Жүгері дақылы – қазаққа таңсық емес, ертеден-ақ оның ас-ауқат ретінде кеңінен пайдаланылып келе жатқандығы белгілі. Ғалымдардың бұл дақылды планетамыздың ең ежелгі нан өсімдігі деген пайымдаулары да бекер болмаса керек. Мына нарық заманында жүгерінің жас собығын пісіріп, кепкен дәнін қуырып саудалап жүргендер де кезігеді. Несі бар, еңбек еткен адамға несібе нәпақа. Ал жүгерінің құнарлы мал азығы екенін екінің бірі біледі.
Кешегі кеңестік кезде жүгері көптеген шаруашылықтарда молынан егіліп, пайдаланылып жүрді. Дәнін – мал жеміне, балауса құрағын силос, сенаж тәсілімен жыл бойы әжетке жаратты. Ал қазіргі жағдайда, егу мен күтіп-баптауының агротехнологиясы күрделілеу, көптеген арнаулы техникаларды қажет ететіндігінен болар, жүгері жарықтығыңызды егушілер қатары сирексігендей көрінетін. Алайда, мына бір жаңалықты естіп, кәдімгідей елеңдесіп қалдық. Жаңақорған ауданы, Кейден ауылының әкімі Бақтияр Тоқтыбаев: «Ауылымызда жүгеріден сусын шығаратын зауыт ашылады», деді бірде. Оның да сәті келіп, бардық, көрдік. Аудан әкімі Ғалым Әміреев кәсіпкерлікті өрістетуде тың жаңалыққа жоғары баға берді.
«KÁÝSAR» жүгері өңдеу және сусын өндіру кәсіпорыны ағайынды Қасым мен Сейтмұқанның бірлескен жобасы екен. Бұл өзі кенеттен ойға келе салған кәсіп емес, кешегі тоқырау жылдарынан бері бастау алған шаруа секілді. Осы отбасы 1997 жылдан бастап ауыл маңындағы алқапқа ақ жүгері егеді. Шамамен 10-15 гектар. Гектарынан 30 центнерден өнім алғанның өзінде 30-40 тонна дән жиналып қалады. Осыны ағайынды диқандар қыс бойы сақтап, көктемде базарға шығарады. Не үшін дейсіз ғой, наурыз көже бар емес пе, міне, осы ұлттық тағамның басты шикізаты ақ жүгері. Біртіндеп дәнді түйіп сатса, тіпті өтімдірек боларын білген ағайындар арнайы түю станогын алып, оны да іске қосады.
– 1000 келі дәннен 700 келі таза өнім алып жүрдік. Кейіннен сапалылығын арттырып, 550-ге дейін жеткіздік. Алайда, бертінде шекара ашылды да, нарықтық бәсекеде өзбекстандық әріптестерімізге есе жібере бастағанымызды аңғардық. Осының салдарынан шығарған өніміміз арзандап, өзіндік құнынан артылмай қалды. Жаңаша ізденіске тағы тәуекел жасадық, – дейді Сейтмұқан Әбжаппаров.
Осыдан бастап, өнімді шикілей емес, дайын өнім күйінде нарыққа шығару жобасы іздестіріледі. Нәтижесінде Ресейден 1 станок, Қытайдан екінші станокты сатып әкелуге тура келді. Бұл жерде өз қаржыларына қоса кәсіпкерлікті қолдау палатасы арқылы 3 млн теңге грант жеңіп алса, өңірлік «Даму» мекемесі арқылы 3 млн теңге қаржыға қол жеткізді. Ал цехтың негізін қалайтын құрылымдардың жалпы құны аз емес, оған қоса қазандықтың өзі 8 млн теңгені құрады. Осылайша ауылдан жүгері дәнін өңдеу мен сусын шығару цехы іске қосылды. Онда әзірге 5 адам жұмыспен қамтылып отыр.
– Өзімізден бөлек, ауылдастарымыз жалпы көлемі 100 гектардан астам ақ жүгері дақылын егеді. Олардың да өнімдерін біз сатып алып, өңдеу жұмыстарына пайдаланамыз. Дәннің сығылған суына түрлі қоспалар қосылады. Мұны біреулер бұрынғы қалыппен «ашытпа» деп те жатыр. Қазақ тамақ өнеркәсібі академиясына тексертіп, рұқсат алдық. Сонан соң саудаға шығару үшін облыстық стандарттау, сертификаттау мекемесіне де тіркелдік, – дейді кәсіп иесі. Жүгерінің құрамында А, В, С, Е дәрумендері, фолацин, ниацин, тиамин, калий, магний, крахмал, протеин, қант, түрлі пайдалы майлар, аскорбин қышқылы және минералды тұздар жеткілікті болатын көрінеді.
«Жүгеріні жиі пайдаланатын болсаңыз, холестерин деңгейін, асқазан жолдары қызметін реттейді. Оған қоса, жүрек-қан тамырлары жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне септігін тигізіп, теріге, шаштың өсуіне оң әсер етіп, қартаюдан сақтайды. Құрамындағы В дәрумені ұйқысыздық, мазасыздықпен күрессе, С дәрумені иммунитеттің көтерілуіне, Д дәрумені тіске, сүйектің қатаюына көмектеседі. Ал бетіңізге жүгері маскасын жасар болсаңыз, ажарыңызды келтіріп, теріңізді ағартады», деп сайрап тұр анықтамалық. Сондай-ақ, бауыр ауырса, піскен жүгері шашағын немесе талшығын пайдалану керек. Ол аптеканың дәрісінен әлдеқайда пайдалы деп кеңес береді мамандар.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы,
Кейден ауылы.