« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қызылорда облысында еңбек өтілі бес ғасырға жетіп жығылатын ұстаздар әулеті тұралы. Ұлағатты ұстаздардан құралған өнегелі отбасының қырыққа жуық мүшесі осы саланың маманы. Жуырда Астана қаласында өткен «Еңбек жолы» республикалық байқауында Сыр өңірінің намысын қорғап, лауреат атанды.
Ибрай ақсақалдан тараған ұрпақтар ел абыройына бөленіп, ұстаздық жолды жалғап келеді. Әсіресе, соңғы жылдары әулетке келген келіндердің де мамандығы ұстаздық.
Қармақшы ауданында тұратын №99 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Райла Едігееваның айтуынша, ұстаздар әулетінің келіні болғанын мақтан тұтады. Бүгінде ол облыстағы тәжірибелі әрі озат мұғалімдердің бірі. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, бастауыш оқу ісінің орынбасары қызметтерін атқарды.
«Ибраевтар әулетіне келін болып түскенімде әулетте жеті ұстаз ұстаз бар екен. Мен сегізінші болдым. Ұстаздық жол – даналық жолы. 35 жылдан бері халықтың баласына осы даналық жолды іздеп табуына жол ашып келемін. Еңбек жолымды Арал ауданынан бастағанмын. «Ел тірегі қазақы қалпың барда, қазақтың әрбір үйі алтын орда» демекші, мен сол ордадағы абыройлы қызметті – ұстаздар әулетін жалғастырушы болдым. Өзім келін болып түскен Ибраевтар әулетінде бүгінгі таңда отыздан аса ұстаз бар. Әулеттегі ұстаздық жолды бастаған үлкен атамыз Ибраев Асан ата болатын. Ол кісі соғыс және еңбек ардагері. Саналы ғұмырын Арал ауданына қарасты Шижаға, Сазды елді мекендерінде сонау 60 жылдардағы ауыл балаларының көзін ашқан алғашқы ұстаздардың бірі болды. Асан атамыз ұстаздықпен қатар ауылдағы мектепте директор қызметін де қоса атқарды. Кейін сол ізді Ибраев Өмірзақ атамыз жалғастырып, еңбек демалысына дейін Аралдағы №57 орта мектепте мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыройлы атқарған адам. Бес атадан тараған шаңырақтың барлығында жеті-сегізден ұстаз шыққан», – дейді Райла Едігеева.
Ибраевтар әулетінің мүшелері республикамыздың, соның ішінде Сыр өңірінің түкпір-түкпірінде осы саланы игеріп жатыр. Атап айтсақ, Асан атаның қызы Бағдагүл бен жолдасы Сахарап Жамбыл облысында мектеп басшылығы қызметін атқарыпты. Өмірзақ атаның баласы Мүбәрәк та ауыл балаларына ұстаздық ұлы қызметті арнаған асыл азамат. Аралдағы Е.Көшербаев атындағы №57 мектепте қазіргі таңда төрт мұғалім жұмыс істейді. Сол әулеттің келіні Бағдат Бақбергенова бастауыш сыныптарға сабақ беріп, еңбек демалысына шықты. Ұстаздар әулетінің бір бөлігі – Арал ауданына қарасты Тоқабай елді мекеніндегі №248 мектеп мұғалімдері. Әулеттің бетке ұстар азаматы Сағат Ибраев 25 жылын дене тәрбиесінен сабақ беруге арнаған екен. Жауапкершілік жүгін арқалаған азаматтың ізін отбасындағы Асылан жалғастырып жатыр. Сонымен қатар, атадан мирас болған абыройлы жолды әулет қыздары Гүлзира, Жадыра, Нұрзат Ақтөбе қаласында, Айгүл, Әсел Қызылордада, Айзат Аралда еңбек етеді. Киелі Қармақшы ауданында №279 мектепте Октябрь Ибраев дене тәрбиесінен, оның жары Гүлбану Асылбекова өзін-өзі тану пәнінен сабақ береді. Биылғы оқу жылының өзінде Қанат, Ғанибек есімді жастар да ұстаздық жолға түсті. Әулет келіндері: Бағдат, Райла, Гүлайраш, Айгүл, Қымбат, Баян, Самал, Шынар, Жанерке, Жұлдызайлар да шәкірттерге білім мен тәрбие беруде.
«Жылдан-жылға ұстаздар әулетін толықтырушылар қатары көбейіп келеді. Биылғы жылдың өзінде Өмірзақ атаның немересі Жәнібек пен Гүлзат Сағатқызы педагогикалық мамандықта оқып жатыр. Бір кездері бұлар да біздің мақтанышымыз болады. Бес ғасырға жуық, нақтырақ айтсақ, 495 жылдық еңбек өтілі бар Ибраевтар әулеті халқымыздың мақтанышы болуға лайық. Ал тек бір ғана Шижаға мектебінде жұмыс істеген әулеттің мүшелерінің еңбек өтілі 158 жылға толады. Ата-бабамыздың рухын жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа жеткізу – менің міндетім», – дейді Райла Едігеева.
Ал Шижаға елді мекеніндегі Елеу Көшербаев атындағы №57 мектепте математикадан сабақ беретін Мереке Ибраева білім саласында жұмыс істегеніне алты жылдай болыпты.
«Мен 1988 жылы Асан атаның отбасында дүниеге келгенмін. Үшінші немересімін. Жастайымнан атамның өсиетін естіп өстік. Соның әсері болар, мұғалімдікке бүйрегім бұрылды. Қазір оқушыларды Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындап жүрмін. Ұстаздық жолда жүріп, сый-құрметті де көріп, марапатты да алып жатырмын», – деген Мереке шәкірттерді білім нәрімен сусындатқан ұстаздар әулетінің мерейі әрдайым таси беретінін жеткізді.
Сондай-ақ, Ибраевтар Елбасының биылғы Жолдауында айтылған мұғалімдердің мәртебесін арттыру туралы тапсырмаларын қуанышпен қабылдағандарын айтты.
Фото: Автор
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |