қызметіне ауыстырылды. Мұнда да оның тындырған істері аз емес. Ол кезде облыс орталығында небәрі 4000 нөмірлі бір АТС болатын және ол тұрғындардың сұранысын қанағаттандырмайтын-ды. Әбе­кең келгеннен бастап 2, 3, 4, 5, 6 теле­фон станциялары салынды. Жалпы телефон саны 28 мыңға жетті.

Қазақстан егемендік алғанға дейін байланыс саласының жағдайы сын көтермейтін, пошта жүйесі біршама қиындықтарға ұшыраған еді. Телекоммуникация мен байланыс жүйесі бір болатын. «Ел басына күн туғанда ер сыналар» дегендей, пошта жүйесін дамытуға бел шеше кіріскендердің бірі осы Әбекең еді. Пошта байланыс торабынан «Телекоммуникация» мекемесі бөлініп шыққанша аудандарда пошта бөлімшелерінің ашылуына атсалысып, халықтың ризашылығын алды. Арал, Қа­залы, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарында байланыс торабы ғимараты салынып, барлық аудан орталықтары мен Қызылорда қаласында жаңа типтегі автоматты телефон станциялары, теле­граф қондырғылары орнатылды. Сондай-ақ, облыс көлеміндегі 107 ауылдық елді мекендерге халқының санына байланысты 50-200 нөмірлі АТСК 50/200 станциялары орнатылып, ауыл, аудан тұрғындары облыс және қалааралық байланыс қыз­метін автоматты түрде пайдалану мүм­кіншілігіне ие болды. Бұл облыс көле­мінде байланыс саласының қарқынды даму кезеңінің бірі болатын. Сөйтіп, облыстағы кадр тапшылығына қарамай, қиындықты, кедергілерді жеңіп, бар мүмкіншіліктерді пайдаланып, байланыс құрал-жабдықтарын жаңарту, ұлғайту жо­лында Әбдіхан Көбейұлы елеулі жетіс­тіктерге қол жеткізді.

Әбдіхан ағаның байланыс саласының кәсіби маманы әрі іскер басшысы ретінде лауазымы әрдайым жоғарылап отырды. Еңбек жолында жинаған мол кәсіби тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қа­бі­леті ескеріліп, Әбдіхан Көбейұлы Қызылорда облыстық өндірістік-техни­калық байланыс басқармасының бастығы қызметіне тағайындалып, бұл жауапты қызметті 16 жыл атқарды. Сонымен қатар, Әбдіхан ағамыз 25 жылдан астам уақыт аудандық, қалалық, облыстық партия комитетінің пленум мүшесі, аудандық, қалалық, облыстық Кеңестің депутаты болып үздіксіз сайланды. Біз бұны сол замандағы байланыс қызметкерлерінің облыс халқына істеген еңбектерінің бағасы деп білеміз.

Байланыс саласын дамытудағы жетістіктері үшін облыстық өндірістік-техникалық байланыс торабының ұжымы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитеті, Қазақ ССР Министрлер Кеңесі, Қазақстан БЛКЖО Орталық комитеті мен Қазақстан кәсіподақтары кеңесінің ауыспалы «Қызыл Туымен» ма­ра­патталып, Қазақ ССР-нің Халық ша­руашылығы жетістіктері көрмесінің (ВДНХ) Құрмет тақтасына жазылу құр­метіне ие болды.

Байланыс саласындағы қажырлы ең­бегі лайықты бағаланып, Әбдіхан Көбей­ұлы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құр­мет грамотасымен, СССР Жоғарғы Кеңе­сінің шешіміне сәйкес «Еңбек ар­дагері» медалімен, «Халықтар Достығы» орде­німен марапатталды. Байланыс саласының ең жоғары марапаты – «Қазақстанның құрметті байланысшысы» атағы берілді. Облыс басшылары көп жылдар бойы байланыс саласында атқар­ған еңбегін лайықты бағалап, Әбдіхан Көбейұлы «Рес­публикалық дәрежедегі дербес зейнеткер» мәртебесіне ие болды.

«Шәкіртсіз ұстаз — тұл» демей ме, Әбдіхан аға байланыс саласының дамуына ғана емес, сол кездегі жас мамандардың байланыс саласына мамандануына да үлкен еңбегін сіңірді. Ол білгенін жастармен бөлісіп, өмірлік еңбек тәжір­и­бе­сі­мен ортақтасты. Бүгінде Қызылорда ОТД-да қызмет атқарып жүрген байланысшылардың көбі Әбдіхан ағаның шәкірттері. Атап айтсақ, Кеңес Қожантаев, Тұрмахан Омаров, Шамшадин Өксікбаев, Бисенкүл Аяпова, Темірбек Балымбетов, Жайшылық Төремұратов, Оңдасын Сә­лиев және тағы басқа шәкірттері байланыс саласында басшылық қызметте жүрген азаматтар.

Зейнеткерлігіне, жасының ұлғайға­нына қара­мас­тан, қазір Әбдіхан Көбейұлы Қызылорда ОТД ардагерлер кеңесінің төрағасы. Шәкірт пен ұстаз арасындағы тығыз байланысты назарда ұстап, ұжыммен бірге Әбекеңді атқарылатын іс-шараларға жиі шақырып, мерекелерде құрмет көрсетудеміз.

Бүгінгі күні Әбдіхан Көбейұлы 80 жасқа толды. Көп жыл отасқан зайыбы, марқұм Зәуреш апай екеуі 5 бала тәр­биелеп өсірді. Ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере, шөбере сүйіп отыр. Атамыз қазақ «Ұяда не көрсен, ұшқанда соны ілерсің» демекші, бүгінде Әбекеңнің қызы мен немерелері байланыс саласында абыроймен қызмет атқарып келеді.

Сексеннің сеңгіріне келген Әбекең аға­ма ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, қа­жымас қайрат, сергек көңіл-күй тілеп, отбасынан береке арылмай, бала-шағаның ақылшысы, панасы болып жүре бер демекпін.

 

Сәдібек БАЛТАБАЙҰЛЫ,

Қызылорда облыстық телекоммуникация

дирекциясының бас директоры.

«ҚР Құрметті байланысшысы».


ҚОҒАМ 22 мамыр 2014 г. 1 510 0