« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Сейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сырдария ауданында жұмыс сапарымен болды. Аймақ басшысы мемлекеттік бағдарламалар бойынша аудан аумағында ұсынылған жобалармен танысып, өңірде әлеуметтік-экономикалық дамуды саралаған мәжіліс өткізді. Сондай-ақ Ұлттық бірыңғай тест өткізуге дайындық барысымен де танысып, спорт саласында пайдалануға берілген ғимараттың ашылу салтанатына да қатысты.
Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың жұмыс сапары Тереңөзек кентінде ашылғалы отырған спорттық сауықтыру кешенінен бастау алды. Өздеріңізге мәлім, Елбасы Жолдауында 2020 жылға дейін бұқаралық спортты 30 пайызға дейін жеткізуді тапсырған болатын. Осыған орай Сырдария ауданында бұл салаға соңғы жылдары ерекше мән берілуде. Содан да қазіргі таңда аудан бойынша бұл көрсеткіш 24 пайызға жетіп отыр. Ауданның 9208 тұрғыны жүйелі түрде спортпен айналысады екен. Бір ғана дерек. Сыр елінің мақтанышы "Сырдария” көгалдағы хоккей спорт клубы жоғары дәрежеде ойын көрсетіп, ел абыройын асқақтатып келеді. Өткен жылы осы кәсіпқой спорттық клубының ерлер, әйелдер командалары Қазақстан чемпионатында І орынды иеленсе, Ресей чемпионатының жоғары лигасына қатысып, бас жүлдені қанжығаларына байлауы да тектен-тек болмаса керек.
Аймақ басшысы бас мердігер "Айдана” ЖШС шаңырағын көтерген спорттық сауықтыру кешенін салтанатты жағдайда ашып берді. Жобалар құны 119,4 млн. теңге тұратын спорт кешенінде футбол, баскетбол ойнайтын спорт залы, бокс, күрес, таэквондо, каратэмен айналысатын жекпе-жек залы, сондай-ақ жаттығу залдары бар екен. Тереңөзек кентіндегі бұл екінші спорт кешені. Оның бірі облыстық бюджеттен, ал екіншісі аудандық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен бой көтеріп, ел игілігіне ұсынылған.
Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында жалпы құны 51,3 млн. теңге тұратын орталық стадионға жүргізілген қайта жаңғырту жұмыстарымен танысып, спортшы жастармен ашық әңгімелесті.
– Спорт – сұлулық, спорт – денсаулық, спорт – замана тынысы. Сыр елі жастары – еліміздің ертеңі. "Дені саудың – жаны сау” дегендей, сырдариялық спортшылардың келешектері кемелдене береріне мен бек сенімдемін, – деп аудан тұрғындарын бұқаралық спортпен шұғылдануға шақырды.
Сапар барысында ҚР Мемлекеттік бағдарламалар бойынша аудан аумағындағы ұсынылған жобалармен аудан әкімі Ғ.Қазантаев таныстырды. Нақтылай айтар болсақ, "Қолжетімді тұрғын үй-2020” бағдарламасы негізінде жалпы сметалық құны 377,2 млн. теңге тұратын 18 пәтерлі 7 үй, 24 пәтерлі 2 үй салу жобасы ұсынылып отыр. Сондай-ақ, 5 екі бөлмелі және 5 үш бөлмелі үй салу жобасы да бар. Бағдарламалар бойынша тиісті құжаттар облыстық құрылыс басқармасы арқылы тиісті министрлікке өткізіліп, жұмыстар жүргізілуде екен. Ал, "Ақбұлақ” бағдарламасы бойынша сметалық құны 541,3 млн. теңге тұратын жалпы ұзындығы 49,5 шақырым, ауылішілік желілері 26,8 шақырым, тұтынушы тұрғын үй желілері 22 шақырымды құрайтын ауыз су желісін Аманкелді мекеніне тарту жобаға енгізілуде. Сондай-ақ, Бесарық, Ақжарма, С.Сейфуллин ауылдарындағы тұтынушы үйлерге ауыз су жеткізу, қайта жаңғырту жұмыстарын да жүргізу жобаланып отыр.
"Жұмыспен қамту-2020 жол картасы” жобасы негізінде білім саласы бойынша алты, мәдениет саласы бойынша бес, автокөлік жолдары бойынша 44, елді мекендерді абаттандыруға екі жоба ұсынылып отырса, "Тұрғын үй-коммуналдық және ауыл шаруашылығын жаңғырту бағдарламалары” бойынша Тереңөзек кентіндегі 4 тұрғын үйді қайта жаңғырту жобасы әзірленген. Сондай-ақ, "Жалын” тынығу лагерін абаттандыруға, жылу қазандығы мен жүйесін жүргізуге, орталық стадион алаңын қайта жаңғыртуға, Сырдария аудандық әкімдігі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен қаржыландыруға сұраныс та жасалған.
Жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Үміт Жұмабаева Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстарымен таныстырды. Аудан бойынша биылғы жылы 411 оқушы мектеп бітірмек болса, оның 298-і Ұлттық бірыңғай тестке қатысуға тілек білдіріп отыр. Яғни мектеп бітірушілердің 72,5 пайызы өз білімдерін сарапқа салмақ. Олардың оны "Алтын белгі”, ал біреуі үздік аттестат алуға үміткер.
Аудан бойынша биылғы жылы 6 мектеп, 2 балабақша және "Жалын” тынығу лагерін күрделі жөндеуден өткізуге облыстық және аудандық бюджеттен 250 млн. теңге қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары басталмақ. Сондай-ақ, үш ауысымды оқытудан арылып, 3-5 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту биылғы жылы 91,3 пайызға жеткізілмек.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев "Алтын белгі” үміткерлерімен ашық-жарқын әңгімелесіп, оларға тілегін жеткізді.
Аймақ басшысы жұмыс сапары соңында білім саласы қызметкерлері және де ардагер ұстаздармен сұхбаттасып, білім саласы жөніндегі ой-талғамдарын таразыға салды.
– Өздеріңізге мәлім, Елбасымыз білім беру жүйесін жетілдіруге байланысты 7 тапсырма берген. Осыған байланысты Сыр аймағында игілікті істерді қолға алып жатырмыз. Нақтылай айтар болсам, білім саласын жандандыруға жергілікті бюджеттен қыруар қаржы қарастырудамыз. Яғни, 25 апаттық мектепті қалыпқа келтіреміз, келесі жылы апаттық мектеп болмайды деген болжам бар. Сондай-ақ, таяу арада үш ауысымдық оқуға да шектеу жасалады. "Балапан” бағдарламасы негізінде 2015 жылы сәбилер балабақшамен толықтай қамтамасыз етілмек. Демек, ұстаздар қауымы оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына барынша жағдай жасауы тиіс. Өйткені еліміздің болашағы – бүгінгі бүлдіршіндер. Айтқандай, таяуда өткізілгелі отырған Ұлттық бірыңғай тестке дайындыққа баса мән беріп, табыспен аяқтауға тиіспіз. Тұрмысы төмен жанұя балаларына әлеуметтік қолдау бағытында 300 грант тағайындап қойдық, – деген облыс әкімі білім беру саласы жұмысын жандандыру күн тәртібінен түспейтін мәселе екендігіне баса назар аударды.
Кездесу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Әбенов, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұ.Жаналиева, аудандық білім саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Ж.Ерманов сөз алып, аудан аумағында атқарылып жатқан игілікті істерді тілге тиек етіп, аймақ басшысына өз ризашылықтарын жеткізді.
Еркін ӘБІЛ.
Сырдария ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |