СЫРТҚЫ САУДАНЫҢ АУҚЫМЫ АРТТЫ

СЫРТҚЫ САУДАНЫҢ АУҚЫМЫ АРТТЫ

Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруіне ықпал ететін батыл әрі маңызды міндеттерді Ел Президенті Н.Назарбаев кеден органдарының ал­дына да қойып отыр. Республикалық бюджеттің үштен бірін қамтамасыз етіп отырған кеден органдары кеден жүйесін жаңғырту бойынша көптеген жаңалықтарға қол жет­кізуде: мұның бәрі, түптеп келгенде, сырт­қы сауданың көлемін ұлғайтуды, бюд­жет түсімін молайтуды, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізуді көздейді. Жүргізіліп отырған жан-жақты шаралар кедендік бақылаудың сапасын арттыруға және Кеден одағының кеден ше­карасы арқылы тауарларды өткізу кезінде кеден амалдарын жеңілдетуге бағытталған.

Жүктердің кеден шекарасы арқылы өтуін жеделдететін тиімді шешімдердің бірі – алдын ала ақпараттандыру тәсілі. Бұл жүйе кеден ор­ган­дарының шекарадан өтетін тауар туралы жүк­тің келуінен бұрын алдын ала ақпарат алуын көздейді. Қазіргі кезде еліміздің жүкті авто­көлікпен өткізетін өткізу пункттерінде транзиттік декларациялардың 90 пайызы алдын ала ақпа­рат­тандыруды қолдану арқылы ұсынылып отыр. Кеден органдарына тауар туралы мәліметті ал­дын ала ұсынып отыру жүк иесінің уақытын ға­на емес, өткізу пункттерінен тауарды өткізу ке­зіндегі кедендік ресімдеуге кететін шығынын да үнемдейді.

2014 жылдың 1 қазанынан бастап, алдын ала ақпараттандыруды темір жол көлігімен келетін тауарларға қатысты қолдану енгізілмекші. Біздің өлкемізге тауарлардың, негізінен, темір жол көлігімен тасымалданатынын ескерсек, Қызылорданың сыртқы экономикалық қызметпен шұғылданатын тұлғалары үшін бұл әжептәуір жеңілдік әкелері сөзсіз. Біздің департамент осы жұмыстарға дайындық шараларын жылдың басынан бастап жүргізіп келеді. Облыстағы темір жолмен және жиі тасымал жасайтын тұлғалар үшін, «Қазақстан Темір жолы» АҚ-ның тиісті құрылымдарын қатыстыру арқылы жаңа жүйені түсіндіру мақсатында семинарлар мен «дөңгелек үстел» кездесулері өтіп жатыр.

Кеден органдарының айрықша назарға алып отырған және бір жаңа жүйесі – электронды декларациялауды енгізу. Бұл дегеніңіз, тиісті мәліметтерді кеден органына электронды, яғни қағазсыз нұсқада ұсыну деген сөз. Қазіргі кезде еліміздің бірнеше облысында экспортты электронды түрде декларациялаудың пилотты жобасы жүргізіліп жатыр. Департамент мамандары да тестілеу әдісімен бірнеше декларацияларды тәжірибеден өткізді. Шет ел асатын тауарға рұқсат құжаттарын беретін барлық мемлекеттік органдар өз құжаттарының электронды нұсқасын ендіруді аяқтағанда, импорт операцияларын да кеңсеңізде немесе үйіңізде отырып, рәсімдеуге ұсына алатын күн жетеді. Үкіметтің жоспарында бұл кезең 2015 жылдың аяғына қойылған.

Кеден амалдарын жеңілдету және жеделдету шаралары сыртқы экономикалық қызметпен шұ­ғылданушы тұлғаның жауапкершілігін арт­тыратын болады және оның мәліметтерінің толық әрі тура болуына бақылау кедендік бақылаудан кейінгі кезеңге ауыстырылады. Кедендік бақылау комитетінің кедендік бақылауды тауарды та­зартудан өткізу кезінен тауар айналымға шыға­рылғаннан кейінгі кезеңге аудару Концепциясы Қа­зақ­станда бизнес жүргізуді жеңілдетуге жа­сал­ған қадам. Түсіндіріп кетсек, тауарды ке­ден­дік тазартудан өткізу тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану арқылы жүргізіледі. Қысқаша ТБЖ (тәуекелді басқару жүйесі) деп аталатын бұл автоматты жүйе, тауарға қатысты барлық деректерді оқыған соң, тауарға қолданылатын бақылау түрін өзі таңдайды.

Кеден амалдарын жеңілдете отырып, Кеден одағының сыртқы шекараларын нығайту да басты міндет. Қазақстан-Қырғыз, Қазақстан-Қытай шекараларындағы өткізу пункттері жаңарып, халықаралық стандарттарға сай жабдықталды. Қазақтан мен Қытай Халық Республикасы Үкіметтерінің екіжақты келісімі негізінде «Бақты» және «Покиту» өткізу пункттеріндегі «жасыл дәліз» жобасы туралы біз хабарлаған болатынбыз. Сол өткізу пункттері арқылы өтіп жатқан көкөніс пен жемістер біздің әрқайсысымыздың дастарқанымызда күнделікті сұранысқа ие тауар екенін ескеріп, бұл жаңа жобаның тиімділігін түсінген жөн. Бұрын автокөліктер дәл осы өткізу пунктінде 270 минутқа дейін уақытын жоғалтатын болса, жаңа жобадан соң бір көліктің өтуі 51,6 минутта жүзеге асырылатын болған. Республика Үкіметінің қаулысымен «Мемлекеттік қызметтер тізбесі» бекітілген болатын. Үкімет тарапынан халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын қатаң бақылауға алу да халықаралық талаптар деңгейінен шығудың бір қағидасы. Кедендік амалдар бойынша тізбеге енгізілген 11 қызмет түрі өркениеті жоғары елдерге ортақ шарттар сүзгісінен өтуде. Бір ғана мысал, барынша жеңілдетілген әдістер мен жүйелер қолданысынан соң, біздің департаменттің қызмет аумағында тауардың экспортқа шығуы 2 сағаттың көлемінде жүзеге асырылса, импорт амалымен ресімделетін бір тауар декларациясына орташа есеппен 16 сағат жұмсалып отыр.

СЫРТҚЫ САУДАНЫҢ АУҚЫМЫ АРТТЫКеден қызметі тек кеденшінің әрекетімен ғана шектелмейді, бұл – сан салалы қызмет. Бизнес өкілдерінің тарапынан белсенділік, екі жақты тиімді ұсыныс пен әрекет қана бізді ортақ тиімділікке жеткізе алады. Департамент жанынан құрылған Консультативтік кеңес екі тарапты мәмілеге келтіретін бірден-бір кездесу орны. Барлық жаңалықтарымыз осы кеңесте таныстырылады, түйткілді мәселелер де осы кеңестің кездесуінде талқыланып жүр.

Қазақстанның үлкен интеграцияға – Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруге ұмтылуы біздің кәсіпкерлер мен отандық тауардың мүмкіндігін кеңейтуді мақсат етеді. Біздің өлкеміздің сыртқы рынокқа шығатын тауарлары, негізінен, шикі мұнай, мұнай газдары, уран, күріш және балық екені белгілі. Экспорттың басым бөлігі, яғни 27 пайызы Қытайға шығарылады, Швейцарияға жөнелтілетін тауар көлемі – 29, Италияға 6 пайызды құрайды. Тауарлар түрін жіктегенде: экспорттың 81 пайызы шикі мұнайға тиесілі, 14 пайызды үлесті уран алады. Сыр бойының дәстүрлі өнімдері күріш пен балық, әзірге экспорттың 1 пайызына ғана ие. Жалпы біздің күрішіміз ТМД мемлекеттеріне көптеп шығарылады, ал Арал балығына Австриядан, Грузиядан, Даниядан және Польшадан сұраныс бар.

Импортталатын тауарлар ассортименті, әрине, кеңірек. Алайда, өңірімізде кен орындарын игеріп отырған компаниялар көп болғандықтан, басым үлеспен арнаулы техникалар, жабдықтар, қондырғылар әкелінеді. Өндіріс үшін қажетті тауарлар қатарында барлық импорттың 6 пайызын құрайтын пластмассадан жасалған бұйымдарды, химикаттарды (4 пайыз) және тыңайтқыштарды (2 пайыз) атауға болады. Халық тұтынатын тауарлар қатарында, мысалы, Украинадан жиһаз импортталады. Импорт тауардың 55 пайызы Қытайдан, 12 пайызы Түркиядан әкелінеді, бұлардың көбі жоғарыда айтылған мұнай өндіруші кәсіпорындардың өндірісіне қажетті заттар. Ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыш, мәселен, Өзбекстаннан келеді, мұнай өндірісінде қолданылатын химикаттар Қытайдан. Облыс басшылығының жан-жақтылық саясат пен тегеурінді әрекетті басшылыққа алуы негізінде, соңғы уақыттарда біздің өлкеміздің қажеттілігін өтеп қана қоймай, таралуы Қазақстан аумағын қамтиды деуге болатын бірнеше ірі инновациялық жобалар қолға алынды. Олардың қатарында "Шалқия” кен орнын байыту, ілеспе газды өңдеуді ұйымдастыру, электр станциясы құрылысын салу сияқты шаралар нысанаға алынған. Облысымыздың табиғи ерекшеліктерін ескерген шыны зауыты, мия түбірін өсіру және өңдеу сияқты жобалардың өзі кәсіпті дамытудың келешегі туралы сенімді молайтады.

«Қорқыт Ата» әуежайы халықаралық мәртебе алады деп күтілуде. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жаңа әуежай құрылысы биылғы жылы басталса, келесі жылы біздің кеденшілер үшін жаңа жұмыс бағыты өрбиді деген сөз. Жалпы Қызылордада түрлі кәсіптің көсегесін көгертуге болады. Жергілікті өнімді сырт ел дәріптейтіндей дәрежеге жеткізіп, сыртқы сауда аясын кеңейтсек, біздің әрқайсысымыз әлеуеті мықты елдің, өркениетті мемлекеттің азаматымыз деп мақтана алатын боламыз. Кәсіпкерге қолайлы жағдай жасауға, өз кезегінде, кеден қызметі әрқашан да әзір.

Нұрлан ОТАРОВ,

Қызылорда облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің бастығы.


ҚОҒАМ 22 мамыр 2014 г. 907 0