« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Біз үшін жергілікті уақытқа бейімделу алғашқыда ауыр тиді. Үш сағат айырмашылық кәдімгідей күйзелтіп қойды. Оның үстіне ертелі-кеш күннің көзі бір ашылмай тұр. Үздіксіз жаңбыр бүркіп, табиғат тұнжырайды. Ауа райының бұл болмысы көңілді де жабырқатып жібергендей. Мейлі қала, мейлі қалама, біздің қолдан келер шара жоқ, күз мезгілі сенімен санаспайды.
Динара Асқарқызының қызылордалық студенттермен алдын ала келісіп қойғаны тіпті қатып кетті. Телефонмен ұдайы тілдеседі. Әрбірінің мүмкіндігін саралайды. Не керек, олардың сабақтан кейінгі бос уақыты кешкі 17.00 болды.
Мәскеу халқының ұстанымында бір күнге екі мәселеден артық іс жоспарлау қисынға келмейді. Себебі жарты уақытың жолда өтеді. Сондықтан алдыңа екі сағат салып қимылдамасаң, діттеген жерге жету қиынның қиыны. Бізге белгілі осы жәйт, алаңсыз отыру жоқ.
Студенттермен кездесу МИСиС оқу ордасы деп белгіленді де, оған ерте қамдануға тура келді. Бас ғимараттың еңселі №111 аудиториясын бір сағатқа босататын болып, институт басшылығы шешіп қойыпты. Ендігісі – тек тәуекелге тілек арту.
Біз құралақан емеспіз. Елдің дәмін көтеріп келдік. Ауылын сағынған азаматқа шоқта піскен бір үзім нанның да дәмі бөлек. Соны білгендей, Бибісара шелпек, қазы пісіріп шықты. Мәди Аралдың ақ сазанын арқалап, Дәурен Қазалы кәмпитінен сауғасы бар. Нұрболаттың сөмкесі ірімшік пен қауынқаққа, құрт пен қауынқұртқа лық толы. Сырдың құмында тамырлаған қарбыз да қоржында. Былайша айтқанда, бөтен елдегі бауырларға барымызбен базар жасағымыз келеді. Сөйтіп аудиторияның бір бұрышын дастарханға бердік.
Мұндағы студенттердің басын қосып, «Орда» ұйымына біріктіріп жүрген екі азаматты айрықша таныдық. Бірі – МИСиС магистранты Асылан Қасен, екіншісі – К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің төртінші курс студенті Айсана Өрікбай. Олар жерлестерін жақсылыққа бастаған белсенді жастар.
Елде жүргенде елей бермейтін ерсі қылығымыз келмеске кетті, енді ет жақын туысты тапқандай бүйрек барынша бұра бастады. Қаумалдасып, тонның ішкі бауындаймыз. Таң-тамаша! Әне бір бұрышта Нұрлат отыр, қасында жаңақорғандық Анастасия. Нұрболат та ауылдастарымен құда болатын кісіше арқа-жарқа. Дастанның әуежайға кеткенін қарашы, қармақшылықтар оны сабылып іздеп жүр. Сексенге таяу студенттің жатырқауды қойып, жақындауға тырысқан ниеті әп-сәтте осылай шаң берді. Оу, мынау Көмекбай Ермекұлы ғой, өзіміздің белгілі журналист Гүлжазира Жалғасованың ұлы. Сексенімен сұраса берсең қарынбөле болатындай бауырмалдық бар. Бір жағынан бөле-жаратын ештеңе жоқ, бәрі бір қазақтың баласы.
Иә, біз бұларды бақытты ұрпақ санаймыз. Себебі жеткілікті. Айталық, 2014 жылы облыс әкімдігі мен Ресейдің маңдайалды жоғары оқу орындарымен меморандумға қол қойылды. Онда мектеп түлектерінің ең үздіктерінен аймаққа кадр дайындау негізге алынды. Солардың қатарында Мәскеу ұлттық технологиялық университеті, К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті, Санкт-Петербург мемлекеттік өндірістік технология және дизайн университеті бар. Соның жемісін айтсақ, облыс мектептері түлектерінің 436-сы Ресей Федерациясы үкіметінің гранты есебінен білім алып келеді. Биыл 74 түлек оқуын тәмамдап, оның 13-і жұмысқа қабылданды, 42-сі магистратураға оқуға түсті. Дәл осы жылы 58 мектеп түлегі тағы да оқуға қабылданды. Бұл деген береке ғой, облыс басшысының облысқа салған олжасы емес пе? Білімді жастарды қолдауы және қамқорлығы дер едік! Мұндай мүмкіндік болды ма, әрине бақытты ұрпақ үшін берілген сәтті жолдама!
Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеулер университетіндегі (НИТУ МИСиС) кездесуде облыс әкімінің кеңесшісі Динара Бисембина мен «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Қаныбек Әбдуов білім жолында жүрген жастарға табыс тілеп, еркін сұқбатқа шақырды.
Алдымен Асылан сөз алды. – Мен бес жыл ішінде бірде-бір губерния, не аймақтан арнайы өкіл келіп, жерлестерімен кездескенін көрген емеспін. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Мәскеуге жасаған жұмыс сапарында бізбен дидарласпай кетпейді және үнемі қамқорлық танытады. Бұл жағдай өзгеге өнеге, бізге рух сыйлайды. «Басшың бар ма, бұқараны ойлайтын» дейтін еді шайырлар, елмен етене елағаның елдік асыл мұраты студенттерді жігерлендіреді, оқуға деген ынтасын жаниды. Біз Сырдың бекем болашағын үздіксіз жалғауға дайынбыз, – деді ол. Мұнан кейінгі кезек Айсанаға тиді. – Жақында елші И.Тасмағамбетовпен кездестік. Ол кісі де халықшыл адам ғой, бізді бауырына тартып, ыстық ықыласпен қабылдады. Емен-жарқын жүздесуде менен: «Қай жақтың қызысың?» деп сұрады. Мен: – Сұлу Сырдың бойынан, – дедім. Елші аға: – А, Қырымбектің қызы екенсің ғой, – дегенде сөзін жұлып алғандай мен: «Әрине, солай» деппін. Мұндағы айтпағым, бізді әке-шешеміздей аялап, білім алуға бастап, демеп, сүйеп жүрген жайсаң кісі әрбірімізге ардақты. Алдағы уақытта магистратура оқығым келеді. Сөйтіп туған жерді түлетуге, аға аманатын орындауға атсалысамын, – деді. Дәл осындай пікір мен тілекті іні-қарындастар ақ пейілден ағытып жатты.
Одақтық
журналистиканың
ордасы
Мәскеуге барған әрбір қандасқа бес орынның бағасы биік. Соның бірі – жан қысылғанда бас тірейтін Қазақстан елшілігі. Бірақ бізді толғандырған мәселе болмады, сондықтан елшіліктің есігін ашқан жоқпыз. Екіншісі – қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлова атындағы №402 гимназия еді, оған бардық. Үшіншісі – Шығыс жастарының жетекшісі Ғани Мұратбаевтың зиратына тағзым жасау болатын, парызымызды өтедік. Ресей Федерациясының үкіметі грантымен оқып жатқан қызылордалық жастармен жүздесу – төртінші міндет-тұғын. Оны да орайластырдық. Бесінші бағдар – Абай Құнанбаев ескерткішіне бару қалды. Олай болса, кеттік достар!
Әлем әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гётемен бір тізбекте тұрған классик ақынды күллі жұрт біледі. Оның әдеби мұрасы тек рухани қазына емес, терең философия! Сондықтан ол адамзаттың Абайына айналды.
2006 жылы Ресей астанасы Мәскеудің «Чистые пруды» бульварында Абай ескерткіші ашылды. Ескерткіш Қазақстан елшілігі маңайына қойылған. Оны орындаған авторлық ұжымның ішінде мүсінші Марат Айнеков, дизайнер Тимур Сулейменов, суретші Эдуард Дробицкий, сәулетші Вячеслав Романенко болды. Әрине, қазір айту оңай, кезінде көп күш жұмсалғаны ұмыт қалмағаны да керек. Абай арқылы қазақ әдебиеті әлемге есік ашса, келесі кезекте ақынның асқақ тұғырын өзгеге таныту – бүгінгі ұрпақ міндеті. Бір қызығы, ұлы Абайды ұлықтап, еңселі ескерткіш қою Қырымбек Көшербаевтың елші қызметінде жүргенде жүзеге асыпты. Демек, Қырымбек Елеуұлының сіңірген еңбегі өлшеусіз екенін айтқан ләзім.
Ескерткіштің орны жәй таңдалған жоқ. Халық жиі серуендейтін, у-шудан шеткері «Чистые пруды» бульварында рухани қуат алатын патшалық кезеңнен сақталған көне ғимарат та, жабайы үйрек-қаз еркін жүзген айдын да бар. Табиғаты мен тарихы үйлескен тамаша орыннан біз де үлкен әсер алдық. Ең бастысы, «жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегенге көзім жетті.
Біздің келесі бағыт М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, оның ішінде «Моховая, 9» атауымен көпке таныс журналистика факультетінің ғимараты болды. Ғимарат көненің көзі, 1833 жылы архитектор Е.Д.Тюрин мен К.М.Быковский жетекшілігімен салынған. Дәл осы ғимаратта – педагог-демократ Константин Ушинский 1840-1844 жылдары оқыған.
Журналистика факультетінің тарихына келсек, алдымен 1947 жылы министрліктің тапсырысымен филология факультетінің бөлімі, сосын 1952 жылы кешкі және сырттай бөлімі бар факультетке айналған. Қазір атағы дардай мамандық иелері осы оқу орнының түлектері. Білуімізше, жылына бюджет есебінен 196, ақылы негізде 75, кешкі бөлімге 40 студент қабылдайды.
Қала орталығы саналатын, Қызыл алаңмен жапсарлас жатқан оқу корпусының алдында М.Ломоносовтың тас тұғыры тұр. Айналасы орындық, жағалай егілген ағаш. Жастар еркін сұхбаттасып, сырласып отыратын жайлы жер. «Студенттер арасында қазақ бар ма екен?» деген ой туды да, іздестіріп жүрміз. Алғашқы кездескен қараторы келген бойшаң қызға елпеңдеп жетіп бардық.
– Қазақсыз ба?
– Нет.
– Тогда...
– Калмышка.
– Аа. Мендүт.
Мұнымыз «сәлеметсіз бе?» дегеніміз.
– Мендүт.
– Есіміңіз?
– Намджил.
– Сіздерде рахмет деген қалай?
– Хенжанав.
Осылай қалмақ қызымен қысқа ғана танысып алдық. Бір қызығы, қалмақ тілінде де ү, ұ, ө әріптері бар.
Айтпақшы, қазақ демекші, осы жерде ҚазМУ-да ұстаз болған доцент Сәкен Нұрбеков ұшыраса кетті. Докторантурада жүр екен, құшақтасып қалдық. Оның айтуынша, мұнда кітап қоры көп, ақпаратқа қолжетімді болып шықты. Ұстаздардың да өте қарапайым қасиетке ие, үнемі жылы қабақ танытатыны, студенттермен құрдасындай араласатыны айтылды. Біз уақытты ұттырмай конференция залына еніп кеттік. Әлемнің 10-нан астам елінен, сондай-ақ Ресей және ТМД медиасарапшыларынан 150 қатысушыны жинаған конференцияны журналистика факультетінің деканы, профессор Елена Вартанова ашып, алыс-жақын шет елдерден келген қонақтарды таныстырды. Шет елдің қай тіліне де ағып тұрған деканның сауаттылығына қызыға да, қызғана да қарап отырмыз.
– Журналистика тың бетбұрыстармен бетпе-бет келді. Енді жаһандану жағдайында БАҚ дамуы қалай жүреді? Оған цифрландырудың әсері қандай? Осы сұрақтарға бірге жауап іздеп, тиімді жол табу үшін жиналдық, – деді профессор.
Италияның Перуджи университетінің профессоры Паоло Манчини дәстүрлі басымның бүгіні мен бұқаралық медианың перспективаларына тоқталды. Сондай-ақ, қоғамдық-саяси коммуникация жүйесінде ақпарат құралдарының рөлі, жаңа медиа аудиторияның назарын аударатын элементтер мен жарнамаларды орналастыру және т.б сөз етті.
Ал, Хельсин университетінің (Финляндия) профессоры Ханну Ниеминен: – БАҚ қоғамға объективті, жедел ақпарат таратудың жолын іздеуде. Осы ретте, масс-медиа элементтерін біріктіре алатын әлеуметтік желілер басымдыққа ие бола бастады. Яғни, редакторлық бақылау мен түзеуден өтпейтін блогерлердің ақпарат таратуда белсенділігі байқалуда. Дегенмен ақпарат шынайы және ұғынықты болу үшін жеделділікпен қатар сауаттылық та қажет, – деді.
Мұндай ойды Нортумбрия университетінің профессоры (Англия) Массимо Рагнед те қолдап, жаңа медианың проблемалары мен перспективаларына кеңірек тоқталды.
Шындығында, жаһандану дәуірінде жаңалық таратудың тиімділігін арттыру мәселесі өте өзекті. Бұл секциялық жұмыстарда айқын талқылауға ұласты. Онда ғалымдар мен студенттер әлеуметтік сауалнама және ғылыми зерттеу бойынша жасалған тұжырым ортақ ойды біріктірді.
Ал, «ТМД көлемінде журналистік білім беру мәселелері» атты дөңгелек үстелде журналистика саласының өзекті мәселелері жан-жақты ашылды. Журналистика және бұқаралық коммуникация университетінің (Өзбекстан) ректоры Шерзод Кудратходжаев, Беларусь мемлекеттік университеті журналистика факультетінің деканы Ольга Михайловна, Тампере университетінің (Финляндия) профессоры Каарле Норденстренг, Қырғыз-Ресей университетінің профессоры Алексей Куликовский, Санкт-Петербург университетінің профессоры Анатолий Пую және т.б қатысқан шара талқылаудан гөрі өз тәжірибелерімен бөлісті. Мысалы, профессор А.Пую: – Ресейде журналистика мамандығын алуға ынта артты. Тіпті құжат қабылдағанда бір орынға 45 үміткер болды, – деді. Дәл осындай пікірмен профессор Ш.Кудратходжаев: – Өзбекстанда бір орынға 3-4 адам таласады. Бұл – 33 млн халық үшін жақсы нәтиже. Бізде квота жоқ. Есесіне 8 студентке бір ұстаздан келеді. Сабақ еуропалық үлгіде, ашық алаңда жүргізіледі, – деп түйіндеді.
Облыс әкімінің кеңесшісі, Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі Динара Асқарқызы жаңа медиа және олардың жұмыс жасау принциптері, цифрландыру аудиторияны қалай өзгертті, жастар аудиториясын тартудың тиімді жолдары жөніндегі ойын ортаға салды.
Жалпы, бізді Мәскеудегі жаңа медианы қолдану аясы қызықтырды. Бұл жерде студенттердің күнделікті медиа жұмыстарына араласуға мүмкіндігі мол. Журналистика факультетінің мультимедиялық орталығында студенттер аудио, видео хабарлар дайындап, әлеуметтік желіде үздіксіз хабар таратады. Яғни, шеберлікті практикалық жұмыс арқылы шыңдайды. Конференция соңында журналистика факультетінің деканы, профессор Елена Вартанова: – Осында ірі шараға арнайы қатысқан Қызылордадан келген журналистерге ризашылығым шексіз. Заман талабы мен уақыт үндестігіне үңілген журналистердің білімге құштарлығы құптарлық, – деді.
Иә, екі күндік конференция көтерген келелі мәселелер бізді бей-жай қалдырмады. Менің есімнен Пуюдің сөзі кетпей қойды: «Бірінші курс студенті ІТ технологиясы бойынша ұстаздан артық біледі» дегені ойланарлық жағдай. Не десек те, біз уақытқа бейімделуіміз керек.
Шереметьево әуежайы. Қою қараңғылық. Жолаушыдан көз сүрінеді. Әуежай іші ірі сауда орындарына толы. Бәрі еуро, доллар, рубльмен саудаласады. Бәлкім, әуежайдың халықаралық дәрежесі болғасын солай шығар. Былай қарағанда, бәрі қызық, қала көрген, жақсыны білген.
Қаныбек ӘБДУОВ,
журналист.
Қызылорда-Мәскеу-Қызылорда.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |